25 Маусым, 2014

ТӘЛКЕККЕ ТҮСКЕН ТАҒДЫРЛАР

792 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін
Біздің қоғамда үнемі екінші дүниежүзілік соғыстың қанды майданы және оған қатысқан қазақстандықтар туралы сөз болғанда, соғыс қасіретін көргендер еріксіз еске алынады. Оның ішінде: батырлар да, марапаттау төсбелгісін алып марапаттау шаттығына жете алмағандар да, ерлік жасай жер құшқандар да, майданнан аман-есен оралғандар да... Яғни, азап шегушілер де және өз іс-қимылдарына берік сенгендер де бар. image-19-06-14-11-33Ал осының бел ортасында тұрған, неміс-фашист басқыншылары қолына түскен тұтқындар, олардың тағдыры туралы зерделеуге ғалымдардың мүмкіндігі болмаса, халық пен куәгерлердің бұл тақырыпта сөз қозғауда бойын үрей биледі. Ажал алдында тұрған пендеден «дұрыс бағыт ұстамадың» деу, айтуға оңай болғанмен, адам жанының тәттілігі де шындық емес пе? Әрине, қорқақтық пен батырлықтың сыналатын кезі болады. Дегенмен, алып ауқымдағы майдан даласында жау қолында қоршауда қалып жапа шегуі, жаралы шала-жансар қалуы немесе аждаһадай азулы дұшпан алдында әлсіздік көрсетуі әбден мүмкін жағдай еді ол. Бірақ, соны екшей алдық па? Тіпті о дүниелік болып кеткен ерлерді қойғанда, тірі қалып, тұтқын тозағынан өткен азаматтарымыздың тағдыр-жолы шынайы жазмыш па еді, әлде зорлық-зомбылық салдары ма? Мұны сезгенмен, сергектік таныта алмадық. Ендеше, «ештен кеш жақсы» деген қазақ атамыз. Мемлекет басшысының «Мәңгі Ел» идеясынан кейінгі менің басыма туындаған алғашқы ой, дәстүрлі қалыптасқан адам құндылығын толыққанды қалай сақтай аламыз? Ол үшін не қажет? деген сұрақтар мазалады. Әлбетте «ауруын жасырған өледі». Мүмкіндігінше тарихи ақиқатқа негізделген әділеттілік болмай, тарих көші жылжуы да қиынға соғар. Сондықтан да әрбір азамат осы жолда өз үлесін қосуда. Мен де кеңес кезеңі тарихында еленбей келген соғыс тұтқындарының тағдырлары жөнінде қысқаша сөз қозғауды парызым деп санадым. *** Тұтқынға түскен кеңес солдаттарының, әсіресе, 1941 жылғы күз айындағылардың саны өте көп адамды қамтыды. 1990 жылғы КСРО Қорғаныс министрлігі деректері бойынша, 3 млн. 900 мыңнан астам адам кеңес солдатының неміс тұтқыны болғаны жөнінде мәлімет беріледі. Жалпы, соғыс жылдары француз тарихшысы Н.Верттің ақпараты бойынша 6 млн.-ға жуық Кеңес Одағының тұрғындары тұтқындық қасіреттің дәмін басынан өткерген. Дәл осындай санды МҚК мәліметі негізінде ізденуші, дипломат Б. Садыкова да келтіреді. Бұл адам жанын түршіктіретіндей сан. Адам өркениеті тарихында, мұншалықты дұшпан жағындағы осыншама адамдардың тұтқынға түскен кезі болмаған. Солдат­тар­дың басым бөлігі, тұтқынға түскендер де 17 мен 37 жас аралығындағы жастар болды. Осындай бұлт үйірілген кезеңде тұтқынға түскендер ішінде жас жауынгер, талантты музыкант – Айткеш Тол­ғанбаев пен жазушы Хамза Абдуллин сияқ­ты мыңдаған басқа да жауынгерлер болды. Не­міс концлагерьлерінде 3 миллионнан аса адам жан тапсырды. Ондағы тозақ отына күйген және жан азабына шыдаған адамдарға «сатқындық» «мәртебесін» беру, қаншалықты адамзат жаратылысы құқына сай келеді екен? Жан күйзелісін адамнан өзге түсінер кім бар? Мұндай сұрақтар жаһандық ауқымда қазір де өзекті. Сіздерге ұсынылып отырған мақалада тұтқынға түскендер, оның ішінде «Түркістан легионына» түскендер туралы сөз қозғалады. Отандық тарихшылар бұл мәселе жөнінде соңғы жылдары қалам тарта бастады. Профессор Көшім Есмағамбетов, Амантай Кәкен, Бақыт Садықова және Гүлжауһар Көкебаеваның монографиялары, неміс және кеңестік концлагерьлерден кейін аман қалғандардың естеліктері жарық көрді. Бұл тақырыпты Түркия қазағы, профессор Әбдуақап Қара да монографиясында кеңірек зерттеуге талпыныс жасаған. ТҰТҚЫН. ЛЕГИОННЫҢ ҚҰРЫЛУЫ. Кеңес мемлекетінің қуғын-сүргін саясаты­ның түрлі қырларын зерттеу мақсатын көздеген 1997-1999 жылдар аралығында, Тарихи әділет­тілікті зерделеу және қалпына келтіру бойынша комиссияның құрамында болған кезеңде, құқықтанушы Сабыр Қасымов менің қолыма біршама құжаттар көшірмесін ұсынған еді. Солардың ішінде: бұрыштама (штамп) қойылған мына бір құжатта («Өте құпия», 1 дана. КСРО ІІҰК Күнгей Кавказ май­данының ерекше бөлімі, 1943 жылдың 19 қаңтарынан 6-шы бөлім, № 1840/б, Тбилиси қ.) неміс армиясының «Түркістан легионы» солдаттарының (құжатта осылай) Қызыл Армия жағына шыққандары туралы» хабарлайды. Сонымен қатар, «Анықтама. Құжаттың түпнұсқасы КСРО МҚК Орталық мұрағатындағы іс-қағазында сақталынғаны туралы да хабарлайды, 1-том, қор (түсініксіз), 312 «Е»-тізім, реттік 663, істің беті -10-11. Сол жағындағы бұрышта 31.12.1965 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы МҚК-нің мөрі». Бұл құжаттар арқылы тарихтың «ақтаңдақ» беттері ашыла түсетіндіктен және нақты адамдар тағдырына байланысты болғандықтан мәліметті жариялауды жөн көрдік. Жау қолына түскендердің барлығы сатқын болмағаны көпшілікке аян, ол «Түркістан батальонының» құрамындағылар НКВД хабарламаларында айтылғандай «өз еріктерімен және қолдарындағы қаруларымен Қызыл Армия жағына өткендігімен» дәйектеледі. Кеңес солдаттарын тұтқындаудың жай-күйі ПУ ЧГВ ЗКФ 7-ші бөлімінің бастығы майор Зусмановичтің берген хабарламасында жан-жақты жазылған. Түркістан легионы бойынша мәліметтер КСРО ыдырағанға дейін, мұрағаттың ЗКФ қорының 286-іс, 1019-тізімі, 106-110пп., III, 112-115 пп. сақталынған еді. Мұны болашақ зер­ттеушілер назарына бағыт-бағдар беруге көмегі болар деген ниетпен, нақтылап отырмыз. Қашқын (Б.А. – мәтінде осылай жазыл­ған) Бектасовтың (есімі берілмеген) хабар­ламасынан, немістің РККА жауынгерлері мен командирлерінен құралған тұтқынға түскендерді ұстау лагері – негізінен ауыр азап пен өлім құштырған, яғни адамды қорлау мен хайуандық тәртіптің орны болғанын түсіну қиын емес: «1941 жылдың шілде айының соңында мені Либавск госпиталынан соғыс тұтқындарына арналған Тильзит лагеріне ауыстырды. Сол кезде тұтқындар саны – 24000-ға жуық болған еді. Күз бен жаз айларында лагерьде 18-19 мың адам қайтыс болды. Жаңадан түскен кезеңде саяси қызметкерлер мен еврейлерді тұтқындардың негізгі бөлігінен айырып, ату жазасын беретін. Лагерьдегі кез келген тәртіпті бұзғаны үшін адамдар ату жазасын алатын. Аштық пен аурудан (тиф, дизентерия, өкпенің қабынуы, туберкулез) күн сайын 100-ге жуық адам өлім құшатын». Адам айтқысыз аштық тұтқындардың басын айналдырды, каннибализмге де (адам жеу) жол берілді. Осындай мәліметтермен Нұрғалиев, Өмірзақов және басқалар да куәлік етеді. Тильзит лагерінде қазақстандық солдаттардың болғанын ұлты татар Иделев те жауабында куәландырады. Оның қолжазбасы Гувердің соғыс, революция және бейбітшілік (АҚШ) мұрағатында болғанда қолыма түскен және 2005 жылғы жарық көрген «Қызылдар және қаралар» атты кітабымда басылған болатын. Айта кету керек, Кеңес Одағы заманын­дағы Гаага және Женева «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы» (1929 жылғы 27 шілде) Конвенцияларына қол қоймауы, тұтқынға түскен миллиондаған отандастарымыздың қайғы мен қорлыққа душар болуына жол ашты. Көптеген тұтқындар қорлықтан, аштықтан, түрлі зардаптардан өлімге ұшырады. КСРО тарапынан түскен соғыс тұтқындары дәрігерлік көмек, халықаралық «Қызыл крест» қорғауы, туған-туыстарымен хат алмасу және басқа да құқығынан мүлдем айырылды. И.В.Сталин бастаған Кеңес мемлекеті­нің басшылары азаматтардың және неміс әскери бөлімдеріне түскен тұтқындар мен жау қолына берілгендердің отбасылары қолдауынан бас тартты. Мұндай жағдай фашистік әкімшіліктің арқасын кең жайып, еркімен әрекет етуіне мүмкіндік берді. Кейбір зерттеушілер Түркістан легио­нын құру Мұстафа Шоқай идеясы болды деп есептейді. Кеңестік билікті мойындамаған, неміс идеологиясын қабылдамаған саяси эмигрант М. Шоқай өзінің пайымдауымен, түрлі ұйымдар құру жолымен де тұтқынға түскен, аштық пен мүсәпір халдегі түркістандықтарды тұтқыннан алып шығуға болатындығын білдірген-ді. КСРО Ішкі істер Халкомының орын­басары, ерекше бөлімдер басқармасының бастығы, 3-ші рангтағы мемлекеттік қауіпсіздік Комиссары Абакумовқа түскен хабарламадан үзінді келтірсек: «1942 жылдың 25 желтоқсанында Теңіз атқыштар бригадасының 68-ші қорғаныс бөлігінде, 56-армияның, 1941 жылғы шайқас­тарда әртүрлі уақытта немістер қолына түскен, лагерьде болған, сонан соң таңдалып алынып, «Түркімен (?) ұлттық легионының» 3-ші батальо­нына бекітілген ортаазиялық ұлт өкілдері, Қызыл Армияның бұрынғы қатардағы және командалық құрамынан тұратын әскери қызметкерлерден топтастырылған неміс армия­сының «Түркістан легионының» 41 жауынгері өз еріктерімен біздің жаққа қарай өтті: қазақтар – 20, өзбектер – 9, татарлар – 4, қырғыздар – 3, тәжіктер – 3, түркімен-1, башқұрт – 1, бұрынғы Қызыл Армияның орташа командирлері – 3, Қызыл Армияның кіші командирлері – 8, бұрынғы қызыл әскерлер – 30». Сонымен қатар, хабарлама мәтінінде «Түркімен легионының» ұйымдастырылуына бастама жасағандардың бірі эмигрант Велихан, узбек (мәтінде осылай)» екені айтылады. Бұл жерде аса мән берілетін жағдай, Түркістан легионының жауынгерлері Кеңес әскерінің 1945 жылғы жеңісінен бұрын-ақ, яғни 1942 жылдың желтоқсанында Қызыл Армия жағына өз еріктерімен өткендігі. Келесі анықтамада «Түркістан жаяу әскер легионының», «буржуазиялық-ұлтшыл» Вали Каюм хан басшылығындағы, жан-жақты сипаттамасы берілген (түрі, бойы, кім­мен қарым-қатынаста және т.