Ауыз су мәселесін шешу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр деп кеуде керетін тұсымыз көп. Алайда жылда жарамды суға жарымаған ауыл халқы жанайқайын баспасөз арқылы жергілікті билікке жеткізіп жатады. Тіпті кейбір ауылдың тұрғындары «Мәселеміз Президенттің назарына ілікпесе, оңынан шешіле қоймайтын шығар» деп шарасыздық кейіп те танытады. Расында өткір проблеманы оңынан шешетін жұмыстар молынан атқарылып жатса, ауыл халқы неге жыл сайын шу шығара береді? Әлде бұл мәселе аудан әкімдерінің әлсіздігінен туындап отыр ма? Кім білсін? Президент айтқандай әкімдер ауылдарды жаяу аралағанда біраз мәселе баяғыда шешімін табар ма еді дейміз амалсыз.
Әбілхайыр ауылындағы ағайынның жалғыз құдыққа телміргеніне ондаған жылдың жүзі болды. Алыстан бажайлаған адам ауыл халқының арсалаңдап арба сүйретіп келе жатқанын аңғарады. Жақсылап зер салған кісі жергілікті тұрғындар қырдан асып, қырқадан түскендей көрінетінін байқайды. Жастың да, жасамыстың да көрген күні – осы. Бөшкесі мен флягасын көтерген жұрт кезекке тұрады. Осылайша, жүйкесі жұқарған тұрғындар жалғыз құдықты қауғалап жан бағып отыр. Олар үшін ауыз судың азабынан құтылу ертегіге айналып кеткен секілді.
Тұрғындар бүгінде сырт адамдарға ауылының атын айтуға ыңғайсызданатын жағдайға дейін жеткен. «Ақиқатын айтсақ, сырттағы ағайындарға ауылымызды атауын айтуға ұяламыз. Біз қоныс аударған уақытта мұнда 52 отбасы тұратын. Ал қазір жағдай басқаша», дейді елді мекен тұрғыны Сыдықа Нәдірова жағдайды түсіндіріп.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты бірқатар ауыл тұрғыны бұған дейін де ауыз су мәселесін көтерген еді. Жарлысу мен Сөгеті, Мамай ауылдарындағы өткір мәселе өткен жылы газетімізде жарияланған. Енді, міне, әбілхайырлық ағайын да жарамды суға қол жеткізсек деген жалаң арманның құшағында отыр.
«Ауылымыздың халқы елді мекеннен іргесін алыстатып көшіп жатыр. Оның себебі де түсінікті ғой. Мұнда ауыз су мәселесінің әзір шешілетін түрі жоқ. Жергілікті атқарушы билік отыз жыл бойы ауылымызға таза су жеткізе алмай қойды. Қысқаша айтсақ, бұл мәселенің оңынан шешілуі біз үшін қол жетпес арманға айналып барады», дейді ауыл тұрғыны Нұржан Ералиев.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, елді мекенде бүгінде бар болғаны 20 отбасы қалған екен. Ауыз судың зардабын тартып жатқан халық тереңдігі 200 метрден шығатын артезиан құдығын пайдаланып, амалдап күн кешіп жатыр. Ал шіліңгір шілдеде жұрт тамшы су таппай қиналатын кездер де болады екен.
Жергілікті атқарушы биліктен әбден көңілі қалған ауылдағы ағайын қол қусырып отырмай, ауладан құдық қазып та көрген. Қара жерді тереңдетіп қазып, жетпіс метрге жеткізсе де тұщы суды таппай сілікпесі шыққан. Техникалық су шығатын болғандықтан баспа құдыққа байланған үміттің жібі де шорт үзілген. Көктайғақ пен нөсер жаңбырда әбден әлек болатын халық «жылы орында отырған шенділер сол кезде ауылымызға келіп, шелек көтеріп, арба сүйресін», деп отыр.
Әбілхайыр ауылындағы әлеумет көтерген мәселені шешуге жергілікті атқарушы билік қаншалықты қауқарлы? Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдегілердің айтуынша, проблеманы шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып, бюджеттік өтінім тапсырылған. Енді 56 млн теңге қаржы қарастырылса, ауыл халқының жанайқайы шешімін табатын көрінеді. Ауданда халық саны 200 адамнан аз 6 елді мекен бар екен. Сол ауылдардағы ауыз су проблемасын шешуге осы жылы жергілікті билік ниет білдіріп отыр.
Әбілхайыр халқы ауыз су мәселесінің жедел шешілгенін қалайды. Жергілікті жұрт ауылда әу баста 52 отбасы болғанын айтып қалды. Ал қазір жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, елді мекенде бар болғаны 20 отбасы тұрып жатыр. Тәтті судың ащы шуы шұғыл шешімін таппаса, енді бірер жылда Әбілхайырдағы отбасының тағы бір жартысы қалаға қоныс аударатын шығар...
Отыз жылда ауданды әртүрлі әкім басқарғанымен, олар Әбілхайырдың мәселесіне біртүрлі қараған секілді. Бүгінде аудан тізгінін жергілікті азамат Ернар Есіркепов ұстап отыр. Отыз жыл бойы ертегіге сенген тұрғындардың арманын жергілікті әкім ақиқатқа айналдыра ала ма? Ернар Есіркепов ауыз судың азабын тартқан халықтың мәселесін шұғыл шешіп, алғысын арқалар күн туар ма екен? Кім білсін... Бюджеттік өтінім қанағаттандырылса, кенезесі кепкен әбілхайырлықтардың да көптен күткен ауыз суы аулаларына келіп, асыл армандары орындалатын шығар... Еңсесі түскен жұрт енді отыз жыл күтпейтіні анық.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы