Әдетте классиканы мәңгілік деп жатамыз. Әйткенмен адамның құлағынан кіріп, бойын жаулап алатын лирикалық әндер де жетіп артылады. Ондай шығармаларды әлемнің кез келген елінің өнерсүйер қауымы тыңдайды, өзінше сол туындымен сырласады. Түсінеді. Түсінетін себебі, музыкаға тәржіманың керегі жоқ.
Тоқсаныншы жылдардың хитіне айналған «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін сағына тыңдайтын тыңдарман әлі де аз емес. Уақытында шлягер әнге айналған шығарманың ғұмыры келте болмайтынын осыдан-ақ аңғаруға болатын секілді. Ақын-композитор Тынышбай Рақымның жүрегін жарып шыққан туындыны Сәкен Қалымов нақышына келтіре шырқағанда «әншісін тапқан ән екен» дегендер көп болған. Әрине, әңгіме майталман мамандар хақында ғой...
Әннің ырғағына еліткен адам сөзін тыңдамай тұрып-ақ мелодиядан әлдебір қимастықты түсіне қоятыны даусыз. Бұл туындыны музыкалық тұрғыдан өңдеген, әрлеген маманның деңгейіне де байланысты болса керек. Мұнда бір аза бойыңды қаза қылатындай мұң болмаса да, сарқылмас сағыныштың самалы есіп тұрғанын бірден сезесің. Жаныңды беймәлім мөлдір мұң тербеп тұрғандай болады.
«Қимайтын жан екенсің
жат ұяға,
Қарғам-ау кез келдің-ау қапияда, шіркін». Дәл осы екі тармақ сол бір қимастықты, сағынышты одан әрмен үстемелей түсетіні даусыз. Кәсіпқой музыканттар: «Ән алғашқы екі жолымен-ақ тыңдарманды баулап алуы керек» дегенді жиі айтып жатады. «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін тыңдаған кезде мамандардың пәлсапасы расында да зор мәнге ие екенін түсіне түсесің.
Әлемнің сегізінші кереметі не екенін кім білсін? Жаһандық картада еліміздің тоғызыншы орында тұрғанын ескерсек, төрткүл дүниенің тоғызыншы кереметі біздің ел ме деп пайымдайсың. Сартап дала, жусанды қырын кім сағынбасын? Бұл ән де сондай бір мәңгілік сағыныштың визит картасы.
«Мөп-мөлдір жанарың-ай,
Жаз дидар жамалың-ай,
Қалдым-ау тіл қата алмай,
қарағым-ай.
Қасыңа бара алмадым,
Сездің бе жан арманым,
Еріксіз, қалқам
саған ән арнадым.
Сүйсіндім сымбатыңа,
қабағыңа
Ұқсаттым асқар Алтай
маралына, шіркін»...
Отыз жылдан астам уақыт бұрын жазылған өлмес әндегі осы шумақтарға қарап отырып, жұрт аталған туындыны ғашық жүректің ғазалы деп түсінуі де бек мүмкін. Өйткені әндегі «сүйсіндім сымбатыңа, қабағыңа» деген тармақтың өзі ақын жүрегінің аңсар арманы мен махаббатының белгісіндей көрінсе, «ұқсаттым асқар Алтай маралына» деген жол беймәлім, бейтаныс адамға деген ынтызарлықты үстемелеп тұрғандай ойға жетелей түседі.
Уақытында бұл әннің Қытайдан келіп, туған жерін қимай артына қарайлай берген Әмина Еркешқызына арналғаны туралы деректер айтылған. Тіпті сол қимастық көзқарасты сезген ақын Тынышбай Рақымның ойына «қимайтын жан екенсің жат ұяға» деген тіркестің сап ете қалғанын да телевизиялық бағдарламалар арқылы есіткенбіз.
Ғажап шығарманың махаббаттан тумағанын, түпкі мәні өзге елдегі қандастарды елге шақыруға бағытталғанын айтқандар да аз емес. Әйткенмен, мәтіндегі жүрек қылын шертетін жолдар мен қимастықты бейнелей түсетін тармақтар ақын жүрегіндегі әлдебір сағынышты сипаттап тұғандай көрінетіні рас.
«Баянды болсын сенің
құшар бағың
Қолыңды қош айтысып қыса алмадым, шіркін», деген тармақтардан қарындасқа деген құрметтің, ізет пен ілтипаттың лебі айқын сезіледі. Ал «Алтайдың ар жағынан кеген ару, жарқ етіп қарағаның емге дәру, шіркін» деген тармақтар әннің фишкасы екеніне ешкімнің таласы жоқ.
Музыка әні мен сөзі гармонияда болғанда ғана тыңдарманның жүрегінен өшпейді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Отыздан асып барамын» деген өлеңін көңілді әнге айналдырып жібергендер де бар. Ал ақиқатында адам отыздан асқанына қуана ма? «Аттанған ата-анамның, артынан еріп барамын» дегенді кім қуанып айтады? Ешкім! «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінде музыкалық гармония бар. Сонысымен де жұрт жүрегінен өшпейді.