б.) «Түркістан ұлттық комитетінің» қатысуымен, неміс басшылығының тапсырмасымен құрылғаны жөнінде айтылады. Сол сияқты, Брянск майданы маңында Қызыл Армия жағына өткен легионер Сейтмуратов, Вали Каюм ханға дейін «Түркістан комитетінің» төрағасы, 1942 жылдың қаңтарында қайтыс болған атақты ұлтшыл Мұстафа Шоқай болғанын айтады. (Атақты қазақ саяси эмигранты Мұстафа Шоқай (Чокай) белгісіз анықталмаған жағдайда 1941 жылдың 27 желтоқсанында қайтыс болған, сондықтан да ол легионның қалыптасуы оның қатысуынсыз болған. (қараңыз: М. Чокай «Я пишу Вам из Ножана...»). Саяси қайраткер өлімі ұрпағын ойландырмай қоймады, кейін тарих ғылымдарының докторы К.Есмағамбетов және басқа да зерттеушілер еңбектерінде зерделенеді. Жоғарыдағы мәліметтер М.Шо­қайдың легионның құрылуына қатысуы мүмкін еместігін айқындайды. Келесі хабарлама бойынша КСРО ХІІК Күнгей Кавказ майданы Ерекше бөлімінің мем­лекеттік қауіпсіздігінің аға майоры Н.Ру­хадзе жоғары жаққа былайша ақпарат береді: «Легионерлерді тергеумен қатар, олардың қарсы тыңшылық және диверсиялық жағы бойынша майдан жұмысына тарту құралдарын зерттеумен айналыстым. Бұл жұмысқа алты адамның кандидатурасы таңдап алынды: легион тұрған жерге жету және басқа легионерлерді әкелу тапсырмасымен бес адам, сонымен қатар, легионда жұмыс атқаратын немістің «I-ц» тыңшылар бөлімінен» неміс офицерін ұстау және кеңес әскері жағына жеткізу мақсаты белгіленді. Одан басқа, ЧГВ армиясы ХІІК (НКВД) ерекше бөлімдерінің барлығына кең ауқымда легионды бөлшектеу мақсатында, оларды «Түркімен легионы» қатарына енгізу үшін қазақ, өзбек, татар, қырғыз және басқа әскери қызметкерлер қатарынан тексерілген агентура таңдап алынды». Хабарламадан көрініп тұрғандай, ХІІК (НКВД) өз еркімен берілген легион мүшелерін кеңес әскерінің нақты мақсаттарына белсене пайдаланған. Тиісінше, көптеген легион мүшелері үгіт-насихат және Кеңес Одағы жағына өтетіндерді тарту үшін немістер жағына кері қайтарылды. Олар болса мұндай қайта оралғандарды сол жерде ұстап, атып тастайтын болған. Жалпы баяндау бойынша «Түркістан легионы» туралы сөз болғанмен, ХІІК (НКВД)-ның арнайы хабарламаларында «Түркменский», «Туркестанский» деген атаулар жиі кездеседі. Ұйымдастырушылар фамилиясы да әртүрлі жазылады: Вали Каюм хан (Валихан), есімдері мен тегі де көрсетілмеген. Мысалы, М. Шоқайды «М. Чокай» деп көрсетеді. БАЛҒА МЕН ТӨС АРАСЫНДА Түркістан легионы 1942 жылдың шілде айында құрылды. Кей жағдайларда бас­қа да айлар аталады. Бірақ бұл әртүрлі батальон­дардың құрылу мерзіміне байланысты болуы мүмкін. Маусымнан қыркүйекке дейін, мысалы, 785.5 нөмірлі 7-ші батальон 1942 жылы маусым айында Ромны қаласында (Польша) құрылды. 784 нөмірлі 6-шы батальон 1942 жылы шілде айында Варшава маңындағы Легионово елді мекенінде жинақталды. Кейбіреулері Чехия, тіпті Украинада құрылған сияқты. Легионға жауынгерлер мүшелікке өз еркімен кірген деген де көзқарас бар. Бірақ, сараптама көрсе­тіп отырғандай, жауынгерлердің кейбіреуі ле­гионға аштықтан қашып кіруге мұқтаж болса, ал кейбірі отрядқа күштеу арқылы тартылған. Мысалы, Айткеш Толғанбаев осылайша легион­ға түскен. Кеңестік өкіметке қарсы ұлттық легион­дарды қалыптастырудың негіз­гі орталығы арнайы лагерьлер – Польша­дағы Легионово және Едлин станциясы жанындағы казармалар болып табылады. Одан басқа да орталықтар болды. Легионерлер киімінің формасына «Алла бізбен бірге!» деген жазуы бар Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің сурет-белгісі (эмблема) салынды. Легионовода барлық тұтқындар ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес бөлімдер бойынша орналастырылды. Мұнда «Түркістан батальонынан» бөлек, армян, әзербайжан, грузин, украин, тіпті