– Ұлттық университеттің тарихы тереңде жатыр. Оқу ордасы алғаш академиялық қалашық моделімен салынған болатын. 1974-1975 жылдардан кейін университетке кең көлемде инвестиция құйылмаған. Сондықтан бұл жолғы қадамның маңызы өте жоғары. Жоспарға Мемлекет басшысының өзі қолдау білдіріп отыр. Қара шаңырақтың екінші тынысы ашылды деуге болады, – деді естелік капсуланы орнату іс-шарасына қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров жаңа жатақханалардың салынуы жастар үшін айтулы іс-шара екенін атап өтті. Ал университет ректоры Жансейіт Түймебаев құрылыстың екінші кезеңін жүзеге асыру студенттер үшін заманауи мүмкіндіктер сыйлайтынын айтты.
– Ұлттық университет еліміздегі іргелі, көшбасшы оқу орны ретінде танымал. Мемлекет басшысы бұл жоспарды өткен жылы университетімізге жұмыс сапарымен келгенде көріп, барлық бастамамызға қолдау көрсетті. Еліміз бен шетел жастарының көбі заманға сай білім алу үшін Қазақ ұлттық университетін таңдайды. Бүгінде оқу ордасында 24 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оның ішінде 50-ге жуық мемлекеттен келген 3 мыңнан астам шетелдік студент бар. Университет «QS WUR» әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді, – деді Ж.Түймебаев.
Айтулы іс-шара барысында келешек ұрпақ үшін жазылған хат арнайы капсулаға салынды.
Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, алдағы жоспарда қалашықта 14 700 орындық оқу ғимараттары, 12 мың шаршы метр әкімшілік корпустары, 35 мың шаршы метр емхана, 3 мың шаршы метр спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк және студенттер мен магистранттарға, докторанттарға үш гектар жерге 12 мың орындық жатақханалар бой көтеретін болады. Сондай-ақ қолданыстағы жатақханалар, оқу корпустары мен әкімшілік ғимараттар күрделі жөндеуден өтеді.
АЛМАТЫ