Сенат • 10 Наурыз, 2023

Қабылданған заңдар адам құқығын қорғау тетіктерін жетілдіреді

178 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіндегі бірқатар мәселені қарап, депутаттық сауал­дарын жолдады.

Қабылданған заңдар адам құқығын қорғау тетіктерін жетілдіреді

Отырыс барысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне мемлекеттік қыз­мет мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сын екі оқылымда қарап, қабыл­дады. Бұл құжат мемлекеттік органдар қыз­метінің тиімділігін арттыруға, мемле­кет­тік сая­си қызметшілердің жауапкер­ші­лігін күшейтуге және сыбайлас жем­қорлық қылмыстарының алдын алуға бағыт­талған. Сондай-ақ заңда мемлекет­тік органдарға келісімшарттық қызметші­лер­ді жұмылдыруға және ротациялау те­тігін жетілдіруге қатысты ережелер де бар.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірың­ғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мем­лекеттік көрсетілетін қызметтерді цифр­­ландыру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Аталған құжаттағы нормалар цифрлық ақпаратты көрсете отырып, жария кадастрлық карта бойынша «Электронды Үкіметтің» веб-порталы арқылы жерге тиісті құқықтарды беруді көздейді. Одан бөлек, қалалық елді ме­кендердегі жер учаскесі мен жыл­жы­май­тын мүлік объектісінің сәйкестендіру құжат­тарын бір «жылжымайтын мүлік объек­тісінің кадастрлық паспортына» бірік­тіруді ұсынады. Сенаторлар талқы­лау нәтижесінде заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Палата отырысында «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Қылмыстық, Қылмыс­тық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Сенат депутаттары жаңа нормаларды концептуалды тұрғыда қолдай отырып, заң жобасына бірқатар түзету енгізді. Нәтижесінде, заң Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылданды.

Құжатқа енгізілген түзетулер Мемле­кет басшысының Жолдауларынан туын­дайтын тапсырмаларды іске асыруға, Қыл­мыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің нор­маларын жетілдіруге арналған. Сенат енгізген 45 түзетудің қатарында азап­тағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­былық саласына және тағы басқа мәсе­лелерге қатысты нормалар бар. Сондай-ақ төтенше және толық қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу шарттары қайта қаралды.

«Ел Президенті адам құқықтары және заң үстемдігі бойынша қабылдануы қа­жет шараларды айқындап берді. Бүгін қабыл­данған заң адамның қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптау­лар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу са­ласындағы құқықтарын күшейтуге ар­налған. Оның ішінде ауыр сырқатқа шал­дыққандардың, кішкентай баласы бар ана­лардың, алғаш рет сотталғандардың құқық­тарын қамтамасыз ету мәселелері қам­тылған. Алдағы уақытта заң адам құ­қықт­ары мен бостандықтарын қорғау тетік­терін жетілдіруге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар депу­тат­тық сауалдарын жолдады. Атап айт­қанда, Амангелді Нұғманов еліміздің батыс өңіріндегі автомобиль жолдарының сапа­сын сынға алды. Сенатор проблема­лар­ды шешуге бағытталған шаралар кеше­нін ұсынды. Оның ішінде қосымша қар­жы­ландыру және жауапты тұлғаларды Үкі­мет деңгейінде бекіту арқылы іске асы­ру сияқты нақты бастамалар бар. Ал сена­тор Ғауез Нұрмұхамбетов Қоста­най­­да жылқы тұқымы азайып бара жат­қанын айтты. Мәселенің алдын алмаса, бұл тұқымның толық жойылу қаупі де бар екенін жеткізді. Соған байланысты де­путат селекциялық жұмысты заңна­ма­лық қолдау, қостанайлық жылқы тұқы­мын сақтау және көбейту жобасын әзір­леу жұмыстарына назар аударып, өз ұсыныстарын жасады.

Өз кезегінде Алишер Сатвалдиев ал­ғаш­қы әскери дайындық сыныптарын мате­риалдық-техникалық жарақтан­дыру деңгейі төмен екенін айтты. Бұл ретте сенатор мектептердегі әскери даяр­лық­­ты роботтехника мен IT-техноло­гия­­лар­ға бағдарлау қажет екенін де атап өтті. Сенатор Сергей Ершов болса құтқару­шылардың жалақысын көтерудің және зейнеткерлік жасын қысқартудың ма­ңы­зына тоқталды. Депутат құтқару­шы­лар төтенше жағдайларда жұмыс істе­се де олардың жалақысы 105 208 теңге және зейнеткерлікке шығу жасы 63 болуы дұрыс емес деп есептейді. Ал халық қалаулысы Бибігүл Жексенбай көк­темгі су тасқынына дайындық мә­се­ле­леріне назар аударды. Сенатор жа­қын­да мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен кездесу ба­рысында Сенаттың Халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­теті анықтаған мәселелерді айтты. Өз депутаттық сауалында азаматтар мен мемлекеттің заңды мүдделерін қор­ғау үшін жұмыс істеп жүрген Сот са­рап­­тамалары орталығының қызмет­кер­лері­нің мәселесін көтерген Ақмарал Әл­назарова оларға лайықты еңбек жағ­дайын жасаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Ал Андрей Лукин болса ке­дендік бақылау кезінде сыбайлас жем­қорлық тәуекелдеріне әкеп соқтыратын бұзушылықтарды атап өтті. Сенатордың пікі­рінше, мәселені шекарадағы бақы­лауды күшейту және инспекциялық-тексеру кешендерін жаңғырту арқылы шешуге болады.

Сондай-ақ сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздің Премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында ілеспе аударма мамандарының жетіспейтіні туралы айтты. Ілеспе аудармашылардың сапалы жұмысы келіссөздердің нәтижесіне де әсер ететін айтқан сенатор мамандарды дайындау сапасының өзекті болып отырғанын атап өтті. Депутаттың ақпараты бойынша 2016-2018 жылдар аралығында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ілеспе аудармашыларды даярлау курстарын өткізген. Бірақ бұл іс-шаралар жұмыс жоспарынан алынып тасталыпты.

«Шет тілдерден мемлекеттік тілге ті­келей аударатын мамандар да аз. Елі­мізде тікелей ілеспе аудармашыларды да­йын­дайтын оқу орны жоқ. Абылайхан атын­дағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ілеспе аударма маманы ағылшын-орыс, орыс-ағылшын тілі бағытында дайындалады. Ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, мемлекеттік органдардың орталық аппараттарындағы заң тілін жетік меңгерген, ілеспе аударма­ны жүзеге асыруға бейімі бар мамандар үшін курстар ұйымдастыру, оларды Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі, Пар­ламент палаталарының кадр жұмысы бөлім­дері арқылы резервке қою маңызды. Мем­­лекеттік органдардың орталық аппарат­тары­н­да қызмет істейтін, ілеспе аударма жа­сауға және заң шығару ісінің аударма жұ­мысына бейімі бар аудармашы ма­ман­дар­дың Парламент палаталарының аппарат­тарында тағылымдамадан өту мүмкін­дігін қарастыруыңызды сұрай­мын. Бұл әрі тәжірибе алмасуға әрі маман­дар­дың бі­лік­тілігін арттыруға, түптеп келгенде, осын­дай мамандар резервін қалыптас­тыруға жағ­дай жасайды», деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор Парламентте де мұндай аударма жұмысын заңдарды редакциялау­мен айналысатын бөлімнің мамандары қамтамасыз ететінін атап өтті. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудегі ілеспе аудармашылардың маңызын ескере отырып, сенатор сала мамандарын даярлау жөнінде бірқатар ұсынын жеткізді.