Африкадағы басқыншылық кезіндегі қолға түскен тұтқындардан құралған араб легионы қалыптасты. Орыс тұрғындарынан құралған саны ауқымды легионерлер екі армияны құрады – армия генералы Власов басшылығындағы Орыс азаттық армиясы (РОА) және генерал Каминский қолбасшылығында болды. Басқа да орыс казактарынан тұратын полктардың бірнешеуі болған. Тәртіп бойынша даярлық орталықтарына келген болашақ легионерлерге уақытымен тамақ, арнайы форма берілді және әскери-тактикалық даярлық жүргізілді. Оларға ай сайын төленді, демалыс кезінде қалаға шығып тұруға рұқсат берілді. (Айтқандай, отандық тарихшылар тарапынан «хиви» жағдайы зерттелмеген өзекті тақырыптардың бірі. Неміс тілінде – «хиви», неміс армиясына көмек берген совет жауынгерлерін қысқаша осылай атаған). «Хивилер» толық мағынасында тұтқындар болмаған, көбіне еркін жалданушыларға келеді. Қоршауда қалған немесе әлсіреген кеңес жауынгерлері өздері немістердің әскери бөліміне барған және неміс солдаттарының тамағы мен тұрған жерлерінде, окоп, блин­даждар қазуға, тіпті снаряд тасу, тағы басқа жұмыстар үшін пайдаланылған. Мұндай «хивилер» неміс әскерінде айлап жүрген, бірақ екі жақты шабуыл басталған кезеңде, Қызыл Армия жауынгерлері оларды қатал жазалайтын болғандықтан, сол мезетте қашып кететін болған. «Хивилердің» саны анықталмаған, бірақ өте көп болғаны да жасырын емес, кейбіреулер оның санын миллионға жуықтатады. Кеңестік тұтқында болған неміс офицері Виганд Вюстер өзінің естелігінде (Кровавый кошмар вермахта. М., 2010) «хиви» туралы ішінара жазады. Онда «хивилердің» көптеген суреті берілген. Ал енді легион жайын жалғастыратын бол­сақ, оған тартылған тұтқындар арасында: бола­шақта КСРО мемлекетінің таратылатыны, дін қайта орнына келетіні, ұжымдасқан шаруа­шылық болмайтындығы және әрбір адамға өз шаруашылығын жүргізуге жеке жер үлесі берілетіндігі жөнінде әңгімелер мен лекциялар өт­­кізіліп тұрды. Легионерлерге арналған «Мил­ли Туркестан» және орыс тілінде «Клич» жур­налы шығарылып тұрды. Батальонды неміс офи­­церлері: Мадельбайер, Хайс, Мармадер және басқалар басқарған. Әрбір батальон құра­­мы 300-ге жуық жауынгерлерден тұрды. Май­данға кетер алдында легионерлер ант қа­был­даған, барлық қоғамдық шаралар мол­да­лардың қатысуымен өткізіліп отырған. Наси­хат­шылар үнемі Германия Түркістан халқына көмек­тесетінін айтатын. Бір сөзбен айтқанда, адам­дарға идеологиялық тәрбие жұмысы үнемі жүргізілген. Бірақ, дегенмен де легион жауын­гері мәртебесі, неміс армиясы әскерінің жауын­гері мәртебесінен әлдеқайда төмен болды. 1942 жылдың жазы мен күз айларында «Түркістан легионының» батальоны май­­дан­ға жіберіледі және «Кабардинская» және «Асфальтовая» станция­ларына келеді. Атауына қарағанда олар Кубань және Дон ма­ңында болған. Кейін легионерлердің өзі хабар­лағандай майданға бағытталған жолда «Қызыл Армия жағына өткісі келетіндер жағы белсенділік көрсеткен, ал майдан айма­ғы­на келгенде, нақты даярлықпен Қызыл Ар­мия жағына жеке және топ бойынша өту­ге байланысты іштей бытыраңқы күйге түсті». Батальоннан Ростовтан Донға дейін жауын­герлер жеке және шағын топ болып қаша бастады. Қызыл Армия жағына өтудің ұйым­дастырушысы рөлін Байжанов пен Бек­тасов атқарған. Өздерінің тыңшылары ар­қы­лы ақпараттанған неміс жағындағылар, ле­гионерлер Қызыл Армия жағына шыққан жағ­­дай­да ату жазасын алатыны, отбасылары­на зиян келтіретінін жариялап қорқытып отырған. «Түркістан легионы» жауынгерлерінің көңіл-күйлері күрделене түскен. Олардың бір бөлігі немістер жағына адал қызмет ат­қар­ды. Мұндай адамдарды басшылық үнемі марапаттап отырды. Ал кейбіреулері кеңес билігінің айыптауынан сескеніп, өздеріне қашуға ыңғайлы мезгілді күтті. Алғашқы мүмкіншілікті пайдаланып Қызыл Армия жағына шыққандар да аз емес. Мысалы, Нұрғалиев хабарламасында: «Украинада пойыз­дан 10 адам қашып кетсе, Кубаньда Бело­реченскіден жаяу келе жатқанда 7 адам. Асфальтовкіде және жолда 13 адам. Біз өтпестен бұрын 22 желтоқсан күні таңертең бір мерген қашып кеткен». ...23 желтоқсан күні Бектасов пен Байжанов жылдам өздерінің адамдарын жинайды. «Осы түн бізді ауыстыратын немістер келу керек еді, олардың байланыс­шысы келген». «...