Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мұнымен бірге, қателіктердің басында «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген қисық-қыңыр қағида тұрды. Әр нәрсе өз заңдылық алгоритммен жүретінін билік басындағылар білмеді дегенге ешкім сенбейді. Қандай да бір елдің экономикасы дұрыс саясатсыз алға жылжымайды. Түбі бәрібір саясатқа барып тіреледі. Халықтың әлеуметтік мәселесі де сауатты жүргізген экономикалық саясаттан нәтижелі шешімін табады. Осы тұрғыдан келгенде, 30 жылда реформа жасалған әр салада қателіктер болды. Билік содан пайдалы қорытынды жасап отыр ма, жоқ па – әлі беймағлұм... Елдің экономикалық саясатын дұрыс бағытта жүргізу үшін алға қойған мақсаты айқын болуы керек. Қазіргі Үкіметтің нақты мақсаты әлі анық көрінбей тұр.
Ал ендігі мәселе, ауылды қалай дамытамыз, әбден тозығы жеткен инфрақұрылымын қалай көтеруге болады дегенге келіп тіреледі. Үкімет осыны ескеріп, тәуелсіздікті алғаннан бері жіберген қателіктерін қайта зерделеп, оларды қайталамауды тағы бір пысықтап алғаны абзал.
Дамыған елдердің сауатты жүргізген реформалары мемлекетті құрушы халықтың, титулды ұлттың менталитетіне, табиғатына, мінезіне, тарихына негізделіп жасалады екен. Ғалым Бейсенбек Зиябеков те өз тұжырымында дамыған елдердің реформалық экономикалық жетістіктері өзінің тарихына, жүріп өткен жолына негізделгендіктен оң нәтиже бергенін айтады. Мысалы, Жапония мәдениетін, экономикасын, әлеуметін ауыл шаруашылығымен байланыстыру арқылы дамытқан мемлекет ретінде қаралады. Жапондар – ауыл шаруашылығын дамытпай, өндірісті дамыту мүмкін емес екенін терең ұғынған халық. Ал бізде бар дүние керсінше жасалды, аграрлық мемлекет бола тұрып, ауыл шаруашылығын құртып барып, индустриялық мемлекет боламыз дедік.
30 жылда мынадай-мынадай өндіріс орнаттық деп ауыз толтырып айтатын дүниеміз саусақпен санарлық қана. Оны халық жақсы біледі. Ауыл шаруашылығын сауатсыз жекешелендіру бір жағынан қарағанда білместіктен болған дүниеге ұқсамайды. Сол кездегі басшылық фермерлік шаруашылық орнатайық десек кеңшар, ұжымшар директорлары бөгет жасайтын сияқты. Сондықтан олар өздері басқарып отырған шаруашылықты жекешелендіргенде 45 пайызын алсын, деді. Осыны пайдаланған кейбір пысық директорлар алдын ала қам жасап, кеңшар таралғалы тұрғанда, яғни жоғарыдағы нұсқау жарлыққа ұласқанда әрқайсысы сол шаруашылық мүлігінің 45 пайызына иелік етіп, үлкен байлыққа кенелді. Басында халықты ұпай сандарымен біріктіргенімен соңы сиырқұйымшақтанып жоқ болды.
Бұл тек кеңшарға қарасты мүлікті ғана емес, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерді де осылай бөліске салды. Бүгінгі үлкен жер иеленушілердің бастауы осы кезеңдерден басталады. Осы жағдайдан кейін, нақтылап айтсақ 1997 жылдан кейін ауыл көшкен жұрттың орнында қалғандай болды. Ауылда ештеңе қалмаған соң жұмыс іздегендері үлкен қалалардың маңайын қара нөпірге айналдырды. Жаны сірі ауыл халқының жұртта қалғандары әсіресе қазақтар азын-аулақ малын өсіріп, тіршілігін жасады. Бұларды Үкімет әлемде жоқ ерекше бір әлеуметтік категорияға жатқызып, «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» деп ешбір санатқа қоспай әлеуметтік пакеттен үнемі қағып тастап отырды. Содан бұл әлеуметтік топ зейнетақы жинақтаушы қорларға қатыса алмады, зейнет жасы келгенде ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі зейнет ақымен аштан өлмес, көштен қалмастың күйінде тіршілігін жалғап келеді. Бұл – ауылдағы әлеуметтік жағдайдың жалпы көрінісі.
Бұдан өзге ауылдық аумақтарда ауыл кәсіпкерлері деп аталатын фермерлер мен шаруа қожалықтары бар. Оларды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді заң бойынша мемлекеттен жалға алушы жер пайдаланушылар деп көрсетіп, жер пайдаланушылардың есебін толтырып отыр. Олардың әр ауылдық аумақта әлеуеті әртүрлі, үлкені, орташасы бар. Тіпті шаруа қожалығының атын жамылып жүрген ұсақтары да кездеседі. Бұлар Үкіметтен азды-көпті жеңілдік алып, жұмыстарын жүргізіп жүр.
