Жиынды Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов ашты. Бүгінде шартарапқа шашылған қазақ халқы қай елде тұрса да өзінің тілі мен ділін, мәдениеті мен салт-дәстүрін жаһандық кеңістікте жұтылып кетуден көздің қарашығындай қорғап келеді. Осы орайда шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың бай дәстүрі мен мұрасын бір орталыққа жинастырып, арнайы мұражай ашып берсек, деген ұсынысын жеткізген Зиябек Қабылдинов осы бағыттағы ғылыми жұмыстарға жас ғалымдарды тарту мақсатында ғылыми қызметкерлер Қуаныш Мұрзаходжаев пен Елдос Сауырқанға Хасан Оралтай атындағы стипендияны табыс етті.
Алқалы жиынға арнайы жолданған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтауын «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш оқып берді. Хасан Қалибекұлы – халқымыздың күреске толы сан қилы тағдырын қаламына арқау еткен парасаты биік тұлға. Оның зерттеу мақалалары мен ғылыми еңбектері – ел тарихынан хабар беретін құнды мұра. Қайраткер қаламынан туған қайталанбас туындылар еліміздің өткені, бүгіні және болашағымен ұштасып, өскелең ұрпақтың тарихи санасының қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз. Мұстафа Шоқай жолын жалғастырған алашшыл ағамыз журналистика саласында ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп, ұлттық мәселелерді көтеріп, қажырлы қызмет атқарды. Оның баспасөздегі еселі еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Хасан Оралтайдың есімі ел тарихында лайықты орын алып, елшіл тұлғаның жарқын бейнесі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Атаулы мерейтой құрметіне ұйымдастырылып жатқан «Хасан Оралтай және ел тәуелсіздігі үшін қызмет етудің құндылығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция – соның айқын дәлелі» делінген құттықтауда.
Хасан Оралтай Түркия жерінде де өз мақсатын жүзеге асыра білді. Қазақтар туралы көлемді мақалалары газет беттерінде жарияланды. Шетелдегі қазақтардың тыныс-тірлігін зерттей бастайды. Салихли қаласына орналасқаннан кейін қоғамдық істерге, саяси қозғалыстарға араласты. 1968 жылы Мюнхендегі «Азаттық» радиосына қызметке тұрып, зейнет жасына дейін еңбек етті. Оның жеті жылында Хасан Оралтай Қазақ бөлімінің басшысы болды.
Ғалымдар бас қосқан алқалы жиында жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай «Ақпараттық соғыс немесе ұлтшылдық пен ұлтсыздық хақында» баяндамасында қайраткер есімін, аруағын ардақтауымыздың басты себебі Мұстафа Шоқайдың ізін басқан, ісін жалғастырған қайраткерлігімен тығыз байланысты, деп атап өтті.
Саналы ғұмырын жай күрес емес, қазақ деген халықтың азаттығы жолына, Алаш азаматтары үнін шетел баспасөзінде және «Азаттық» раиосы арқылы жеткізуге тер төкті. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің алдыңғы шебінде жүрді, – деді жазушы.
Ал академик Мәмбет Қойгелді «Түркістан тұтастығы идеясын жалғастыратын рух керек. Жаһандық қауіп-қатерлерге Орталық Азия халықтары біріккенде ғана қарсы тұра алмақпыз» дей келіп, елімізде Хасан Оралтайдай азаттық туын өрге ұстаған қайраткер тұлғаға ескерткіш қою туралы ұсыныс тастады.
– Қазақ халқының өркениет биігіне шығуын армандаған қайраткер тұлға әсіресе жастардың өз тарихын білгенін армандады. Дамыған елдермен қанаттас тұра біліп, тарихи танымын өзіне танытуды мақсат етті. Олардың рухын жылдар бойғы үрейден арылту қажет деген арманы да қазақ деген елдің болашағы үшін маңызды еді, – деп атап өтті филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы.
– Хасан Оралтаймен алғаш рет 1979 жылы Мюнхенде бағдарламалық талдау бөлімінде жұмыс істей бастағанда кездестім. Хасанды қазақ тіліне, оның ішінде Германиядағы қазақ диаспорасының мүшелеріне деген адалдығы үшін бірден бауыр басып кеттім, – деді естелігінде «Азаттық» радиосының бұрынғы директоры Чарльз Карлсон.
ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай: «Өзінің саналы ғұмырын Алаштың азаттығы жолына арнаған тұлғаның өмірі тәуелсіздік құндылықтарымен, игіліктерімен сабақтасып жатты. Өр десең – Өр, Алтай десең – Алтайдай асқар азамат болатын», деп толғанды.
Қайраткер өмірінің азаттық жолындағы күресі бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Оның отаншылдығы, намыспен астасып жататын талапшылдығы артында қалған жазба мұраларында анық көрініс береді. Туыстарының атынан сөз алған қайраткердің бауыры Әбілбашар Ілиясұлы да тарихи тұлғаның іргелі істеріне тоқталды.
Десек те, арманы, мүддесі ұлтының жарқын келешегімен үндескен Хасан Оралтай батыс Германияның Мюнхен қаласында 28 жыл бойы «Азаттық» радиосындағы қазақ редакциясында қызмет етті. Мақсат-мүддесін қазақ елінің тәуелсіздігі мен дербестігіне арнады.
– «Азаттық» радиосы қазақ елінің тәуелсіздігі жылдар бойы батыл пікірлерді әуе толқынында таратты. 1995 жылдың басында Мюнхеннен Чехия астанасы Прага қаласына көшкен «Азаттық» радиосын орналастыруға атсалысып, Қазақстаннан келген мамандарға көп нәрсені үйретті. Оның аманаты: Жыл сайын Мұстафа Шоқай туралы хабар дайындап, азаттық жолындағы күресін, іске асыра алмаған идеясын тыңдарманның құлағына жеткізіңдер. Шығыс Түркістандағы Оспан батырдың ұлт-азаттық үшін күресін, елі үшін айқасып өткенін, айуандықпен өлтірілгенін елдің есіне салып, хабар беріп тұрыңдар. Алашорда үкіметінің құрылған күнін, қазақ мемлекетін құрып, соның қалыптасуына жанын сала күрескен Әлихан Бөкейханұлы бастаған қайраткерлерді еске алуды ұмытпаңдар, – деп еске алды. Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы Саясат Бейісбай.
Хасан Оралтайды еске алу шарасы ғалымдардың зерттеулері, естеліктерімен әрі қарай жалғасын тауып, рухына құран бағышталып, ас берілді. Алматы қаласындағы «Өжет» ықшамауданында Хасан Оралтай атына көше беріліп, Астана театрындағы қойылымға ұласты.