Байжанов пен Бектасов өздерімен 29 адамды алып ертерек шығып кетті», – деп көрсетеді. Қызыл Армия жағына легионер жауынгерлер  өтерде де қайғылы оқиғаларға жол берілгендігі, НКВД офицерлері кеңес­тер жағына шығудан бас тартқан жағдай­да жауынгерлерді, сол орнында атып жіберіл­гені айтылады. Бұл өлтірілгендер Ахметов немесе Сыздыков болуы мүмкін». Ал немістер қашқындарды көріп, атысты бастайды, осы кезеңде біршама легионерлер жер құшады. Кейбір қашқындар арнайы қойылған неміс бекеттерінде ұстал­са, кейбіреулері ұсталған орнында атыл­ды немесе ұзақ мерзімге абақтыға жабылды. Легионерлер батальонын ыдырату және оны Қызыл Армия бөлімдерінің жағына қарай бұру мақсатын көздеген 4-ші батальонда (№ 782) жасырын ұйым болды. Ұйым өзінің командалық құрамын құрды, оның құрамында: Ушуров батальон дәрігері, 1-ші рота командирі Коротаев (Қаратаев?), штаттық ротаның командирі Абдуллин, фельдшер Абдужапаров, 1-ші взвод командирі Исмаилов, 1-ші рота старшинасы Умаров болды. Бірақ, штаттық рота командирі Гафуров, 1-ші рота старшинасы Хамитов, химиялық взвод коман­дирі Иманбаев және легионер Куниевтің жасырын ұйымға сатқындық жасағаны туралы НКВД хабарламасында айтылады. Мұндай мақсатты көздеген жасырын топтар 1-ші батальонда да болды. Олардың ішінде 5-ші ротаның командирі, бұрынғы Қызыл Армияның лейтенанты Игдисамов және бұрынғы лейтенант Назиров белгілі болды. Бұл ақпарат жоғарыдағы ХІІК хаттамасынан алынып отыр: «1943 жылдың 18 қыркүйектің түнінде 389-шы батальонның солдаттары мен офицерлері «көтеріліске шықты» (мәтінде осылай берілген), бар немістерді өлтіріп, Қызыл Армия бөлімінің жағына толықтай өтеді. Легионерлердің ұйымдасып өту жағының бастамашысы 1-ші рота командирі Атаханов Абдулла болды. Ал батальон командирі, майор Вальтер кеңес жағына өткен легионерлер қолы­нан қаза тапты. Сайып келгенде, барлық батальонда легионерлердің Қызыл Армия жағына өту жағдайы көрініс алды». Орыс-кеңес тарихшысы Дмитрий Волкогонов өзінің «Триумф и трагедия» деген көлемді еңбегінде Бергенов деген қазақ 44 әскерді неміс жағынан майданды бұзып қызыл әскерге өткенін жазады. Гурьев (Атырау) облысынан шыққан Алихан Агаевтың жетекшілігіндегі жеке топ диверсиялық жұмыс жүргізу үшін Батыс Қазақстанға тасталды. Бірақ көп ұзамай қоршауға түсті және оларды ХІІК (НКВД)-ның ерекше тобы жойып жіберген. А. Агаев сол өңірдің тумасы болатын. Біздің пайымдауымызша, «Түркістан легионы» жауынгерлерінің жалпы саны 100 000 адам шамасын құрайды. Бірақ бұл сан да нақтылауды қажет етеді. Легион жауынгерлерінің сенімсіздігіне көзі жеткен неміс командованиесі оларды майданнан кері шақырып, Италия, Франция және Югославия партизандарына қарсы күреске жіберді. Олардың одан кейінгі өмірі Франциядағы Қазақстан елшілігінің дипломатиялық қызмет­кері Бақыт Садықованың еңбектерінде біршама зерттелген болатын. Мария Шоқай естелігінде: «Маған екі қазақ келді: олардың біреуі танымал жазушы Асан Кайгин, келесі Ташкенттің бұрынғы милиционері... есімде қалғаны, олар неміс әскерінен қашқысы келді және менен көмек сұрады». Бұл оқиға 1944 жылы Францияның Ножан қаласында болған. Айткеш Толғанбаев кейін жазған өзінің естеліктерінде Түркістан легионын неміс командованиесінің Францияға ауыстырғаны туралы айтады. 1943 жылдың желтоқсанында Түркістан легионының орналасқан жері – Францияның оңтүстігінде, Тулузадан алыс емес Альби деген шағын қалашық болды. Түркі­стан­дықтар арасында Бақтыгереев болған. Осын­да легион штабы да орналастырылды. Түркістан легионында Қарыс Канатбай да болған еді. Бірақ Қ.Қанатбай Вали Каюм ханның қаһарына ұшыраудан сақтанып, басқа бөлімше құрамына өтіп кетті. Өзара келісімнен кейін Қарыс Канатбай айналасын­дағы адамдармен генерал Власов армиясына кірді және сонда Түркістан Ұлттық Кеңесін ұйымдастырды. Кейін бұл Кеңестің мүшелері «Түркістан ісі» бойынша сотталды. Соғыстан соң Қ.Қанатбай Батыс Еуропада қалып қойғандықтан да «түркістандықтар» сотынан аман қалды. 1944 жылдың мамыр айында Түркістан мемлекетін құруға арналған алғашқы құрылтай болып өтті. Негізгі баяндаманы ұлты қазақ, комитеттің вице-президенті С.Алмамбетов жасады. Бұл кісі туралы мәліметтің аздығына қарамастан, құрылтайды өткізуде айтарлықтай рөлі болғанын байқауға болады. SgiXgJIH470 «ТҮРКІСТАНДЫҚТАР» ТАҒДЫРЫ «Түркістан легионы» мүшелерінің тағдыры әртүрлі, бір бөлігі Қызыл Армия жағына өтетін мезгілде неміс бөлімшелерімен қарама-қайшылықта қайтыс болды. Келесі бөлігі Қызыл Армия құрамына кірді. Соғыс аяқталған соң, әскери тұтқындардың басым бөлігі, оның ішінде «Түркістан легио­нында» болғандар да Отанға қайтып оралды. Кеңестік билік оларға кешірім берілетініне уәде берді. Сонымен қатар, оларды елінде отбасылары, сүйген жарлары мен балалары күткен еді. А.