Мектеп • 30 Наурыз, 2023

Шалкөденің алғашқы мектебі

1007 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде Райымбек батырдың есімімен аталатын Нарынқол ауданына қарасты Шалкөде орта мектебі биыл ғасырлық тойын атап өтуде. 1923 жылы алғашқы мектеп іргесінің қалануымен осы өлкеде бала оқыту ісі жанданып, Алаш қайраткерлерінің халық ағарту ісіне белсене араласуының нәтижесінде білім ошақтарының қатары көбейе бастады. Алғашында 20 бала оқыған мектеп кейіннен іргелі білім ордасына айналды. Бүгінде мұнда 400-ден аса оқушы білім алып жатыр.

Шалкөденің алғашқы мектебі

Математика, физика, информатика саласы­ның 100-ге жуық маманы түлеп ұшқан алтын ұяның айтулы датасы ілкімді жобалармен бас­талды. Арнайы қор құрылып, мектеп түлектері ауыл мектебін жаңғыртуға байланыс­ты қолғабыс іс-шараларын бастап кеткен болатын. Алматыда Ұлттық кітапханада «Шалкөде мектебі – 100 жыл: тарихы, бүгіні мен даму болашағы» тақырыбымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар ауыл мектебінің жағдайы, білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Нарынқол өңіріндегі алғашқы мектептер тарихын зерделеумен басталған алқалы жиынды «Қазақ радиолары» Алматы студиясының басшысы Бақыт Жағыпарұлы бастап, жиын қатысушыларына «Осы игі бастамаға алтын ұя мектебімізден түлеп ұшқан әрбір азаматтың үлес қосуы қажет» деп жігерлі ой тастады. «Айтулы шара білім ошағының 100 жылдығын атап өту ғана емес, кешегісі Алаш қайраткерлерінің ізгі істерімен тығыз байланыста өрбитін мектеп тарихының ғылыми-зерттеу жұмыстарымен жалғасын табуға тиіс. Бұл игі іс-шара ұстаздар еңбегін бағалаумен қатар Шалкөде мектебі түлектерінің еліміздің білім кеңістігіндегі беделін арттыра түсетіні сөзсіз», деді Б.Жағыпарұлы.

Бала оқыту ісінде қажымай-талмай еңбек еткен ұстаздарға, шәкірттер ісіне ризашылығын білдіріп, алдағы жоспарларына сәттілік тілеген кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекова білім ұясының тарихына қатысты қор деректері туралы айтып өтті. Арнайы ұйымдастырылған көрме маңызды деректерді айғақтап қана қоймай, мектеп мұражайындағы жәдігерлер, аудандық «Хантәңірі» газетінде жарық көрген мақалалар алғашқы білім ошағының өткені мен бүгінін сабақтастырып тұрғандай еді.

Бүгінде еліміздің білім саласының алдында ауыл мектептерін дамыту мәселесі тұрғаны белгілі. Осы орайда республика мектептері және ауылдағы білім ошақтары жайын­да баяндама жасаған Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Ауыл мектебі» зертханасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Наурызбайқызы шалғай аудандардағы мектеп­терді қолдау, балалардың қосымша білім алуына мүмкіндік жасау мәселесін қозғады. Осы орайда республика мектептерінде білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді жобаларға назар салатын болсақ, ғалым Жазира Әкімбаева «Сапалы білім кепілі – мұғалім» баяндамасына Райымбек аудандық білім бөлімі деректері негізінде ғылыми жұмыстар нәтижесі, олимпиа­да көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

Жиын барысында ғылымда қол жеткізген жетістіктерін өзін оқытқан ұстаздардың білік­тілігімен байланыстыра сөз сөйлеген Шалкөде өңіріндегі алғашқы мектептің түлегі, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Жоғары математика кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Әужан Сақабеков технологиялар қарыштап дамып бара жатқан кезеңде ауыл баласының білім деңгейін көтерудің, оларды техникалық мамандықтарға көптеп баулудың маңызына тоқталды. «Алғаш Әсем Тоқанбаева, ақиық ақын Мұқағали Мақтаев, Мәлікаждар Құлмұханбетовтен дәріс алдым. Ол кезеңде мұғалімнің білім беруге құлшынысы, баланың оқуға деген ынтасы да жоғары болатын. Біз үшін Жұмабек Жантыбаев, Ынталы Құсайынов, Сә­кен Кендірбаев, Нығмет Қожабергенов сынды ұстаздарымыздың еңбегі зор» деп атап өткен про­фессор ауыл балалары білімін республикада ғана емес, шетелдерде де паш етуге қолайлы жағ­дай туғызу үшін ұстаздар күш салуы керек еке­нін әрі осы іске белсене атсалысатынын жеткізді.

Бүгінде 60-тан аса ғылыми еңбегі шет тіл­деріне аударылған физика-математика ғылы­м­­дарының докторы, профессор Қаден Бопаевтың есімі Шалкөде өңірімен тығыз байланысты. Отандық ғылым-білімнің дамуына өлшеусіз үлес қоса жүріп, ауыл баласының білім шыңына жетуіне айрықша еңбек сіңіргеніне ғалымның артына қалдырған мол мұрасы дәлел. Осы орайда 10-нан аса ғылым докторы, 20-ға жуық ғылым кандидаты шыққан мектеп тарихын Есік қаласындағы жекеменшік медицина колледжінің оқытушысы Нұрлан Құлмұханбетов «Шалкөде-100: ізденістер мен іркілістер» баяндамасына арқау етті. Мектептің құрылу кезеңі мен дәуірлеу жылдары жайындағы деректерді ортаға сала отырып, ауыл мектептерін дамытудың маңыздылығына тоқталған Н.Құлмұханбетов: «Шалкөде өңірінде алғашқы мектеп 1923 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Біркетпен болысындағы Қолтық сайда ашылған. Мектептің дамуына Мәлікаждар Құлмұханбетов пен Айдархан Қалдыбаевтай ұстаздарымыздың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бірі басшы, бірі білікті мұғалім бола жүріп, балалардың сапалы білім алуына ықпал етті. Алайда Мәлікаждар Құлмұханбетов жазықсыз тұтқындалып кетті. Ол 14 жыл айдаудан кейін елге оралып, бала оқыту ісіне қайта араласқан. Осы жылдарда Алаш зиялыларының бастамасымен ауылдарда қысқа мерзімді мұғалімдік курстар ашылды. Мұнда Елтай бастауыш мектебінен бітіріп шыққан оқушылар білімін жалғастырып, кейіннен Нарынқол өлкесінің әр аймағында жемісті еңбек ете бастаған», деп атап өтті.

Сол кезеңде ұстаздар алдында сапалы білім, тағылымды тәрбие беру ісі тұрды. Сыдық Байбұлынов, Омарқожа Артықов, Әбдюсүп Әкімжанов, Байтұма Тұраровтың бала оқытуымен мектептің жаңа дәуірі басталса, Ғани Бостанов, Жайлаубек Әкімбаев, Нұржамал Әлиасқарова, Мәрия Добалова, Маруся Сақабекова, Жақан Мұқаев, Жеңіс Ақылбеков, Әкпаржан Ақылбаев тағы да басқа ұстаздар мектепті биік белеске көтерді. Ал 1970-1985 жылдар мектептің алтын кезеңіне айналды. Тілеухан Алғазиев, Ұлтуған Айдарованың басшылығымен ауыл жағдайында алғашқы рет физика, математиканы тереңдетіп оқыту сыныбы ашылса, 1989 жылы Күләйхан Тайбағарова, Зәуреш Жанботаеваның химия пәнін тереңдетіп оқыту ісін қолға алуымен бұл салада да білікті мамандар даярланып, нәтижесінде мектеп түлектерінің 95 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына түсті.

Тереңдетіп оқыту сыныптарының ашылуымен аудан, облыс, республика деңгейінде мектеп жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 1932 жылы солақай саясаттың салдарынан Қытайға ауып, ағартушылықпен айналысқан Шарғын ақынның ұрпағы, құрметті ұстаз Тілеухан Алғазиев математика және химия пәндерін тереңдетіп оқыту ісін жолға қоюдың алғашқы кезеңдері туралы әңгімелеп, бұл сыныптарды ашу оңайға соқпағанмен, бүгінгі нәтижесін республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген сала мамандарының жетістігінен көрініс береді, деп атап өтті. Т.Алғазиев сонымен бірге бүгінгі білім беру жүйесіндегі бірқатар кемшілікті, оқулық жазудағы олқылықтарды да қаперге алып, «білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек» деді өз сөзінде.

Шалкөде мектебінің математика, физика, химия саласы ғана емес, шет тілдерін үйрету­дегі тәжірибесі аудандағы өзге мектептерге үлгі болды. «Француз-қазақ» сөздігінің авторы, ғалым Күлән Ермекова ұстазы Жүнісхан Мәлікаждарұлының тіл оқыту әдістемесінің арқасында жеткен жетістіктері туралы әңгімеле­се, Лима Жәкеева,Жақан Мұқаев, Әмина Әлімжанова, Марат Әмірбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы бүгінгі ауыл жағдайы, білікті ұстаз, сапалы білім беру мәселесін қозғады. Мектептің алғашқы ұстаздарының бірі Нұртәліп Бостановтың өмір жолына қатысты деректерді немересі, ғылым кандидаты Бектас Ғаниұлы ұсынып, жаңалықтың жаршысы бола білген ұстаз туралы әңгімелеп берді. Бүгінде онға жуық ғалым шыққан әулеттің ұрпақтары сапалы білім беру жолында еселі еңбек етіп келеді.

Жүзжылдық тарихы бар мектептегі игі іс-шара «Жаратылыстану-математика бағытындағы үздік тәжірибелер мен инновациялар» тақыры­бын­да жалғасып, шеберлік сағаттары өтті. Ал ауыл балалары білім көшінен қалмаса екен деген тілекті ұстанған түлектер жеке пән сыныптары үшін интерактивті тақталар, гло­бус­тар, географиялық карта мен тағы да басқа оқушы кәдесіне жарайтын заманауи құрал­дарды сыйға тартуы мектеп ұжымы үшін тосынсый болды.

Қазіргі кезде мектеп тарихын зерделеу ісін жалғастыруды мақсат етіп отырған ғалымдар мен түлектер Шалкөде өңірінде алғаш ашылған мектеп жайында деректі фильм түсіріп, мазмұн­ды кітапқа арқау болатын құнды дүниелерді жинақтауда. 

 

АЛМАТЫ