Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 14 млн теңге бөлінбек. Құрамында ішекті, үрмелі, ұрмалы аспаптарда ойнайтын 30 музыканты бар ұжым күні кеше өнерсүйер қауымға Талдықорғанда концерттік бағдарламасын ұсынды. Жетісулықтарды осы қуанышты оқиғамен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады.
«Бүгін Жетісу облысының мәдениетінде үлкен жаңалық. Екі айдың ішінде эстрадалық-симфониялық оркестр құру оңай емес. Бүгінгі алғашқы концертте музыканттар мен жеке орындаушылар көрерменге таланттарын көрсетті. Өнерлі ұжымға үлкен алғысымды айтамын. Талдықорғанда құрылған оркестр болашақта әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп, дүние жүзі халқын тәнті етсін деп тілеймін», деді Б.Исабаев.
Концертте Жаяу Мұсаның, Шәмші Қалдаяқовтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Нұрлан Байгөзовтің, Франческо Сарторидің, Әли Алпысбаевтың шығармалары орындалды.
Аталған өнер ұжымы облыстық филармониядағы «Big band» эстрадалық оркестрінің базасында жасақталды. Оркестрді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету үшін облыстың талантты музыканттары тартылып, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның, Чайковский атындағы музыка колледжінің биылғы түлектері қатарындағы жас музыканттар өңірге шақыртылып отыр. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Данияр Жақиянов, дирижері – Қайрат Халықов, композиторы – талантты музыкант Илья Башкатов.
Жетісу облысы