Толғанбаевтың естелігі бойынша, И.В.Сталин атынан және оның тапсырмасы бойынша генерал Голиков былай деп айтқан: «Құрбандықсыз және шығынсыз соғыс болмайды. Дұшпандар қолында қалған тұтқындар болған жағдайға кінәлі емес. Отаны күтіп отыр­ған, аналары, әйелдері, ағайындары, қарын­дас­тары, қыздары мен балалары күтіп отырған Отан­­дастардың үйлеріне еркін оралуларына бола­ды. Қайтыңыздар!». Кейінгі жағдай көр­сет­кен­дей тарихи шындық, мұның бос ұран, адам­дар­ды алдау екенін көрсетті. 1945 жылы Кеңес үкі­меті кей жерде уәдемен, ал кейде күш­теп бұ­рынғы лагерь тұтқындарын үйге қайта орал­у­­ға мәжбүрледі. Бірақ, ел басшылығының аты­нан берілген уәде тағы да өтірік болып шықты. М.Шоқайдың жесірі жақсы әсермен есіне алған тағы бір түркістандық, есімі Хасан деген қазақ 1946 жылдың наурыз айында Германияға жіберілген. Сонда бары-жоғы белгісіз болып кетеді, Мария Шоқайдың пайымдауынша «оны өлтірген» тәрізді. Мүмкін Хасанды ХІІК (НКВД) қызметкерлері ұстап алып, атып тастауы немесе Кеңес Одағында тар қапасқа салып жіберілуі мүмкін. Айткеш Толғанбаев елге қайтып оралу туралы көп толғанды. Ол ортаға танымал скрипкашы болғандықтан да, оған Италияда келешегіне жарқын жол ашылған-ды. Бірақ туған даласына, туған Отанына деген сүйіспеншілігі, оны Қазақстанға оралтты. Олардың бір бөлігі Қарыс Қанатбай, Әлім (Ғалымжан) Алмат, Баймырза Хайт Германияда қалуды ұйғарды немесе Түркия, Египетке қоныс аударды... Әлім Алмат кейінірек әлем жұртшылығына музыкант ретінде танылды. ӘДІЛЕТСІЗ ТӨРЕЛІК Отанына қайтып оралғаннан кейін, бұрынғы әскери тұтқындар немесе Кеңес үкіметінің қызметіне сыни көзқарастағылар тұрақты түрде НКВД бақылауында болды. 1945-1946 жылдар аралығында олар туралы біршама «материал» жинақталды. Осы тұста ақиқатын айта кету қажет, Отанына оралған «түркістандықтар» ешқандай саяси қызметпен айналысқан жоқ, заңды бұзатындай іс-қимылдар жасамаған да еді. Дегенмен, олар өздерінің соңынан бақылаудың барын білетін, сондықтан да «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешті. Мұнымен салыстырғанда батыс елдері, бұрынғы әскери тұтқындарға мейірімдірек және кеңірек болды. Қажетті тексерістен кейін олар күнделікті өмірлеріне қайтып оралды, қызмет атқарды, тіпті үкіметтік билік органдарына сайланды да. Тұтқыннан босап келгендер «Аман қалғаның үшін» деген медальмен марапатталды. Бірақ, сталиндік үкімет қарапайым адамдар тағдырын ойлап, бас қатыра қоймады. Және шындығында, кеңестік бюрократия, дамыған адамзат қоғамына тән өркениеттік нормаларын ұстанғысы келмеді де. 1947 жылға қарай, өткен жылдар аралығын­дағы Қазақ, Өзбек, Қырғыз және Түркімен КСР-лері бойынша жинақталған материалдар біртұтас біріктірілді. Сталиндік органдар тұт­қын­дарды жазалаған кезеңдегі ойдан шығар­ған «біріккен» орталықтар мен одақтар бойынша жинақтап жазалауға бейім тұратын. Осының мысалы ретінде көптеген кеңес өкі­меті басшыларын қапасқа тоғытқан, 1937-1938 жылдардағы «орталықтар» мен «одақтардың» ойлап тапқан «Алашорда ісіне» еске алуға болады. Бұл үрдісті ұйымдас­тыру­шы­лар: «Отанға және Лениннің ұлы ісіне сатқындықтары үшін халықтың тарихи әділ-жазасын», алды деп жариялап, айыптау шараларының салмағын арттыруға тырысқан-ды. Мұндай процестің жалғасы ретінде «Түркістан Ұлттық комитеті» және «Түркістан ұлттық кеңесіне» қатысушылар және «Түркістан легионы» мүшелері жазаға тартылды. Айып­талушылар құрамы әртүрлі болды, кейбірі әскери тұтқыннан оралғандар болатын, ал кейбірі сталиндік лагерьден қармалды. Солардың ішінде бұрын машинистка – іс-қағаздарын жүргізуші болып қызмет атқарған, ұлты өзбек әйел, соғысқа дейін Қазақстан үкіметінде министр қызметін атқарған Нұрқан Сейітов, сол сияқты Х.Абдуллин, А.Абдуллаев (түрікмен) сияқты жазушылар да болды. Сотталғандардың арасында ғалымдар да, мұғалімдер және сонымен қатар, музыкант Айткеш Толғанбаев та айыпталды. Процесс екі жақтың және қорғаушыларының қатысуынсыз Түркістан әскери трибуналының жабық отырысында жүргізілді. Трибунал құра­мына төрағалық етуші юстиция генерал-майоры Хабулатов, сот мүшелері – полковник Катков, юстиция майоры Деброденев, хатшы Шяхо­нин болғанын А.