
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының басшысы, тарихшы әрі археолог ғалым Сауран Қалиев көне жәдігердің сақтар дәуірінен жеткен құндылық екеніне еш күмәнданбайды. Ол тарихи жәдігермен танысуға барған кезде өз тұжырымының айна-қатесіз ақиқат екеніне көз жеткізген. Тарихшы-археологтің айтуынша, қола мен қалайыдан жасалған қазанның ұзындыңы 70 сантиметрді құраса, диаметрі 66 сантиметр екен.
«Мыңжылдық тарихы бар қазан табылған маңайда ортағасырлық қалашық болған Ақтөбе елді мекенінің орны тұрғанын бәріміз білеміз. Алайда жәдігерді зерделегенде оның тарихы темір дәуірімен астасып жатқанын аңғардық. Соған қарағанда Ақтөбенің дәуірі де ерте темір дәуірінен бастау алуы әбден ықтимал. Сол себепті бұл мәселеге айрықша ден қойған абзал.
Ақиқатын айтар болсақ, дәл осы аумақта бүгінге күнге дейін қандай да бір толыққанды археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Сақ дәуірінен жеткен құндылықтың қолға түсуінің арқасында, өңірдің Шу-Талас аймағындағы ерте ортағасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда толыққанды ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілетін шығар деген үміт оты тұтанды. Қысқасы, мыңжылдықтармен астасып жатқан тарихты қайта қопару үшін зерттеу жұмыстарына мықтап көңіл бөлетін уақыт келіп жетті. Өйткені Әулиеата өңірінде байырғы кезеңдерден жеткен, ашылмаған арал секілді құндылықтар мен жәдігерлер жетіп артылады», дейді Сауран Қалиев.
Сауран Қалиевтің пайымдауынша, қазанның ернеуіндегі ою-өрнек асқан дәлдікпен жасалған. Бұл сақ дәуірінде ғұмыр кешкен тайпалардың есепке мықты болғанын айқындай түседі. Қысқасы, тарихи жәдігерге көз жүгірткен кісі оны жасағандардың шын мәнінде шебер болғанын түсінеді. Ал көне қазан мамандардың зерделеуінен өткеннен кейін Бесағаш ауылындағы музейге тапсырылды.
Жамбыл облысы