Аймақтар • 16 Наурыз, 2023

Жетісудың бүгіні мен ертеңі

235 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымын жетілдіруді айтып, нақты міндет жүктеген болатын. Соның нәтижесінде еліміздің жағырапиялық картасында жаңа үш өңірдің территориясы нақтыланып, белгіленді. Бұл шешім қалжыраған көп аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға күш берді. Ал Жетісу облысының қайтадан құрылуы Алматы агломерациясын реттеуде үлкен рөл атқарды.

Жетісудың бүгіні мен ертеңі

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Жетісу облысы құрылып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілгенде, жаңа өңірде барлық жұмысты басынан бастауға тура келді. Бүгінде облыста 3,5 мыңнан аса мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Бас­шылық лауазымдарға негізінен білікті де білімді жастар таға­йын­далды. Кәсіпкерлік басқармасын «Болашақ» бағдарлама­сымен оқып келген түлек басқарса, облыстық туризм басқармасына Президенттің кадрлық резервінен келген азамат тағайындалған. Облыста барлығы 514 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 14 – ірі, 16 – орта кәсіпорын. Өнеркәсіп өндірісінде өсім 1,3 пайызға (281,3 млрд теңге), ауыл шаруашылығында – 2,4 пайызға (509,7 млрд теңге), саудада – 30,4 пайызға (362,5 млрд теңге), құрылыста 4,3 пайызға (136,4 млрд теңге) байқалды. 295,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылғы деңгейден 8,8 пайызға жоғары және республика көлемінде 3-көрсеткіш.

чсмч

Өңірдің басты байлығы – қант қызылшасы. Бүгінде облыста қос кәсіпорын тәтті түбірді қабылдауға қауқарлы. Былтыр күрделі жөндеуден өткен «Ақсу» зауыты қамыстан қант өндірмек ниетте. Сондай-ақ швейцариялық «Louis Dreyfus Company Suisse SA» компаниясымен 3 мың тонна көлемінде қант құрағы шикізатын жеткізуге шарт жасасып қойды. Ал былтыр «Көксу» қант зауыты 70 мың тонна қант өндірді. 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға, жалпы түсімін 525 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

 

Ел Президентінің тапсырмасынан кейін өңірде 1 млн гектардан астам жердің қараусыз, бос жатқаны анықталған. Құ­зыр­лы органдар мен жергілікті атқарушы билік­тің қатысуымен 100 мың гек­тарға жуық жер мем­лекетке қайтарылды. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыс жалғасады. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде өзінің бағ­дарын сызып үлгерген аграр­лық өңір өндіріске бет бұр­ды. Инвестицияның басым бө­лігі қайта өңдеу саласына ба­ғыт­талып келеді. Туризм сала­сының да әлеуеті зор. 2025 жылға дейін тартылатын инвестициялар көлемі 79,1 млрд теңгеге, ал турис­тер легі 2,4 млн адамға жетеді деп күтілуде.

ыва

Тарихи атауымен елді елең еткізген Жетісу облысының өз ал­дына енші алып шығуын жұрт әрқалай қабылдағаны рас. Алға­шын­да Алматыға қарай ағыл­ған халық, көп ұза­май Же­тісуғ­а қайта оралды. Тұр­ғын­дар­­дың дені Алматы облысы бөлін­геннен кейін жаңа өңірдің бола­шағына күмәнмен қара­ған­дай болды. Қазір, бұл күдік сейілді. Бірте-бірте бой үйре­тіп келеді, бәрі де бая­ғы тіршілігімен айналысуда. Мұндағы 8 аудан мен 2 қаланың тұрғындары өздерін «жетісулықпын» деп еркін айта алады.

«Жетісу – қай жағынан кел­сең де әкімшілік бөлініске ба­ғын­бас географиялық-рухани кеңістік. Батыста – Қордайдан асып, Шуға барып тіреледі, ылдиы Балқаштан қайтады. Шығысы – Жоңғар қақпасы, өргі басын іздесең Қарадала, Қара­саз, Қарқараны көктей өтіп Текестен асасың, Бердібек жазатын «қызылшекарадан» қай­та­сың. Жетісудың бір пұш­пағы бертіндегі әкімшілік бөлі­ніс­­те Жам­был облысының аумағында қалды. Жер солай қарай кеткен соң ел де кетеді екен. Жетісулық әнші, күйші, қаламгерлерді түгендегенде Ке­нен атамыздан үнемі кешірім сұраймыз. Ауылы қоңсылас, өздері бел құрдас Есдәулет Кән­декұлы екеуі кезінде «Қор­дайдың қос ақыны» деген атпен танылған еді. Бүгінде Есдәулетті бері тартамыз да Кененді ары ысырамыз», дейді жазушы Есболат Айдабосын.

Айтпақшы, осы тарихи өзге­ріс толқынында облыстық «Жеті­су» газеті өз атауына байланысты Жетісу жұртшылығының бас басылымы ретінде қала бере­тін болды. Бұл ретте «Огни Ала­тау» газетінің редакциясын Жетісу өңірінде қайта құру қа­жеттігі туындады. Осылайша, об­лыс­тық «Вестник Жетісу» газе­ті құрылды. Қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-экономикалық тақы­рып­тарды қамтитын басы­лым аптасына 3 рет жарық көреді. Бүгінде мұнда жүздеген БАҚ өкілі қызмет атқарып келеді. Олар­дың қатарында 10 аудандық басылым, 5 республикалық телеарна өкілдігі, облыстық радио мен телеарна бар. Әрқайсысы өңірдің ақпараттық алаңына өзіндік үле­сін қосып келеді.

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облы­сы­ның әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдап, өңірдің өр­кен­де­уі­не қатысты есебін тың­да­ды. Қа­былдауда облыстың агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту шара­ла­рына баса назар аударылды. Атап айтқанда, игерілмей жатқан жерлерді қайтарып, ауыл шаруашылығы айналымына қосу, ирригация жүйелерін қалпына келтіру және инновациялық агротехнологияларды қолдану арқылы егін өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Со­ны­мен қатар облыс әкімі Мем­лекет басшысына тұрғын үй құрылысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, жол инфрақұрылымының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жай-күйі, оның ішінде өңірдің газбен қамтамасыз етілуі жөнінде мәлімет берді. Бүгінде Жетісу облысындағы 22 елді мекенге газ құбыры тартылып, 288 мың тұрғын көгілдір отынға қол жет­кізді. Жыл соңына дейін тағы 20 елді мекен газға қосылады. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін облыста 23 мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 10 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілмек. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 59 медицина нысанын салу, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 57 блокты-модульді бөлімше пайдалануға бе­ріл­мек. Ал «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының даму барысына ерек­ше көңіл бөлінеді, оның аума­ғын­да индустриялық парктің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

 

Жетісу облысы