Әдебиет • 28 Ақпан, 2023

Алаштың жарық жұлдызы

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мағжан – өлең, Мағжан – ғұмыр. Тұтас өмірін ұлт жолына, ұлт әдебиетіне арнаған рухты ақынның әр жыры маздақ жалынға, қанжардай өткірлікке толы. Түркінің тік шаншылған найзасы іспетті асқақ рухы бойды толқытып, ойға құнар себері анық.

Алаштың жарық жұлдызы

Биыл ақынның туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» ме­кемесі мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдас­тыруымен ақпан айының №5 балалар кітапханасында «Алаштың жарық жұлдызы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын Бақытжан Тобаяқ, «Жаңару» сыбай­лас жемқорлыққа қарсы респуб­лика­лық бірлестігінің аппарат басшысы Қабдулла Әлиев және кітапхана оқырмандары, ұстаздар қатысты.

Іс-шараны Астана қаласы әкім­дігінің «Руханият» мекемесінің бас­шысы Сәуле Досжа­нова мен Орталық­тан­дырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Манат Керімбекова ашып, жастарды қазақтың рухын оятқан, сұлу сезімді сөзге арқау еткен ақын Мағжан Жұмабаевтың жырларын оқуға, рухани бай болуға үндеді.

Мұнан соң «Жүрек сөзінің жыршысы» бағдарламасы бойынша кітапхана оқырмандарына ақын өлең­дері мен поэмаларын оқуға кезек берілді. Астана қаласындағы №40, 52, 64, 78 мектеп оқушылары және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті сту­дент­тері ақын өлеңдерін нақышы­на келтіре оқып, көпшіліктің ықы­ласына бөленді.

Сөз алған кеш қонағы Бақытжан Тобаяқ Мағжан Жұмабаев жөнінде жүрекжарды лебізін айтты.

– Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен өлеңі жарты ғасырдан артық уақыт бойы айтылмады, насихаттал­мады. Ақынның кітаптары тыйым салу кесірінен сарғайып, тозып, жоғалып жатты. Ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомбылық дәуі­рінің құрбаны болған ақын тағдыры аянышты еді. Бірақ айды алақанмен жабу мүмкін емес болатын, – деді ақын.

Сонымен бірге Мағжан Жұма­бай­ұлына жас ақындар арнау оқып, пікірлерін білдірді. Кеш барысында «Мен жастарға сенемін» атты та­қы­рыпта дайындалған бейнебаян көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды.  

Іс-шара соңында кешке белсене қатысқан оқырмандарды «Ру­ха­­ният» мекемесінің басшысы Сәуле Болатқызы марапаттап, оның ішінде Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» өлеңін керемет оқығаны үшін кітапхана оқырманы Жұмабек Тілекке ерекше алғысын білдірді.

Ақынның Алаш қайраткер­ле­рімен тізе қосып еткен еңбегі бір төбе. Психология жөнінде еңбек ­жазуы, әлем классиктерін аудару ісімен шұғылдануы, ауыз әде­бие­­­­тінің тұл­ға­лары жөніндегі, ұлт тағ­­дыры жайындағы кестелі мақа­ла­лары сөзімізге айғақ.

«Ел үшін төккен ерлер

қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел,

жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі,

Ерлерді ұмытпаса,

ел де ұмытпас!»

Ақынның өзі айтқандай, ұлттың толағай тарихын жырлау арқылы сол ұлттың өзіне айналған алып ақынды ел ұмытпайды. Ғасыр сайын туылған әрбір қазақ баласы ақын жырымен қайраттанар, қара көзге жас алар, қасиетті жерінің ұлылығына бас иер. Осылайша ақын рухы биіктей түсіп, болашақ үнімен біте қайнасары сөзсіз.