Астана халқы бір апта бойы алматылық әртістердің үздік қойылымдарын тамашалайды. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Қарагөз», Б.Шоудың «Сүйікті менің періштем», Абай Құнанбайұлының қара сөздері бойынша қойылған «Қара», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді», Б.Брехттің «Пері қатын», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер. Ақбала», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» қойылымдары театрсүйер қауым назарына ұсынылады.
– Қазіргі заманның сипаты кешегіні тезірек ұмытып, ертеңгі күнге алаңдап өмір сүру сияқты болып көрінеді. Сәл бір-екі жыл шегініспен артқа көз салсақ, бүкіл әлем үлкен пандемиядан шықты. Шыны керек, әрі-бері жүру, әсіресе, театр фестивальдеріне қатысу, гастроль жасау өте күрделі болды. Міне, сол екі орталықта М.Әуезов театрының Астанаға келмегеніне де 5-6 жыл болып қалған екен. Осы уақытта қойылып, сахналанған елдің аузы, көрерменнің көкейінде жүрген спектакльдерді әкеліп бас қаланың зиялы жұртшылығына көрсетіп қайтайық деген шешім қабылдадық. Ұсынысымызды Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, осылайша Астана көрерменімен сағыныса қауышып жатқан жайымыз бар, – деді театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек.
Еркін Тілеуқұлұлы мәлім еткендей, Арқа төрінде мәдени оқиға жасауға Алатау баурайынан 70-ке жуық театр қызметкері, оның ішінде 40-тан аса актер мен екі үлкен көлік театр декорациясы ат арытып асыға жетіпті. Сол еңбек пен талпынысқа орай елорда халқының саф өнерге деген ықыласы да өте жоғары екен. Тіпті гастроль кестесіне енген кейбір қойылымдарды қайталап қоюын сұрап жатқан жұртшылық жетерлік. Солардың ішінде, әсіресе, жастардың ықылас-құлшынысы көңіл қуантады. Бұл – әлбетте халықтың театр өнеріне деген үлкен сүйіспеншілік пейілінің пайда болғандығының белгісі екендігіне де театр басшылығы баса тоқталды. Директордың айтуынша, қазір театрлар арасында бәсекелестіктен гөрі бауырмалдық басым. Демек, ондай ортада өрелі өнер тудыруға да тамаша жол ашылады. Мұның жарқын мысалы – алматылық М.Әуезов театры мен астаналық Қ.Қуанышбаев театрының өнер көрсетер театр алаңын алмастырып, бірдей уақытта бір-бірінің сахнасында қойылым ойнауы, сол арқылы көрермендерге де тамаша тарту жасауы. Қазір қос қалада да билет таппай сабылған көрермен санында шек жоқ. Бұл да болса өнердің өскендігінің, сол саф өнерді бағалаушы көрерменнің талғамының қалыптасқандығының белгісі екендігі сөзсіз.
– Қазір театрлардың арасында жарыс емес, ауызбіршілік пайда болды. Бір-біріне көрсететіндей үлкен актерлік, режиссерлік мектеп қалыптасты. Өнер ұжымдары арасында режиссерлер ауысып, бірінің режиссері екіншісінің театрына барып спектакль қоятын жақсы бір үрдіс қайтадан қалпына келе бастады. Бұл жалпы қазақ сахна өнерінің кеңістігінде болып жатқан жаңалықтар мен жақсылықтар екендігін баса айтқым келеді. Біраз жылдан бері ұмытылып кеткен «Театрға билет бар ма екен?», «Қайтсек орын табылады?», «Артық билет сатыңыздаршы» деп есіктің алдында жүрген адамдарды жиі көзіміз шалатын болды. Бұл да, шыны керек, қоғамның жақсаруының, халықтың шынайы, тірі өнерге деген көңілінің қалыптасуының арқасы, – деді театр директоры.
Еркін Жуасбектің пікірін театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов те қолдап, репертуардағы үздік спектакльдер іріктеліп әкелінген дәл осындай сипаттағы гастрольдік сапарлардың өнерді өсіретіндігін, алдағы уақытта мұндай бастамалардың көркемдік деңгейімен қатар география аясын кеңейтуді де алға тартты.
– Кезінде біз гастрольдік сапарларға айлап шығатынбыз. Бір облысты түгелімен аралап, елдің түкпір-түкпіріне қойылым қоятынбыз. Республиканы былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерге де оқтын-оқтын қазақ өнерін әйгілеп қайтқан сәулелі сәттеріміз жетерлік. Себебі өнер – ұлттың өзі, әсіресе, театр мен кино өнерінде қазақтың тұтас болмысы, боямасыз бейнесі жатыр. Сондықтан да өнерді идеологияның басты құралы деп бекер атамаса керек. Осы өлшем аясынан тарқатар болсақ, өнердің өркендеуі, көрермен талғамының қалыптасуы үшін мәдениет алмасудың маңызы зор. Театр гастрольдік сапарлардан бөлек, әртістерін шетелдерге шеберлігін шыңдауға жіберіп тұруының да сахна маманы үшін берері мол. Сонда өнер өседі, қазақ театры қарыштап дамиды. Менің өзім де кезінде Ресейге бірнеше мәрте барып, апталап жатып шеберлігімді шыңдап қайттым. Бұл әсіресе, тарихына 100 жыл толғалы отырған, сахнасында небір дүлдүл, ұлы тұлғаларымыздың ізі қалған әкемтеатр үшін маңызды. Қанатының астынан талай ұжымды түлетіп ұшырған М.Әуезов театры – өнердің үлкен қара шаңырағы. Гастролімізді жоғары деңгейде ұйымдастырып беріп отырған Мәдениет және спорт министрлігі келешекте осы жағын да ескерсе деген тілегіміз бар, – деді Асанәлі Әшімов.
Кезінде Қарагөз болып әкемтеатр табалдырығын имене аттаған актриса Данагүл Темірсұлтанова дәл осындай кәсіби кемелденудің арқасында бүгінде Мөржандай аналар бейнесінің биігінде көрініп, көрерменін тәнті етті.
– Асанәлі ағамыз жақсы айтып өтті, актер үшін кәсіби тәжірибе алмасудың маңызы зор. Сол арқылы әртіс өседі, сомдайтын кейіпкерін кемелдендіреді, шеберлігін шыңдайды. Нәтижесінде, көрермендерімізбен сахна арқылы сырласуға, өнер тілі арқылы сұхбат құру бақытына ие боламыз. Бүгінгі көрермен өте білімді әрі сезімтал және олардың талғамы әртүрлі. Сол көрермендеріміздің қабылдауына лайықты сан алуан қойылымдар біздің репертуарда бар. Соның бір парасын осы гастрольдік сапар бағдарламасына сыйғызып әкеліп отырмыз. Ойнаған рөліміз бен кескіндеген кейіпкерлерімізден көрермен қауым рухани азық пен ұмытылмас әсер алады деп сенеміз, деді актриса.
Расында да, М.Әуезов театрының елорда жұртшылығына әкелген қойылымдарының қай-қайсысы да тақырыптық жағынан болсын, драматургиялық, жанрлық тұрғыдан да көрермен көңілін қуанышқа бөлеп қана қоймай, ойлануға да жетелейтін мәнді, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер екендігін афишаға көз жүгіртіп-ақ аңғару қиын емес. Театрдың негізгі үш жанры – комедия, трагедия, драманы гастроль бағдарламасына теңдей сыйғызған ұжымның көрерменін қайталанбас сезімдер сапарына шақырары сөзсіз.