Білім • 04 Сәуір, 2023

Оқу үдерісін цифрландырудағы олқылық

165 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Республика өңірлерінде интер­неттің қолжетімсіздігінен орта білімдегі оқу үдерісін толық­­тай цифрландыру мүм­кін болмай отыр. Ақпарат­тық тех­нологиялардың жетіс­пеу­шілігі қала мен ауыл бала­ларының білім сапасына да кері әсерін тигізу үстінде.

Оқу үдерісін цифрландырудағы олқылық

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»

Үкімет тарапынан оқу үдерісін цифрландыруға байланысты ауқым­ды жұмыс жүргізіліп жатқа­ны­на қарамастан, аталған мәселеге қатыс­ты шағым көп. Осы мәселені Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкі­мет отырысында тиісті ведомство­лар басшыларымен бірге талқылап, инно­вациялық әдістерді шалғай ауылдар­дың өзінде қолдану мүмкіндіктеріне шектеу жоқ екенін айтқан болатын.

Үкімет басшысы атап өткендей, қала мен ауыл оқушыларының ара­сын­дағы білім сапасының алшақ­тығын қысқарту мақсатында ең алды­мен, ауылдық мектептерді интерак­тив­ті тақтамен және компьютермен жабдықтау қажет. Электронды оқулық­тар кез келген компьютерде немесе мобильдік гаджетте қолжетімді болуға тиіс. Мультимедиалық компоненттер мен тапсырмалар көрініс тауып, оқу үдерісі интерактивті, заманауи білім беру технологияларына негізделуі керек.

Алайда Үкімет басшысы айтып отырған заманауи мүмкіндіктер интер­неттің сапасыздығынан көпте­ген аймақтағы мектеп үшін қол­жетімсіз. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, қазіргі кезде ауыл мектептері интернет инфрқұрылымымен толықтай жабдықталған. Десе де ауылдардағы білім үдерісін цифрландыру әлі төмен деңгейде қалып отыр. Оның себеп­терін мектепшілік интернет жүйесінің таралымымен байланыстырған Б.Мусин жылдамдықтың жеткіліксіздігіне қатысты проблемаларды да атады. Министрдің айтуынша, мектептерде интернетті қамтамасыз етуге қаржылық жағынан әкімдіктер жауапты. Сондай-ақ техникалық шарт­тардың болмауын да қаперге алу шарт. Бүгінде мектептерді жоға­ры жылдамдықты интернетке қосуға техникалық мүмкіндік бар. Алай­да оны толыққанды пайдалануға мек­теп директорларының қаржы үнем­деуі емес, әкімдіктер мен мәслихаттар мектептерді қажетті тариф­тік жоспарға қосуға мән бермей­тіндігі себеп болып отыр. Ал қаражат­тың жетіс­пеуші­лігінен жоғары жылдам­дық­ты интер­нетті қамтамасыз ету мүмкін емес.

Үкімет басшысы осы олқы­лық­­тардың орнын толтыру үшін Цифр­л­ық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мектептердегі интернет жылдам­дығын арттыру, мектептерді талшықты-оптикалық, жергілікті және сымсыз желілермен қамтамасыз етуге тапсырма берді. Қазіргі кезде ірі қалалардың өзінде интернет-сигналдың сапасы сын көтермейді. Ал өңір әкімдері оқу орын­дарының қауіпсіздігі мен білім беру саласын цифрландыру мәселелерін жеке бақылауда ұстауы қажет.

Оқу-ағарту министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, бүгінгі таңда респуб­лика бойынша 7 мыңдай мектеп Kundelik, BilimLand, EDU және тағы да басқа білім беру платформа­ларын қолданады. Бұған қоса мектеп­тер­дің мобильді қосымшалары, анали­тикалық тақталар, асхана мәзірі және басқа да қосымша қызметтері бар. Қазіргі кезде оқулықтардың 80 пайызға жуығы цифрлық форматқа ауыстырылып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Келер жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен жүз пайызға дейін қамту жоспарланып отыр. Тиісті министрліктің мәліметінше, қосымша оқу материалдары ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары қолданыста әрі пәндер бойынша 50 мыңнан астам ресурс жұмыс істейді. Жыл басынан бері цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылып, оның қызметін күн сайын 3 млн оқушы мен мұғалім пайдаланады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі деректері бо­йын­ша бүгінде 7 098 мемлекеттік мек­тептің (5 137-сі – ауылдық, 1 961-сі – қалалық) 7 078-і (5 122 ауылдық және 1 956 қалалық мектеп) интернет же­лісіне талшықты-оптикалық бай­­ланыс желілері, жерсеріктік техно­ло­гия­лар, радио-релелік желі, сон­дай-ақ ADSL технологиясы сияқты әртүр­лі технологиялармен қосылған. Интер­нет жылдамдығы 664 мектепте (509 ауылдық және 155 қалалық) Халық­аралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес келеді. 6 414 мектепте (7 078-ден 90,61 пайызы) интернет жылдамдығын осы одақтың талаптарына жеткізу қажет. Халықаралық электр байланысы одағы бір мектепке ке­мінде секун­дына 20 Мегабит жылдам­дық­ты ұсы­н­ады. Ал оқушылар саны 400-ден асатын мектептер үшін қосымша әр­бір 20 оқушыға кемінде секунды­на 1 Ме­­габит жылдамдық қажет. Қазір­­гі кез­­де 2 833 мектепте интернетке қол жет­­кізу жылдамдығын одақ ұста­­ным­да­ры­­на жеткізуге техникалық мүм­кін­­дік бар. Оған жыл сайын ша­ма­мен 10 млрд теңге қарастырылуға тиіс. Бар­­­лық мектептегі интернет желісі­не қол­­же­­тім­ділікті қамтамасыз ету үшін төленетін қаражат көлемі 6,5 млрд теңгені құрайды.

Осы орайда тиісті министрлік жер­гілікті атқарушы органдардың интернет жылдамдығын арттыруға қаражат бөлуін құптап отыр. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін әрбір мектеп үшін жергілікті желі топологиясын әзірлеуді және алдағы екі жыл­да жер­гілікті және сымсыз желілер құру қажет екенін алға тартып отыр. Бі­рақ елі­міздегі 6 414 мектептің 3 581-ін­де ин­тернет жылдамдығын арт­тыруға тех­­никалық мүмкіндік жоқ. Сондықтан ин­­тер­неттің қажетті жылдамдығын жер­­серіктік технологияларды қолдана оты­­рып қамтамасыз етуге тура келеді.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғам­ы­ның алдын ала есептеулеріне сәйкес жыл сайынғы қаржы көлемі – 418,2 млн теңге, ал бір мектепке кететін қаржы көлемі 913 149 теңгеге тең. Осы орайда жерсеріктік технологияларды қолданып, 458 мектепті интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал қалған 3 123 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асады. Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдарға 190 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.

Тиісті министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде әкімдіктерге интернет қосу келісімшарттарын орталықтандыру мен мектеп ішінде Wi-Fi және локалды желілер орнатуға қосымша қаржы қарастыру туралы тапсырма берілген. Сымсыз нүктелер 200 құрылғының бір мезетте жұмыс істеуіне және барлық сынып, зертхана, мектеп ауласы, әкімшілік блокты Wi-Fi-мен қамтуға мүмкіндік береді. Осы жылдың соңына дейін типтік талаптарды әзірлеп, білім мекемелері үшін бірыңғай байланыс орталығын құру жоспарланған.