Ал біздің бүгін көтеріп отырған мәселеміз – жалпы ауылдың ахуалы немесе елді мекеннің инфрақұрылымы, сондағы халықтың тұрмыс-тіршілігі қандай деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Өткен қоғамды, қазіргі билікті ауылға еш нәрсе жасамады десек, шындықтан алыстаған боламыз. Кезінде «ауыл жылы» деп бір жылдарды ауылға арнап, мәдениет үйлері, спорт кешендері салынды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдар таза ауыз су және интернетпен қамтығанын білеміз. Әйтсе де бұл шаралар ауылдың мәселесін 100 пайызға шешпеді.
Мүмкін атқаратын шаруалар шаш-етектен болар. Онда әуелі заңдылық негіздерді айқындап алу керек еді. Өйткені кейбір заңдардың бір-біріне қайшы келуі Үкіметтің өз жұмысында көп кедергі келтірді. Жүйелік ұстаным ежелден дұрыс жолға қойылмағанын жоғарыда айтылған дамыған елдердің мысалынан көруге болады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған жергілікті өзін-өзі басқару заңы күні бүгінге дейін жаңармай, енді ғана жобалық талқылауға шығып жатыр. Енді тым кеш қабылдануда. Елге керек бұл заңның кешігуінде ескі билік үшін өзіндік себептер бар болуы ықтимал. Егер осы заң Жер кодексінен бұрын қабылданса ірі жер пайдаланушылардың аяғына тұсау болуы мүмкін еді.
Ендігі жағдайда Үкімет ауылды дамытуда ең алдымен жергілікті өзін-өзі басқару заңын сапалы деңгейде қабылдауы керек. Ол үшін халықтық талқылауда ұзағырақ ұстағаны жөн еді. Әр ауылдың әлеуетін өздері анықтайтын жағдайда ауыл әкімі аппараты мен кеңестің сүзгісінен өткен нақты бағдарлама керек. Енді муниципалды билік пайда болатындықтан өз бюджетін көтеретін тетіктер заңда нақтылы көрініс тапқаны абзал. Үкімет тағы да сенімсіздігі мен сараңдығына басып, бюджеттен лайықты қаржы бөле алмаса, ауыл ешқашан көгермейді, көтерілмейді.
Ақпарат құралдарынан қарап отырсақ, кейбір жағдайда заңдардың шикілігінен қоғам өкілдері мен ауыл кәсіпкерлері арасында дауға ұласқан жағдайларды көреміз. Осыған зер салғанда, жергілікті өзін-өзі басқару заңының жоқтығынан олардың жерге таласы етек алып бара ма деген ойға қаласың. Бұл орында екі жақты мәселе бар. Бірінші тарап, ауыл халқының азын-аулақ қолдағы малы жайылатын жер жоқ, жердің бәрі жеке кәсіпкерге берілген, дейді. Ал екінші тарап, кәсіпкерлер Үкіметке салығын төлеп бюджет бүйірін толтыруға септесіп отыр, деседі. Оған қоса, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ауыл адамдарына азды-көпті жұмыс орнын ашқанын да айтады. Осынау жағдайларды тыңғылықты ойланбаса «әрі тартса өгіз өледі, бері тартса арба сынады» дегеннің кері болып кете береді.
Осы мәселеге келгенде тіпті Парламенттегі кейбір депутаттар халықтық популизмге салынып, бір жақты көзқарасқа кетіп жатқан сияқты. Негізі елдегі барлық ауыл бірдей емес. Тіпті оңтүстік пен солтүстіктің үлкен айырмашылығы бар. Әр ауылдың орналасқан жері үлкен өзен судың бойында болуы мүмкін. Шаруалар егістік жерлері су көзіне жақын жерде болуын қалайды. Ал депутат, шаруаның малына жер қалдырмай егіске алып қойды. Сондықтан әр ауылдың маңынан радиусы 7 шақырым жерді босату туралы Жер кодексіне норма енгізу керек, дегенді айтыпты. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде халық тығыз орналасқан жерлерде ауылдың маңында жайылымдар тапшы болуы мүмкін. Ал солтүстік өңірлердегі ауыл маңында қолда ұстайтын мал үшін жайылымға мүмкіндіктер бар деп ойлаймыз.
Әрбір ауылдың орналасқан жері десте-десте қылып бір стандартқа салып қойғандай емес, әр елді мекеннің жағдайы әр басқа. Жалпы кабинетте отырып ауыл туралы біржақты шешім шығаруға болмайды. Мүмкін ол жерге бірер рет барған шығарсың. Онымен ғана мәселенің анығына көз жеткізе алмайсың. Мұндайда қисынды шешімді ауыл әкімі және әр ауылда өзін-өзі басқару қоғамдық комитеті деген ұйымдар шеше алады. Сондықтан қазіргі жағдайда қоғамдық кеңестер тұралы заңды осы мәселеге үйлестіру ләзім. Аталған кеңестің туындаған мәселені ың-шыңсыз шеше алатын себебі, бұл ұйымның статусы ауыл әкімнің жанындағы кеңесші-бақылаушы мәртебесінде басқа қоғамдық ұйымнан бір саты жоғары тұрады. Заңда көрсетілгендей ұйымның шешіміне және ұсынысына жоғарғы тұрған мемлекеттік орган және тағы басқа ұйымдар міндетті түрде жауап қайтарады. Қайтармаса заң алдында жауапқа тартылады.
Осы ұйым өз құзыретінде ауылдық аумақтың өзекті мәселесін жіті қарап, ауыл әкімімен ақылдаса отырып, өз ұсыныстарын жоғарғы жаққа жолдай алады. Қандай да бір жағдайда ауыл-аймақтағы орын алған мәселе бірнеше топ адамдардың айғайымен шешілмейді. Сондықтан мәселені ауыл аумақты жақсы білетін, ауылдың өзекті мәселесін жан-жақты талдай алатын, сол елді мекеннің тұрғындарынан құрылған ұйым ғана шеше алады. Әйтпегенде, Мәжілісте отырған депутат немесе лауазымды шенеуніктер болсын ауыл кеңесінің жұмыс қорытындысына сүйенбей шешім қабылдаса, ол біржақты болып кетеді.
Мұндай ұйымның қазіргі күнде де ауылдарда жақсы жұмыс істеп жатқандары бар болуы мүмкін. Керісінше жұмыс істей алмай, аты барда заты жоқ болып жүргендері де кездесуі бек ықтимал. Оның бірнеше себебі бар:
Біріншіден, бұл ұйымға жетекшілік ететін тұлға қоғамдық негізде жұмыс істейді. Оған өзінің негізгі қызметі мен ұйым жұмысын қатар алып жүру қиын соғатын болады.
Екіншіден, жұмыстың нәтижелі болуы осы ұйым жетекшісінің өмір тәжірибесі, білімі мен біліктілігіне, дүние танымына тікелей байланысты.
Үшіншіден, ұйым мүшелерін іріктеу кезінде сол адамның қоғамдағы орны және белсенділігі, сондай-ақ қандай мәселе болса да жан-жақты талдай алатын қабілеті болуы керек. Мұнымен бірге, тұлғаның тұрғындар арасындағы беделі, ұстамдылығы, сабырлығы өте маңызды. Осы орайда белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының тұжырымды ой толғауын мысалға келтірсек: «Негізі қоғамдағы нақты іріктелген 10-15 адамның ақыл-ойы сол қоғамды түбегейлі өзгертуге жетіп артылады. Оның алдында аппарат машинасының өзі қауқарсыз қалар еді».
Ауыл аймақтардағы айтыс-тартысты мәселелер жергілікті әкімнің қабілет-қарымына және айтылған ұйымның қаншалықты нәтижелі жұмыс істей алуына байланысты туындайды немесе мүлде болмайды. Қазір Үкімет 90-жылдардың басында қабылданып, әбден ескірген жергілікті өзін-өзі басқару заңын талқылауға ұсынды. Осы заңда қоғамдық ұйымның орнын толтыратын ауылдық кеңестің мәртебесін айқындайтын баптар бар екен. Мұны ауыл адамдары құптайды. Десем де, онда әлі де толықтыратын тұстар көп сияқты.
Мысалы, кеңес мүшелері қоғамдық негізде сайланбалы түрде жұмыс істегені дұрыс. Сондай-ақ төрағасымен қоса хатшысы да штатта болғаны ләзім. Себебі тұрақты жұмыс істеген соң кеңестің іс-қағаздарымен төрағаның айналысып отыруға шамасы келмеуі мүмкін. Өйткені ауыл аймақтың сан түрлі жұмысының басы-қасында жүріп, тиісті шараларды ұйымдастыру оңай шаруа емес.
Үкіметтің ауылға қатысты қазіргі нақты қадамын құптай отырып, Ауыл кеңесі ескерілуі маңызды құрылым екенін айтқымыз келеді.
Ғазиз Құнапия,
«Ғазез» шаруа қожалығының төрағасы
Павлодар облысы,
М.Омаров ауылдық округі