Жалпы, жетісулықтардың Сарыөзек – Көктал бағытындағы республикалық маңызы бар жолмен ауыр жүк тиеген көліктерді жүргізбеу туралы талабы заңды. Талапты Үкімет те мақұлдап отыр. Оны минстрдің аузынан естідік.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, «ALACEM» цемент зауытына шикізат таситын 40 тонналық жүк көліктері жолдың тоз-тозын шығарған. Сондықтан жергілікті тұрғындар зауыт өзіне қажетті шикізат тасуы үшін қосымша жол салуы керектігін алға тартып отыр. Цемент зауыты биылға дейін Сарыөзек – Көктал бағытындағы жолды жөндеуді өз міндетіне алған. Бірақ зауыттың ауыр жүк көліктері әлі де толассыз жүріп жатыр. Соның кесірінен жолдың жөнделген жерлері қайтадан жарылып, асфальты уатылып кетуде. Мұны растаған жергілікті қоғам белсенділері министрге осыған қатысты сауалдарын қойды.
Күреңбел өңірі тұрғындарын алаңдатқан мәселеге ерекше назар аударған Үкімет осыған орай биылғы бюджеттен қаржы бөлдіріп, Алтынемел асуы мен Сарыөзек кентіне дейінгі ұзындығы 68 шақырымдық жолды жөндеуді «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырып отыр. Бұл мақсатқа 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Осы ретте министр жолға жауапты мамандарға биыл жолды толық бітіруін тапсырды.
«Жолдың осы бөлігін бітіру аса маңызды болып тұр. Әсіресе 45-68 шақырымының құрылысын аяқтау кезек күттірмейтін мәселе. Себебі осы бағыттағы жұмысты бітіруді Мемлекет басшысы тапсырып отыр. Осы жұмыстарға межеленген 30,5 млрд теңгеге қосымша 4,7 млрд теңге биылғы бюджетке енгізілген толықтырулар кезінде бөлінді. Осылайша, асудан өтетін жолды биыл толығымен бітіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жергілікті тұрғындардың қуанышын еселеп, жол қиындығын жеңілдете түседі», деді М.Қарабаев.
Одан кейін аталған цемент зауытына барып, жүк көліктеріне қосымша жол салу керектігін ескертті. Тіпті келесі сенбіге дейін автожолдың Алтынемел асуынан асар тұсын жөндеу мәселесін заңдастыруды министрлікке қарасты комитет мамандарына жүктеді. Осыған орай цемент зауытының басшылығы қосымша жол салуға үлес қосуы шарт. Өз кезегінде кәсіпорынның басқа бастамаларына қолдау көрсетілмек.
Облыс орталығына аялдаған министр, мұндағы құрылыс барысына көз жүгіртті. Былтыр Алматы облысының бөлінуіне байланысты құрылыс жұмыстары баяулаған еді. Оған себеп те жоқ емес. Биыл жаңа өңірде құрылыс жоспары қайта құрылып, баяғы жүрісіне қайта түскендей.
Қала әкімі Әсет Масабаевтың айтуынша, қазір қаланы дамыту бағытында бас жоспар қайта жасалуда. Жоспар аясында қаланың екі басым аумағы белгіленген. Бірі – Оңтүстік Батыс аумағы, енді бірі – Қаратал өзенінің шығыс жағындағы бос жатқан жер. Осы жерде алдағы бірнеше жылда 150-ден аса көпқабатты үй бой көтереді. Соның ішінде Оңтүстік Батыс бөлікте биыл жаңадан 6 үйдің құрылысы басталса, 35 үйдің құрылысы аяқталу алдында. Сондай-ақ меценаттар тарапынан 3 үйдің және инвесторлардың жеке қаржысы есебінен 6 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, биыл 45 үй пайдалануға берілмек. Олардың қатарында мектеп, аурухана, бәрі қарастырылған. Сонымен қатар осы аумақта бой көтеретін үйлердің инженерлік желілері тартылып, жолдары жасалып, аулалары да абаттандырылуда.
«Жоғарыда аталған 35 үйдің 31-і «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша берілетін несиелік үй болса, 4 үй әлеу- меттік аз қамтылған отбасыларына беріледі. Ұзын саны 200-ден аса пәтерді құрайды. Айта кетерлігі, бүгінде Талдықорған қаласында 15 000-нан аса адам үй кезегінде тұр. Егер жоғарыда айтылған үйлер толық пайдалануға берілгенде кезек 1 500-ден аса адамға қысқарады. Осы үйлерді жылумен толыққанды қамтамасыз ету үшін ауданаралық жылу қазандығын салу және қаланың 70 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Басқуат» жылу қазандығын газға көшіру жұмысы жүргізілуде. Үй салумен қатар аулаларды абаттандыру, көгалдандыру жұмысы да қатар атқарылмақ. Оңтүстік Батыс аймақты көгалдандыру жұмысы үйлерді қолданысқа берген кезде толық аяқталады», деді Ә.Масабаев.
