«Қауіпсіз NIS» мобильді қосымшасы мектеп жасындағы кез келген бала суицидпен байланысты мәселелерге тап болған жағдайда ақпарат алуға арналған әрі рухани ерік-жігер беруге көмектеседі. Жобаның авторы – Даниал Шокобалинов. Ол телефонға телмірген өзі қатарлы жастардың басты проблемасы психологиялық ауытқулар екенін жақсы біледі. Күнделікті мыңдаған ақпарат жасөспірімдердің санасын улап жатыр. Ал ата-ананың қадағалауынан қалыс қалған кейбір оқушылар қауіпті ақпараттың шырмауына түсуі әбден мүмкін. «Маған америкалық психолог Авраам Маслоудың «Бүгін істей алатын істі ертеңге қалдырмаңыз. Егер біреу сіздің көмегіңізге мұқтаж болса, оны қазір беріңіз» деген сөзі ұнайды. Мені алаңдататын басты мәселе – қоғамда өзіне қол жұмсайтын жастардың көбеюі. Бұл – еліміз үшін үлкен қауіп. Неге десеңіз, бала кезінде психологиялық дертке шалдыққан адамның одан айығуы өте қиын. Оның өзге де адамдарға зияны тиюі мүмкін», дейді Даниал.
Оның айтуынша, бұл іске Информатика пәнінің мұғалімі Равиль Рамазанов мұрындық болыпты. Ұстазы екеуі бірлесе идеяларын жаңғырып, жақында Астанада өткен байқауда үлкен ғалымдардан оң пікір алып қайтыпты. Қазір бағдарламаға қосымша ақпараттар енгізіліп жатыр. «Мұнда онлайн деректер базасы болады. «Қауіпсіз NIS» мобильді қосымшасының дизайны мен функционалдығы оқырманды өзіне елітіп әкетуі керек. Қазір iOS және Android платформаларына «Қауіпсіз NIS» мобильді қосымшасын енгізу жоспарда бар», дейді Р.Рамазанов.
Егер жоба мақұлданып, іске асатын болса көптеген қолайсыздықтың алдын алуға болады. Ең ғажабы, «Қауіпсіз NIS» қосымшасы жасөспірімдерге өз эмоциялары мен сезімдерін білдіруге де мүмкіндік береді. Өмірге құштарлықты оятады. Одан бөлек қолданушыға ыңғайлы интерфейске ие. Жоба авторлары жылдам жүктеліп, әртүрлі құрылғыларда жұмыс істеуіне күш салып жатыр.
Өкінішке қарай, мектеп қабырғасында оқып жүріп, өзіне қол жұмсауға бейіл оқушылар Жетісу өңірінде де жоқ емес. Мамандардың айтуынша, білім ордаларында профилактикалық жұмыстар жеткілікті жүргізілмейді. Бала кішкентай кедергіге тап болса, бірден психологиялық тығырыққа тіреледі. Оған басты себеп – әлеуметтік, отбасылық, психологиялық факторлар. Шеңберге қамалған оқушыға ата-анасының, сынып жетекшісінің, өзі араласатын жақын ортасының мейірімі жетпей жатады. Қоғамнан көңілі қалған баланың қайта қалпына келуі қиын. Аталған жоба осы мәселелердің бәрін қамтыған. Қолданушымен өзара диологке түсе отырып, әртүрлі қызықты тапсырмалар береді. Әрі тестілеуден өткізіп, қоғамдағы рөлін айшықтайды.
Психологтар көбіне балалар суицидке негізінен 15-16 жас аралығында ұрынатынын алға тартады. Өкінішке қарай, елімізде кейінгі жылдары бұл жас мөлшері анағұрлым жасарғандығы байқалады. Үнемі смартфонға шұқшиған жастардың ішкі әлеміне ата-анасы бойлай бермейді. Жігіттен көңілі қалған қыздар немесе ғашығы қарамаған жігіттер ойланбай әнтек әрекетке баруға асық. Одан бөлек мектеп қабырғасында жоғары сыныптардың қоқан-лоққысы оқушының санасына қатты әсер етеді.
– Кеңес өкіметі уақытында суицидке барып, тірі қалған тұлғаға психиатриялық емханаға қаралуы міндеттелінетін. Себебі мұндай жағымсыз жағдайға тап болған жан иесінің қайтадан аяққа тұруына үлкен жігер керек. Әйтсе де қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бұл туралы ешқандай мәлімет жоқ. Оқушының маманға қаралғанын қадағаламайды да. Оның үстіне қазіргі заманда балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздік қауіпті қадамдарға итермелейді. Біздің жобада осының бәрі ескерілген, – дейді Р.Рамазанов.
Жетісу облысы