Толғанбаев еске алады. Айып­тау қорытындысына полковник Сәкенов қол қойған. Кейін ол МҚК генерал-майоры шенін алды. Жоғарыда аталған Катков пен Сәкенов кезінде С.Сейфуллин сияқты тағы басқа алаш азаматтарын қинаған «полковниктер» болатын. Сотталушылардың ұлттық құрамына келетін болсақ: қазақтар – 19 және Түркістаннан бір өзбек, өзбектер – 18, тәжіктер – 2, түрікмен­дер – 7, қырғыздар – 2. 1947 жылдың 8 сәуірінде басталған сот ісі, сол жылдың 18 сәуірінде аяқталды. Яғни сот процесі бар-жоғы 10 күнге созылды және 49 адамның қылмыстық жазаға тартылуымен аяқталды. Олардың барлығы РКФСР Қылмыстық кодексінің ең ауыр – 51-ші және 58-ші баптары бойынша сотталды. Басқаша айтқанда, оларды «халық жауына» жатқызды және оның 11-ін ату жазасына кесті, 1914 жылы туылған Ақмола облысы Қорғалжын ауданының тұрғыны – Тыныбеков Хәкім, Колдыбаев Артур, Бекбосынов Сатыбалды, Сейітов Нұрқан, Жаманқұлов Зунум және басқалар. Кейін ату жазасы 25 лагерьге ауыстырылды. Олардың ішінде біреуі атылды. Осы тергеу процестерінің күш көрсету мен қинау арқылы жүргізілгенін, кейін аман қалған түркістандықтар көпке дейін айтып жүрді. Оларға: шетелдік мемлекеттің пайдасына шпиондық іс-әрекет (А.Толғанбаев), диверсия, үгіт және тағы басқа іс-қимылдар жасаған деген кінә тағылды. Қамауға алынғандардың өздерін қорғауға мұршалары да қалмады. Ал қалған 38 адамға келетін болсақ, олар 7-25 жыл аралығындағы түрлі мерзімге айыпталды (Мәлімет А. Кәкен «Түркістан легионы».-А., 2000ж. кітабынан алынды). Бұған қосымша айта кететін жәйт, айыпталғандар еңбек лагерінде еркіндігінен ғана айырылған жоқ, «олардың саяси құқынан айыру мен мүлікін тәркілеу» қоса жүргізілді. Бұл адамның құр сүлдесі ғана, көлеңкесі қалды дегенді білдіреді. Бірнеше күннен соң айыпталушыларды бекітілген Ережеге сай кезең-кезеңімен Сібірге, Байкалдан тыс жерлерге... жіберді. Ал қазақстандық лагерьлерге осындай құрбандар Прибалтика, Украина, Кавказ, Ресей қалаларынан толассыз келіп жатты. «Түркістандықтармен», жалпы барлық әскери тұтқындармен есеп айырысу үрдісі Айткеш Толғанбаев тағдырынан да белгілі болып тұр. Тергеу кезінде Айткеш Толғанбаевтың француздар қарсыласуына қатысы, Артур Қолдыбаевтың куәлік еткен сөзі еленген жоқ. Тергеу жұмысы жауын­гер­дің кінәсіздігін дәлелдейтін, Ерекше бөлім қызметкерлерінің Италиядағы әскери миссиясына да сұраныс жасалған жоқ. Сонымен, Айткеш Толғанбаев та РКФСР Қылмыстық кодексінің 2б., 58-11 58-16 және 58-10 баптары, дұшпандар жағына өту түріндегі Отанға сатқындық, Кеңес өкіметіне қарсы насихат, үгіт және шпионаж бойынша жазаға тартылды». 1970 жылы Айткеш Толғанбаев бұрынғы Ита­лия­дағы совет елшісі М.А. Костылевті із­дес­тірді. Бұл кісі Айткеш үшін көп жақсылық­тар жасаған еді. Ол тарихи сұхбатты былайша еске алады: Жеке әңгімелескенде бұрынғы елші: «Шындықты білгіңіз келе ме? Мен сонда біл­генмін, Одаққа қайта оралған соң сізді тұтқын­дайтынын. – Білдіңіз бе? Сонда маған ишара да жасамадыңыз ба? – Құқым болмады. Егер айтсам, өзіме оңай соқпаған болар еді. Менің қолымнан келгені сіздің қайтатын мерзіміңізді созу ғана болды...Сіздің аман қалғаныңыз, ол бақыт қой». Елшінің бұл жауабы Кеңес үкіметінің әскери тұтқындарға жариялаған кешірімі әділеттілікті аттап, жалған болғандығын дәйектеп-ақ тұр. Ол кезеңде тұтқындарды айыптау міндетті түрде болу қажет болды. Оның басты мақсаты шындыққа қол жеткізу емес, қорқыныш пен биліктің күшінің әсерін көрсету болды. Бірақ тағылған мұндай айыптарға сену және сенбеу күрделі мәселе. Біріншіден, генерал Голиков айтқандай, тұтқынға түскендерге кешірім жасалынған еді. Ал басқа қосымша «күнәлары» – айқын дәйектелуі қажет-ақ еді. Уақыт – төреші, айыптаудың қисынсыздығы мен қателігі айтқандай, сол биліктің өзімен мойындалды. *** «Ұлы көсемнің» 1953 жылғы өлімінен кейін 1955 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Климент Воро­шиловтың шығарған «1941-1945 жылдар­дағы Ұлы Отан соғысы кезеңін­де оккупанттармен ынтымақтасқан кеңес азаматтарының амнистиясы жөніндегі» Жарлығы жұрттың бәрінің есінде сақтала қойған жоқ-ты. Оның қосымшасындағы берілген қаулыда жау қолына берілген тұтқындар, Кеңес Армиясы мен Флотының әскери қызметкерлеріне Жарлықты қалай пайдалану қажеттігі жөнінде түсінік жасалды. Осы Жарлық