Кітапхана • 10 Мамыр, 2023

Кітапханашы даярлаудың жауапкершілігі

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде кітапханаға деген талап күшейтіліп, оқырмандар арасында кітапхана-библиографиялық білімді қолдану жандана түсті. Қазіргі нарық жағдайы кітапхана мамандарын жаңа деңгейде қайта даярлауды талап етеді.

Кітапханашы даярлаудың жауапкершілігі

Жоғары оқу орнының кітап­ханашылары, библиографтары – студенттің жаңа өмір баспалдағын бастаудағы ең бірінші мұғалімі, зерттеушісі әрі оқырман мен баспа басылымдары арасындағы сарапшысы. Әр кітапхананың өз тәртібі бар. Олар өзгелердің тәжірибесін әрдайым көшіре бермейді.

Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы барлық салаға дерлік өз ықпалын тигізгені анық. Оның қатарында кітапхана саласы да бар. Ақпараттық ресурстардың жаһандық жүйесі кітапхананың ішкі жұмыс үдерістерін іске асыруға (кітапхана көрсеткіштерін дайындауға, каталог сипаттамаларын дәлелдеуге, әдебиеттерді іріктеуге және толықтыруға, оқырман сұранысын орындауға) мүмкіндік береді. Сонымен қатар кітапхана факультеттері қазіргі техникаға сай жұмыс істей алатын арнаулы маман иелерін даярлап, кітапхана қызметкерлерінің көзқарасын бүгінгі заман талабына сай өзгертуге тиіс.

Қазіргі таңда кітапханаларға заманнан қалыс қалмай, жаңа трендтер мен үрдістерді қызметіне енгізу үшін өзіндік талаптар қойылады. Бұл – ең алдымен жоғары білімді, білікті кітапханашы мамандардың болуы. Елімізде жоғары білімді кітапханашыларды даярлайтын­ оқу орындары санаулы. Кітап­ха­нашыларға үш деңгейлі (бакалавр, магистратура, докторантура) білім мүмкіндігін ұсынып отырған жалғыз оқу орны ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін айта аламыз. Осы жылдың ақпанында аталған университеттің Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасында кітапханалық-ақпараттық жүйе бойынша «Сандық ғалам 4.0: кітапхана қауымдастығына арналған жаңа тенденциялар мен міндеттер» атты бірінші қысқы мектеп өткізілді. АҚШ, Түркия, Иордания, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның әр түкпірінен кітапхана өкілдері қатысып, тәжірибелерімен бөліскен жиында кітапханашы мамандардың тапшылығы мәселесі мамандардың қызу талқысына түсті. Біздіңше, бұған бірнеше фактор әсер етеді. Мысалы, кітапханалар мен кітапханашылардың қоғамдағы беделінің төмендігі, осы мамандыққа бөлінетін жыл сайынғы мемлекеттік грант санының азаюы және жалақының аздығы.

Жаңадан пайда болып жатқан облыстар мен аудандарда көпшілік кітапханалардың жетіспеушілігі, жаңа мектептерде кітапханашы мамандардың тапшылығы қазіргі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Статистикаға жүгінсек, Қазақ ұлттық университетінде кітапхана ісі мамандығын кейінгі 5 жылда 110-ға жуық маман бітіріп шыққан. Өкінішке қарай, кітапхана беделінің төмендігінен, олардың дені 4 жыл оқыған мамандығын тастап, басқа салаға ауысып кетіп жатыр. Соның ішінде қазіргі таңда 45-ке жуық маман ғана мемлекет сенім артып берген грантты ақтап, жастарды кітап оқуға шақырумен қоса, кітапханашы мамандығының мерейі мен беделін үстем ету жолында жұмыс істеп отыр.

Кітапханашылардың көбі пайда болған дағдарысқа бейтарап қарап, белсене қатысуға қалыс қалып жатады. Кітапханашылардың күнделікті орындайтын жұмыс­тары өз мамандығының шебер­лікті жете меңгеруді талап ет­пей­­тіні кездейсоқтық емес. Бас маман­дардың, әр категориядағы кітапханашылардың жоғары оқу орындарында және мамандықты көтеру жүйесіндегі алған білімі қазіргі талапқа сай емес. Кез келген оқу орнындағы кітапханалардың өзіндегі әдістемелік орталықтар өз алдына қызметкерлердің барлық категориясының мамандығын көтеруді қамтамасыз ете алмайды. Қазіргі күнде кей кітапханаларда қаржының тапшылығынан әдіс­те­мелік бөлімдер тек ауызша, жазбаша түрінде ғана көмек көрсете алады. Сол себепті жаңа ойлар, идеялардың қосылуы үшін кең түрде басқа кітапханашылармен тәжірибе алмасуы, танысуы, қарым-қатынаста болуы маңызды. Әсіресе, кітапхана мамандығын көтеруде конференцияларға, дөң­ге­лек үстелдерге, әр жүйедегі кітапханалардың семинарларына қатысу қажет. Жоғары оқу орындарындағы кітапханашылар арасында кәсіби клубтар құру керек.­ Сонда кітапхана қызметкерлері ұдайы тәжірибе алмасып, ор­тақ мәселелерін шешіп, осы маман­дыққа жақын басқа саладағы басшылармен кездесіп, баспасөз арқылы кітапхананың әлеуметтік маңыз­ды­лығын арттыруына мүмкіндік алады.

Мамандарды даярлауда­ кітап­ха­на­ның ақпараттық қыз­мет­­теріндегі жаңа технологиялар кітапхана қызметкерлерін қазіргі талаптарға бейімдеуге көмектесіп, жаңа рух пен жаңашылдық әкеледі деп сенеміз.

 

Баян АСАНОВА,

техника ғылымдарының кандидаты

Маржан НҮСІПЖАНОВА,

магистр

 

АЛМАТЫ