Тарих • 28 Ақпан, 2023

Бозоқ: ұлттық парк – дарқан дала жылнамасы

384 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарынан бері қоғамда тарихқа деген қызығушылық артты, археологиялық және жазбаша дереккөздердің кең ауқымын зерттеуге мүмкіндік те көбейді. «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» бағдарламаларын іске асыру барысында ұлтымыздың орасан зор мәдени мұрасын зерделеудің тұтас жүйесі құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр халық өз тарихын бөтен идеологияның ықпалына түспей жазуы керек екенін атап өткен еді. Соған сай тамырын тереңнен тартатын ғылыми жұмыстар бүгінгі таңда да екпінді жүргізіліп келеді.

Бозоқ: ұлттық парк – дарқан дала жылнамасы

Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорығы «Бозоқ» ұлттық паркін құру» рес­публикалық жобасын іске асыру шең­берінде отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Еуразия­лық кеңістіктің орталығында ортағасыр­лық мемлекеттердің ескерткіші – Бозоқ қалашығын сақтау: тұжырымдама­лық тәсіл, даму перспективалары» атты ха­лық­аралық ғылыми дөңгелек үстел өткізді.

Айта кетейік, биыл еліміздің ордасы – Астана қаласына 25 жыл болса, ежел­гі Бозоқ қалашығының археология­лық қазба жұмыстарына да ширек ғасыр толып отыр. Қазір аталған ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеу­лер жалғасып жатыр. Одан бөлек ұлт­тық парк құру жобасы іске асырылып отыр. Жобаның ғылыми-зерттеу бағ­дарламалары шеңберінде өткен жылғы жұмыс нәтижелері дөңгелек үстел барысында айтылды.

Семинар жұмысына Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, К.Ақы­шев атындағы Археология ғылыми-зерт­теу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдулина, ҰҒА академигі Жа­кен Таймағамбетов, ЖБҒМ Ғылым коми­теті Мемлекет тарихы институты­ның және Ә.Марғұлан атындағы Архео­ло­гия инс­титутының өкілдері, ғалымдар мен архео­логтер қатысты. Сондай-ақ ZOOM интернет-платформасы арқылы алыс-жақын шетелдердің жетекші ға­лым­­дары – Әзербайжан Ғылым акаде­миясының Археология және этнография институтының жетекші ғылыми қыз­меткері Заур Гасанов, қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттерінің лекторы Ораз Сапашев (Түркия), музеолог, түркілер­дің дүниежүзілік мәдени мұрасын зерт­теу­ші Салих Доган (Түркия), Па­мук­кале университетінің ғылым және әдебиет факультетінің өнер тарихы кафедрасының оқытушысы Мехмет Кут­лу, Памуккале университетінің докторанты Лейла Кутлу қосылды. Іс-шара Түркия мен Сирия­дағы жер сілкінісі салдарынан қаза тап­қандарды бір минут үнсіз­дікпен еске алудан басталғанын да айта кетейік.

Бозоқ ұлттық паркін құру тари­хи-мәдени жобасын іске асыру қоры­тындылары және оның даму перспективалары туралы «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәуле Бурбаева баяндады. Спикер Бозоқтың мемлекеттілік тарихын жаңғырту жобасы ретінде 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қанат қаққанын атап өтті. Ал 2018 жылы музей-қорық құрылған болатын.

«Бозоқ – Қазақстанның дала айма­ғындағы урбанистік мәдениеттің то­лық зерттелген жалғыз ескерткіш. Архео­ло­гиялық жұмыстың жетекшісі – атақ­ты археолог К.Ақышев. Кейін оның зерт­теулерін Кемел Ақышев атын­дағы ғы­лыми-зерттеу институты жал­ғастырды. Дәл осы уақытта республика үшін әсіресе, елорда үшін перспективалы тарихи-мәдени-рекреациялық орталықтың негізгі объектілерінің құры­лысы басталды. Қазір біздің алдымыз­да ортағасырлық Бозоқ қалашығын консервациялау, 2 кіру порталы бар және инженерлік коммуникациялар жүргізілген орта ғасырлардағы архи­тектуралық стильдегі қоршаудың, ви­зит-орталықтың құрылысы, Бозоқ қала­шығының объектілерін қайта жа­ңарту (қасиетті орын, қаған ставкасы, бақылау мұнарасы) сынды міндеттер тұр. Іске асыру үдерісі музей көрмесінің жеке нысандарына айналатын тарихи құжаттар мен иконография негізінде олар­дың үш өлшемді модельдерін құру арқылы толық немесе ішінара жоғалған сәулет ескерткіштерін қайта құруды ұсынатын жаңа электронды технологиялар негізінде жасалған музейлендірудің түбегейлі жаңа аспектісін қамтиды», деді Сәуле Бурбаева.

Сондай-ақ ол музей қызметін заман ағымына, келушілердің сұранысына сай қайта ұйымдастырудың қандай өзекті мәселелеріне тоқталды.