бойынша біршама тұтқын еліне қайтарылды. Тұтқынға түскен әскери қызметкерлердің РКФСР Қылмыстық кодексінің 1922 және 58-10 баптарымен және басқа одақтас респуб­лика­лардың қылмыстық кодекстерінің баптарына сәйкес, жазасын алып тастау және оны құқықтық жоюмен босатылғандар қатарына жатты. Бұл Жарлық көптеген бұрынғы шын мәнінде жазықсыз әскери тұтқындардың, жанын сүйреткен «өлер­мен­дердің» лагерьден шығуына мүмкіндік берді. Дегенмен, бұл кезеңде 1955 жылғы Жарлыққа дейін сотталғандардың көпшілігі тірі емес еді. Олардың отбасыларының берекесі кеткен, жанұялары жан-жаққа тарап кеткен болатын. Бірақ, бұл Жарлық та сыңаржақты болды. Лагерьден босатылған бұрынғы әскери тұтқындардың азаматтық құқысы толықтай қалпына келтірілмеді. Олар партиялық және құзырлы органдардың «бақылауына алынып» және қыз­метке орналасуда шектеулер болды. Шын­дығында олар, өз елдеріне шамасы мен мүм­кіндіктеріне қарай қызмет еткісі келді. ЭПИЛОГ 1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының №17/09 Жарлығы негі­зін­де кешірім бойынша Айткеш Толғанбаев жазасын өтеген жерде (Сусуманда) мерзімінен бұрын босатылды. Бірақ бұл кісі ақталуға ұзақ жол арқылы жетті. 1957-1972 жылдар аралығындағы жәбірленушінің берген арызына сәйкес, Қазақ КСР ҚМҚ және КОКП ОК қыл­мыс­тық істі қайта қарау және ақтау бойынша про­ку­ратура тарапынан бақылау тәртібінде, мұрағаттық қылмыстық істерге, оның ішінде қосымша да тексеру жұмыстары жүргізілді. Соңында билік мынадай анықтама берді: «Сіздің шетелдік мемлекеттің арнайы қызметіне және тыңшылыққа қатысыңыз расталған жоқ». Осыған қоса қылмыстық істі қайта қараудың қабыл алынбауына байланысты, «дұшпан жағына өту және кеңес өкіметіне қарсы насихат және үгіт формасындағы» айыптау бұрынғысынша тағы да қалдырылды. Тек КСРО ыдырағаннан кейін ғана, тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылған соң Президент Н.Ә.Назарбаевқа жасаған өтініштен кейін, 1992 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасының Прокуратурасы шешім қабылдады. «Толғанбаев Айткешке қатысты Түркістан әскери округының Әскери трибуналының Үкімі және кейінгі сот шешімдері негізсіз деп танылсын». «20-50-ші жылдардағы сая­си қуғын-сүргін құрбандарының құқысын қалпына келтіру туралы» 1990 жылғы 13 тамызындағы КСРО Президенті Жарғысының бірінші бабы негізінде ол ақталды». Мария Шоқай соғыстың барлық қиыншы­лығы мен күйзелген Еуропаның соғыстан кейінгі кезеңін басынан өткізді. Ол қолынан келгенше түркістандықтарға көмектесті, солармен хат алмасып тұрды, әсіресе, Әлім Алматпен жиі хабарласқан болатын. М. Шоқайдың осы отандас-қазақтардан басқа ешкімі жоқ еді. Бұл әйелдің кереметтігі, М. Шоқайға адал махаббатын өмір бойы сақтағанында. Ол достарының көмегімен (Әлім Алмат та бар) сүйген жарының басына ескерткіш орнатты. Мария Яковлевна Горина-Шоқай 1969 жылдың 15 сәуірінде Франция шіркеуінің пансионатында қайтыс болды. Кейін Халықаралық «Қызыл Крест» ұйымы Мария Шоқайдың өлімі туралы жеделхатты Ә. Алматқа жіберген-ді. Түркістандықтар Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт) және Мәулекеш Қайбол­динге (Асан Қайғы) де өз елінің топырағы бұйырмады. Ақтөбелік Әлім Алмат, музыкант, соғыстан кейін Түркияға қоныс аударған. Ол ноғай қызына үйленген, үш баласы бар. Қазір оның жасы 90-нан асты. Шығысқазақстандық Манас Нұғыманов француз әйелін тастап Отанына оралды, сот­талды, 10 жылын лагерьде өткізді. Оның қызы Моник Легра-Нугманова әкесін ұзақ іздеді. Бұл адамдардың тағдыры «Бір уыс топырақ үшін» фильмінде көрініс тапты. Түркістандықтар тағдыры осындай күй кешті. Әскери тұтқындарға деген арсыз және қатал қатынас жасағандар да КСРО аза­маттары, басқаша айтқанда кеңестік бюро­кратияның басты көрінісі еді. Ал тұтқынға түскендер болса, қарапайым елінің азаматтары еді. Олардың бар арманы еркін және бақытты өмір сүру болатын. *** Автор қазақстандық әскери тұтқындар тағдыры, жалпы «Түркістан легионы» мүшелері жөнінде одан әрі терең іздестіру жұмыстарын жүргізуді қажет деп есептейді. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін аз зерттелген тақырып төңірегінде оқыр­мандарға ой салу көзделді. Бүркітбай АЯҒАН, Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Суреттерде: 92 жастағы Әлім Алмат Түркияда тұрады; қиын тағдырға бойұсынған Түркістан легионерлері (архив суретінен).