Жамбылдың спорты соңғы 20 жыл бедерінде кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. 2004 жылы өткен Афина Олимпиадасында боксшы Бақтияр Артаев төртжылдықтың басты додасында атой салғаннан кейін өңір спортшылары кейінгі төрт Олимпиадада бар болғаны үш жүлде иеленген. Оның екеуі дзюдошы Елдос Сметовке тиесілі болса, бір медаль еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаровқа бұйырған. Ал боксшыларымыз Афинадан кейін Олимпия ойындарында медаль атаулыны түсінде көрмесе, өңінде көрмеген.

Деректерге сүйенсек, өңір спортшылары олимпиадалық спорттың жиырмадан астам түрімен айналысады. Бірақ тәуелсіздік алғалы бері Олимпиадаларда тек бокс, еркін күрес, дзюдо секілді спорт түрлерінен ғана олжа салыппыз. Соңғы екі Олимпиадада дзюдошы Елдос Сметов медаль алмаса, жүлденің маңайына жуықтамағандай едік. Сонда басқа спорт түрлерімен шұғылданатын спортшылар мен оларды баптайтын бапкерлер не бітіріп жүр?
Жорабек Баубеков басқаратын Меркі ауданындағы Кеңес ауылының жағдайы спортқа жанашыр кез келген адамның жүйкесіне ши жүгіртетіні анық. Елді мекендегі жетпіске жуық ауыл баласы күрес секциясына жазылған. Бірақ олар жұрт қатарлы спорт кешенінде немесе спортзалда жаттықпайды. Ауыл сахнасында шынығып, ащы терін шығарып жүр. Мұнда шомылу бөлмесі де, киім ауыстыратын бөлме де, басқа да жоқ. Әншейінде чемпиондар ауылдан шығады деп көкірек керетініміз бар. Ал сахнада жаттығып жүрген кеңестік жігіттерден кім қандай нәтиже сұрай алады?
«Сырттан келген адамдар біздің жағдайымызға қарап, миықтан күледі. Әсіресе қаладан келгендер күлкісін тыя алмай жатады. Біздің де сол жігіттер секілді дұрыс жерде жаттығу жасағымыз келеді. Алайда ондай мүмкіндігіміз жоқ. Спортқа деген қызығушылықтың арқасында жаттығуымызды тоқтатқан емеспіз. Біресе мектепте, біресе осы жерде шынығып жүрміз. Қатарластарымызға ауыл сахнасында шынығатынымызды айтуға ыңғайсызданамыз», дейді қазақ күресінен облыс чемпионы Мұрагер Базарбай жағдайды түсіндіріп.
Ауыл жұрты мен жаттықтырушылардың айтуынша, мәдениет үйінде өтетін іс-шаралар кейде спортшылардың жаттығуды беймезгіл үзуіне себеп болады екен. Мұндай жағдай балалардың ұдайы спорттық бабында болуына кері әсер ететіні сөзсіз.
«Би үйірмесіне аңсары ауғандар да, домбыра үйірмесіне жазылғандар да осында келеді. Одан бөлек, әкімнің жиналысы да дәл осы жерде өтеді. Соның салдарынан кейде балалардың жаттығу үдерісі тоқтап қалады. Мұнда іс-шара ұйымдастырылатын кезде бозкілемді жинап аламыз, жиындар біткеннен кейін қайтадан төсеп жатамыз. Бір сөзбен айтқанда, мұның барлығы уақытымызды алады», дейді қазақ күресінен балаларды жаттықтырып жүрген бапкер Ақжол Сатаров жанайқайын жеткізіп.
Кеңес ауылы шағын елді мекендердің санатына кірмейді. Мұнда бір қауым ел тұрады. Соған қарамастан, ауыл балаларының саламатты өмір салтын ұстануына, спортпен шұғылдануына ешқандай мүмкіндік қарастырылмағаны жергілікті халықтың жанына батады.
«Мұнда спортшы жаттығатын қажетті темір-терсек жоқ. Оны көтермеген бала қалай ғана чемпион атағына қол жеткізеді? Ауылымызда балалардың спортпен дұрыстап айналысуына жағдай жасалса, жөні түзу спортзал болса деп армандаймыз. Жаттығуға келген жігіттер терлеп-тепшіп шығады. Терге малшынып шыққан балалар үйге жеткенше суықтап қалады. Соның салдарынан түрлі аурулар пайда болады. Мұндай мәселенің бәрі жуынатын бөлменің жоқтығынан туындап отыр. Жанайқайымызға құлақ түретін жан табыла ма?» дейді ауыл тұрғыны Елдос Алтынбеков жағдайды түсіндіріп.
Жергілікті атқарушы билік кеңестік балалардың спортта ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүргенін жоққа шығармайды. Алайда олардың мәселесін оңынан шешу үшін екі жыл уақыт керек екенін алға тартып отыр.
Үш мыңға жетеғабыл тұрғыны бар Кеңес ауылында осы күнге дейін спортзал мәселесі шешімін таппағаны кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Ауданды басқарған талай әкім түйінін тарқата алмаған мәселені Жорабек Баубеков шеше ала ма? Кім білсін...
«Бұл енді уақытша қалыптасып отырған жағдай ғой. Ауылдық жерде мәдениет үйінен басқа ыңғайлы ғимарат жоқ. Сондықтан балалар осында спортпен шұғылданады. Жарыстарға сол жерден аттанады», дейді Меркі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Қасабеков мәселенің мәнісіне үңіліп.
Деректерге сенсек, аудандағы қырықтан астам елді мекеннің оннан астамында спорт кешені жоқ екенін айтады. Кейбір ауылдар спорт кешені салынады деп үміттенбесе де болатын секілді. Себебі адам саны аз ауылдардың жастары көрші ауылдарға барып жаттығады.
Өңір спортшылары Афина Олимпиадасына дейін төртжылдықтың басты додасынан медальді күреп әкелген деуге де болады. Алматы мен Ақтөбеде жүрді демесек, тарихқа Жамбыл облысының сайыпқыраны ретінде енген боксшы Ермахан Ыбырайымов Атлантада қола жүлде иеленсе, Сиднейде чемпион атанды. Болат Жұмаділов екі Олимпиадада күміс медаль олжалады. Еркін күрес шебері Ислам Байрамуковтың күмісі мен боксшы Болат Ниязымбетовтің қола жүлдесінің қасында кейін қоржынға түсірген жүлделеріміз сан жағынан жіп есе алмайды.
Өңір спортшылары Олимпиада бағдарламасына енетін жиырмадан астам спорт түрімен шұғылданатынын айттық. Алайда нәтижеге санаулы спорт түрінен ғана қол жеткізіп келеміз. Мұның сыры неде? Неден мүлт кеттік? Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Тәшметов осы мәселеге бас ауырта ма екен? Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы нәтиже мен кейінгі жиырма жылдықтағы нәтижені салыстырғанда амалсыз «Қайда бағыт алдың, Жамбыл спорты?» деген сауалды өзімізге қарата қойып, жауап таба алмай қиналамыз. Ұлттық спорт пен Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен қол жеткізген қоржын-қоржын жүлдені ешкім тартып ала алмайды. Әңгіме Олимпиадалық спорт түрлері хақында болып тұр...
Қалай алып қарасақ та бірде қазақ күресінің шебері, енді бірде дзюдошы болып жүрген кеңестік 63 балаға жайлы спорт кешені керек-ақ...
Жамбыл облысы
Егемен Қазақстан • Кеше
Тарихи атшабарды қайта ашқан азамат
Тұлға • Кеше
Әділдің өнері жоғары бағаланды
Хоккей • Кеше
Спорт • Кеше
Спорт • Кеше
Оқиға • Кеше
Ұқсас жаңалықтар