Ғылым • 18 Сәуір, 2023

Қазақ тілі ғылым тіліне айналса игі

1034 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру тек тіл ғалымдары атқаратын шаруа емес. Ғылымның әр саласындағы мамандар өзара ынтымақтаса отырып, ғылыми тілді жүйелеудің озық үлгілерін қаперге алуы қажет. Алматыда «Қазақ тілінің интеллектуалдық даму өрісі: ғылым және мәдениет» тақырыбында өткен ғылыми-теориялық конференция барысында сала мамандары қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі әлеуеті, тілдің дамуына кедергі болып отырған мәселелерді ортаға салды.

Қазақ тілі ғылым тіліне айналса игі

Іс-шараны Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты, Т.Жүр­генов атындағы Өнер академиясы, Жазу­шылар одағы, «Қоғамдық келісім» рес­пуб­ликалық мекемесі бірлесіп ұйым­дастырды.

– Соңғы отыз жылда «Тіліміз құрып барады» деген мазмұндағы ұрандар кө­­бейіп кетті. Алайда осы мерзімде тіл­ді үйреніп, қолданысқа енгізу үшін іш­кі тегеурінін күшейтуді, заманауи қол­да­нысқа сай мәртебесін көтеруді ес­тен шығарып алдық. Кеңестік дәуір­дің өзінде тілдің тазалығы, ғылыми өрі­­сі­не аса мән берілді. Мектептер жа­бы­­лып жатқан кездің өзінде тіл қол­дану­шыларының мәдениеті жоғары болды. Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, қазақ баспасөзі мен өнері тарапынан тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі күнде де ғылым, әдебиет, мәдениет саласын­да тіл қолданысында жетістіктер баршы­лық. Алайда ұрандатып сөй­леу­ден гөрі тіл мәдениеті, сөйлеу мәде­ние­тін­дегі көкейкесті мәселелерді шешу­дің тетік­терін қарастырған бәрінен маңыз­ды, – дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов.

Бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ұлттық сөздік қор­дың 4 миллионнан астам карто­те­калық базасы жинақталған. Осы кар­тотекалық қор негізінде іргелі сөздіктер, профессор Н.Уәлидің жетекшілігімен түркі дүниесінде теңдесі жоқ, линг­вистикалық қана емес, лингво-мәдени танымдық ақпарат беретін 15 томдық түсіндірме сөздік әзірленгені белгілі. Институттың бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова «Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуеті» тақырыбындағы баяндамасына осы мәселелерді арқау ете отырып, бұл деректер осы уақытқа дейінгі тіл білімі институтының қазақ тілі жөніндегі жинақталған үлкен империкалық базасы негізінде жасалған қорытындылар екенін назарға салды. Институт қазақ сөзінің шырақшысы ретінде өткен ғасырдың 40-жылдарынан бергі аралықтағы қазақ сөзінің контекстегі бүкіл көріністерін қима қа­ғаздарға жинақтап келеді. Осы ақпа­раттар негізінде қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетіне қатысты «Қазақ тілі қандай тіл?» деген сауал тастай отырып, А.Фазылжанова «Қазақ тілі – жер бетіндегі 6 мыңнан астам тілдің ішіндегі дамыған алты жүз тілдің бірі, оның ішінде алғашқы жетпіс тілдің ортасында, мемлекеттік тіл мәр­те­бесіне ие болған 259 тілдің бірі, бір­неше халықаралық ұйымдардың тілі, ха­лық­аралық қатынас тілі, Қазақстан аумағынан тысқары жерде де қаншама халықтың қолданысында тіл, түркі тілдерінің ішінде түп төркінін сақтаған тіл. Демек қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мүмкіндігі шексіз», деп атап өтті.

Осы орайда К.Матыжанов тілді да­мыту, ғылым тіліне айналдыру үшін ма­те­матика, тарих, информатика сияқ­ты көптеген сала мамандарымен тілдік іркі­ліске қатысты мәселелерді талқылау қа­жет­тігін, сонымен бірге қазақ тілінде ау­дарылған әдебиеттерде кездесетін қате­лер, қазақ тілінде лекция оқи алмай­тын мамандардың бар екеніне қаты­сушы­лардың назарын аудара отырып, оған нақты көңіл бөлу қажеттігін алға тартты.

Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясының проректоры, профессор Шәріпбек Әмірбек «Қазақ қоғамындағы мағыналық кеңістіктегі қарама-қайшы­лықтар және қазақ тілін реформалау мәселесі» баяндамасында орыс тілі мен қазақ тілі арасындағы мағыналық қайшылықтар, қоғамның діни тұрғыдан бөлшектенуіне қатысты мәселелерді ортаға салды. Елімізде заңдардың қазақша жазылмайтындығы, қазақша жазылған жобалардың сараптамадан өтпей қалу себептеріне жауап іздей отырып, қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі жайында пікірін білдірді.

Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов «Баспа ісінің тіл мәдениеті» атты баяндамасында бүгінгі баспа ісі, кәсіби редактура, сауатсыз аударламалар төңі­регінде ой өрбітті. Қаламгердің айтуынша, қазіргі баспалар үшін кез келген кітапты шығару оңай. «Бұл баспа ісіндегі кері кетушілікті білдіреді. Өз тілін білмейтін мамандардың, кезінде таңдаулы мамандардың ғана қолына түсетін шығармаларды екінің-бірі аудара салатын жағдайлар тілі жұтаң, оқуға келмейтін аудармалардың көбеюіне соқ­тырып отыр. Кезінде жақсы редак­тор болмай, жақсы жазушы бола алмай­тын. Сондықтан бүгінгі баспа саласына басқаша көзқарас қажет», дейді М.Құлкенов.

«Қазақ тілін ғылым тіліне айнал­дыру мемлекетшілдікпен тығыз байланыс­ты» деп атап өтті «БАҚ: Мемлекет­шілдік және тілдік-мәдени ұстаным» атты баяндамасында филология ғылым­дарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы. Ғалымның айтуынша, мемлекетшілдік – барлық салаға қажетті құндылық. Мемлекеттік рухта ғана тіл де, мәдениет те дамиды. Бүгінгі қоғам түйткілдерін Абай, әл-Фараби, Алаш идеясы тұрғысынан қарастыра келіп, ұлттық мүдде, мемлекетшілдік ұстаным сәйкестігі туралы ой қозғаған Д.Қамзабекұлы қазақ тілінің ғылым тіліне айнала алмау себептерін алға тарта отырып, оқулықтарда, ұлттық ақпарат құралдарында ел мүддесіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен бірге халық үміт артып отырған билік өкілдерінің ұлттық мүддеге қатысты жарияланымдардан бейхабар болуы әділетті қоғамда кереғар құбылыстарға әкеліп соғатынын алға тартты.

Жиын барысында Философия, сая­саттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Серік Нұрмұратов «Заманауи қоғамдағы тіл мәселесінің аксиологиялық аспекті­лері», Тіл білімі институты Ахметтану бөлі­мінің меңгерушісі Құралай Күде­ринова «Дәстүрлі сөзсаптамдағы қазақ тілінің интеллектуалды әлеуеті», Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Назира Әміржанова «Интернеттегі тіл экология­сы: Қазақ сөз мәдениетінің көрінісі» тақырыптарында баяндама жасап, қазақ тілінің қоғамдағы орны, тілдің болашағы туралы ойларын ортаға салып, проблемаларды бірлесіп шешудің жолдарына қатысты ұсыныстарын білдірді.

«Қазақ тіліндегі ауызша сөзді тану» әдісіне тоқталған Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Өркен Мамырбаев жасанды интеллекті ғылыми ортада пайдалану, ғалымдардың ізденістерін жеделдету үрдістерімен бөлісті. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған кезеңде мамандар үшін аудиоматериалды компьютерге түсіруде қиындықтар көп кездесіп жүргені белгілі. PhD Өркен Мамырбаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан ІТ жоба қазақ тілін технология тілімен байланыстыруды көздейді. Дыбыстану үрдісін жеңілдетуге арналған «Kazak ASR» тілдік модель дауыстық сигналдарды танып қана қоймай, мәтінге айналдыруымен ерекшеленеді. Осыған орай Telegram-да чат-бот қосымша жүйесі тегін жұмыс істеп келеді. Бұл ретте қазақ тіліндегі мәтінді транскрипциялайтын қосымшаны енгізу сапалы мәтіндік және аудиоконтент бола алады. Әттеген-айы, лингвист, филолог, археолог, журналист, тағы да басқа мамандар үшін аса қажет әдісті әрі қарай жетілдіру үшін қаражат жеткіліксіз болып отыр.

Алқалы жиын аясында қазақ тілі ғылым тіліне айналдырудың бірқатар әдіс-тәсілдерін талқылаған мамандар қазақ тіліндегі интеллектуалды ақпаратқа қатысты сауалнама нәтижесімен танысып, Тіл білімі институты ғалымдары әзірлеген бірегей жоба – Қазақ тілінің ұлттық корпусы туралы бейнероликті, сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.

 

АЛМАТЫ