«Біздің музейлік ғылыми-зерттеу жобаларымыз негізінен мемлекеттік бюджетке, соның ішінде гранттық бағ­дарлама­лық және жобалық қаржы­ландыры­лу­ға тәуелді болғандықтан олар­дың әртүрлі себеппен қаржы­ландырылмай қалуы немесе кешік­тірілуі мүмкін. Ал тарих-мәдени мұра нысандарының сақталуы мен жаңғыр­тылуы бізге қолайлы жағдай­ды күтіп тұр­майтыны белгілі. Біз уақыты­нан кешік­сек, оларды мәңгілікке жоғал­тамыз. Сол себепті музей қызметін моне­тизациялаудың заңды және оңтайлы жолдарын іздестіруге, сондай-ақ келе­шек­те музей саласын басқарушы орталық және жергілікті органдарға нақты ұсыныс беру мақсатында, бизнес өкілдерін музей саласын дамытуға ынталандыру ме­ханизмдерін ұсынуға шақырамын», деді музей-қорықтың директоры.

Аталған ескерткіштің археология­лық зерттеулерінің материалдары төрт мем­­лекеттік құрылымның – Түркі қа­ға­на­тының, Қыпшақ хандығының, Алтын Орданың және Қазақ хан­ды­ғының тарихын бейнелейді. Жошы ұлысының кезе­ңі ескерткіште Алтын Орда уақытының қорымымен (XIII-XIV ғ.ғ.) белгіленеді. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры Марал Хаб­дулина «Алтын Орда тарихындағы Бозоқ» атты баяндамасында кеңінен айтты. Ал Әзербайжан ғылым акаде­мия­сының Археология және этнография институтының жетекші ғылыми қыз­меткері Заур Гасанов боз-ок және учок­ түркі бөлімшесінің төркінін түсін­дірді.

Екі далалық маусымда археолог Марат Сембин мен Ә.Марғұлан атын­­дағы ар­хеология институты фи­лиа­лының жетек­ші ғылыми қыз­мет­кері Серғазы Сәкенов бастаған «Бозоқ» музей-қорығының ғы­лы­ми қызмет­керлер тобы Ұлы Жібек жолы тас жо­лында орналасқан әйгілі Бы­ты­ғай архео­логиялық-архитектуралық ес­керт­кіші­не археологиялық қазба жұ­мыс­­т­а­рын жүргізген болатын. Іздестіру-зерт­теу жұмыстары, әрине нәтижелі болды. Се­минар барысында Серғазы Сәкенов Бы­ты­ғай ескерткішінің аумағындағы жерлеу ке­шендерін радиокөміртекті анық­тау қоры­тындыларымен бөлісті. Одан бө­лек Ыстан­бұл университетінің филология ғы­лым­дарының кандида­ты, қазіргі түркі тіл­дері мен әдебиетінің лекторы Ораз Сапа­шев «Бозоқ қаласы атауының шы­ғуы туралы» баяндама жасады. Ал «Бозоқ» музей-қорығы­ның жетекші ғылыми қыз­меткері, тарих ғы­лымдарының кандидаты Зубайда Сұра­ғанова «Бозоқ» киелі нысаны мен архео­логиялық орнын дамыту­дың сим­вол­дық ресурсы ретіндегі дәстүр­лі рәсім туралы айтып берді. Сондай-ақ дөңгелек үстел аясында елорда аума­ғындағы Бозоқ II қазақ қыстауының археологиялық зерттеулерінің нәти­же­лері жарияланды.

Бозоқ қалашығы – Қазақстанның дала аймағының алғашқы ауқымды зерттел­ген ортағасырлық ескерткіші. Қалашық­тың ашылуы мен қазба жұмыстары ерте орта ғасырларда иен даланы мекенде­ген тайпалардың этностық мәселелерімен таныстырады. Семинарда бұл тақы­рып­та «Бозоқ» музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Бақыт Хасенова баяндама жасады.

Музей-қорықты құру тұжырым­дамасын іске асыру кезінде металлур­гия­лық өндірістің барлық циклі (бал­қыту, соғу, құю) ұсынылатын музей ме­тал­лургиялық кешенінің құрылысы жос­­парланған. Мәселен, Ә.Марғұлан атын­­дағы Археология институтының же­тек­ші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева әріптестерімен бірге Талды­сай ескерткішін кешенді зерттеуді, оның ішінде жаратылыстану ғылымдары мен эксперименттік модельдеу әдістерін қол­дана отырып, далалық және зертха­налық зерттеулерді жүргізіп жатыр. Спикер алқалы жиында «Талдысай елді мекенінің металлургиялық пештерін тәжірибелік модельдеу» тақырыбында баяндама жасап, жұмыс барысымен бөлісті.

Аталған ұлттың парктің құрылуының негізгі міндеті бәрімізге ортақ: мәдени дәстүрлерді, рухани һәм адамгершілік құндылықтарды сақтау және нығайту, ұрпақтардың рухани байланысын қа­лып­тастыру үшін мәдени мұраны сақ­тау, өскелең ұрпаққа, ел астанасының тұрғындары мен қонақтарына дарқан даланың бай тарихын жеткізу.

Дөңгелек үстел аясында тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау мәсе­лесін талқылауда сындарлы диалог болды. Түйінді мәселелер ортаға салынды, ұсыныс-пікірлер де тыңдалды. Айта кетейік, аталған ұлттық парктің жалпы аумағы 412 гектарды құрайды. Оның 90 гектарын Бұзықты көлі алады. Құрылыс жұмыстары төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі жоспар бойынша 2026 жылға дейін жалғаспақ. Оған визит-орталық пен қалашықтың реконструкциясы кіреді. Ал қазір қоршауы салынып жатыр. Бірінші кезеңнің құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ.