Кездесуге «Байтақ» партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы Нәлібай Бекжан, партияның тізіміне енгізілген Сейдулла Исмайлов, кандидаттар Ерлік Құлжан, Ерік Оспанов, Әлішер Есмағанбетов және Түлкібас ауданы бойынша штаб мүшелері қатысып, тұрғындармен пікір алмасты. Кездесу барысында аудан тұрғындары тарапынан экологиялық және әлеуметтік мәселелер жөнінде бірқатар сұрақ қойылып, ұсыныстар тыңдалды.
– Мен де осы Түлкібастың тумасымын. Бізді қоршаған тау мен тастың қай қайсысы болсын, біздің балалық шағымыздың куәсі. Түлкібас ауданы – арнайы қорғалатын қорық аумағымен астасып жатқан аудан. Өкініштісі, ауданымыздың бренді болған алмасы, қызғалдағы, жан-жануары мен құстары бүгінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Оны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу сіз бен біздің қолымызда, – деді Қайрат Айтбай.
Бұдан кейін республикалық штаб басшылығы Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы қызметкерлерімен жүздесіп, мұражайды аралады. Экологиялық мәселелерді талқылады. Кейін Түлкібас ауданындағы табиғи газды тасымалдаумен айналысатын компанияға атбасын бұрып, сала мамандарына алдағы науқанның маңыздылығы түсіндірілді. Өңірде өндіріс ошақтары көп болғандықтан қазір экологиялық мәселелер де қордаланып келеді. Қоршаған ортаның тазалығы ауылдағы ағайын үшін маңызды. Сондықтан партия белсенділері аудандағы цемент және әк өндіретін зауытта болды. Еңбек ұжымымен кездесіп, тұғырнаманың негізгі бағыттары таныстырылды.
Айта кетейік, өткен ғасырдың 50-жылдары негізі қаланған өндіріс ошағы қазір жылына 500 мың тонна цемент, 120 мың тонна әк өндіреді. 600 адамды жұмыспен қамтып отыр.