«Бұл сапардың мақсаты – Жетісу облысында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, облыс тұрғындарын толғандырып отырған мәселелерді тыңдап, бірлесе талқылау. Бүгін екі мәселені қарадық. Бірінші – жол құрылысы. Бұл жерде Сарыөзек – Көктал жолының жағдайына ерекше назар аудардық. Бұл бағыттағы жолды жөндеу туралы Мемлекет басшысының да тапсырмасы бар. Жол құрылысын қаржыландыру мәселесі толық шешілді. Бюджетті нақтылау барысында бөлінген 3,5 млрд теңге қаржыға қосымша 4,7 млрд теңге қарастырылды. Жол құрылысы жыл соңына дейін бітеді. Тұрғын үй саласы бойынша Талдықорған қаласының әкімі айтқан үйлердің құрылысын толық аяқтауға қосымша 7,2 млрд теңге қаржы керек. Бұл қаржыны алдағы уақытта міндетті түрде шешіп береміз. Текелі мен Алакөл аудандарында салынатын, жалға берілетін 2 үйдің құрылысына керекті 2,7 млрд теңге қаражат жайы да тиісті шешімін табатын болады. Сонымен қатар салынып жатқан үйлерге инженерлік желілерді тарту үшін қосымша 570 млн теңге қаржы керектігі айтылды. Бұл мәселені бюджетті қосымша пысықтау барысында қарастырамыз», деді ведомство басшысы.
Қала құрылысымен толық танысқан министр 500 орынға арналған емхана мен Үштөбе қаласындағы кремний өңдейтін «KazSilicon» комбинатын толық аралады. Бұл ретте аурухананың инженерлік-жобалық жұмыстарына қолдау көрсетілетін болды. Ал жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнына сәттілік тіледі.
Іссапар соңында ведомство басшысы, облыс тұрғындарының өзекті сұрақтарына жауап берді. Мәселен, Ескелді ауданының тұрғыны Қарабұлақ ауылындағы кәріз жүйесі бүгінде халықтың су бұруға байланысты қажеттілігін 100 пайызға қамти алмай отырғанына шағымданды. Өтініш берушінің айтуынша, қазір жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Марат Қарабаев облыс әкімдігі қажетті құжаттама мен негіздемені ұсынған жағдайда министрлік бюджеттік бағдарламалар шеңберінде жоғарыда айтылған жобаны қаржыландыру мәселесін қарастыруға дайын екенін айтты.
Сондай-ақ жиында тұрғындар Талдықорғандағы үй комиссиясының жұмысы мен жаңа пәтерлердің сапасы сын көтермейтінін айтты. Оған қоса темір жол мәселесі де тұйыққа тірелгенін жеткізді.
Бұл күні М.Қарабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. ИИДМ басшысымен кездесуге 6 адам өтініш берген. Олар жер қойнауын пайдалану, құрылыс, тұрғын үйді жекешелендіру, инфрақұрылым және т.б. салаларға қатысты сауалдар жолдады. Мысалы, облыс тұрғыны С.Найзабекова министрге 3 учаскеге қатысты барлау лицензиясын қайтарып алуды өтінді. Осы орайда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 20-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалануға лицензия алу пайдалы қазбаны өндіріп, иеленуге негіз беретін құқықтық тетік саналатынын атап өткен жөн. Барлауға және өндіруге арналған лицензия Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасымен айқындалып, аумақтар бойынша берілетінін ескеру қажет.
Ал С.Әмірғалинов есімді азамат жүнді тазалау мен иірілген жіп өндірісіне арналған жабдықтарды орнатуға байланысты инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті қондырғыны лизингке сатып алуға қолдау көрсетуді сұрады. Оның сауалына сәйкес ИИДМ Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы тиісті жобаларды қаржыландыру жөнінде бірқатар инвестициялық бағдарламаны әзірлегені туралы түсініктеме берілді.
Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп жобаларына жалпы 50 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған. Сонымен қатар құжаттар пакеті Idfrk.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы Өнеркәсіпті дамыту қорына берілетінін айта кету керек.
Азаматтар көтерген мәселелердің арасында тұрғын үй және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты дәстүрлі сұрақтар да болды. Сонымен бірге Asma Industrial компаниясының өкілі өнеркәсіптік аккумулятор батареяларын өндіретін зауыттың құрылысын қаржыландыруға жәрдемдесуді өтінді. Осыған байланысты ИИДМ өнеркәсіптік аккумуляторлар өндірісін жолға қоюды қолдайтынын айта кеткен орынды. Ведомство басшысы бұл өтініш таяу арада қаралатынын жеткізді.
Қабылдауға жазылған барлық азаматқа заң нормалары түсіндіріліп, тұрғын үйді сатып алудың тең әрі әділ мүмкіндіктері қарастырылған қолданыстағы тұрғын үй саясаты туралы да ақпарат берілді.
Жетісу облысы