
Ең әуелі былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойғаны біздің арқандаулы қолымызды шешкенін айтып өтейін. Бұл құжат қуғын-сүргін жылдарындағы тарихты қопарып жүрген азаматтар үшін аса маңызды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен полиция департаментіне берілген архивтік құжаттарды сүзіп, көптеген деректерге куә болудамыз. Әрине, оның барлығын жариялауға, айтуға болмас. «Аса құпия» жазуы бар істер де кезігіп жатады. Ең бастысы, сол тар замандағы қылмыстық істер қорын қолымызбен ұстап, көзімізбен көрдік. Қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталған 131 алашордашының есімдерін анықтадық. Құжаттарға сүйенсек, Павлодар уезінде Алашорда комитеті құрылғанда жергілікті байлар жаңадан құрылған ұлттық үкіметімізге ерекше қолдау жасағанын байқаймыз. Семейде 1,5 мың адамдық Алаш әскері жасақталғанда Ертіс-Баян өңірінің «Бөріктал» деген жерінде 150 адамнан тұратын сарбаздар жасағы құрылады. Тарихи деректерге ден қойсақ, бұл жасақтың ішер асы мен мінер атын Әйтім Райысов қамтамасыз еткен. Аса дәулетті, заманында болыстық қызмет атқарған Әйтіммен бірге бұл кезеңде алаш идеясын қолдап шыққандар қатарында Алашорда үкіметінің Павлодар уездік кеңесін басқарған Қабыш Бердалин, сондай-ақ Иманқұл Бәтісов пен Сүлеймен Оразбаев болған. Жергілікті жұрт бұл әйгілі жерлестерімізді «Тоғайдың төрт арысы» атап кеткен. Сүлеймен Оразбаев – Алаш қозғалысының қайраткері, алғашқы жоғары білімді қазақ агрономы, Абай және Міржақып өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударушы Сатылған Сабатаевтың Ленинградқа барып білім алуына қомақты қаржы берген. Ал И.Бәтісов Алаш комитеті құрылғанда Павлодар өңірінің қазынашылығын ұстаған. Қазіргі Ақтоғай өңіріндегі халыққа алғаш болып егіншілік кәсібін үйреткен. Өкінішке қарай, бұлардың барлығы кейін кәмпескеге ілігіп, жер аударылып кетті.
Соңғы деректерден Ертіс бойындағы алғашқы қазақ фельдшері Арын Сүлейменовтің де есімін кездестірдік. Ол облыс орталығында киіз үй тігіп, келушілерді сонда емдеген. Жергілікті жұрт ол жерге кейін тұрғызылған ғимаратты «ақ аурухана» атап кеткен екен. Бұл кісі де сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, атылып кетеді. Қолымызға түскен тұлғалардың істерін қарап отырсақ, айыпталған арыстарымыздың барлығы арнайы тізбекпен торға түскенін байқауға болады. Мәселен, 30 азаматтың есімі бір-бірінің «қылмыстық істерінде» қайталанып атала береді. Мақа Бейсен деген азамат Т.Рысқұловпен, Р.Мәрсекұлымен байланысы болған деп айыпталған. Шындығында сол кезде қуғын-сүргін құрығына ілінгендерге көбіне бір тектес айыптар тағылған: кеңес өкіметіне, саясатына қарсы, өкіметке қарсы астыртын ұйымдасқан топ құрды, тағысын-тағылар.
Еш жерде айтылмай келген деректің бірі – Мемлекеттік думаның депутаты болған, атақты «Қарқаралы петициясын» орыс тіліне аударған Темірғалы Нұрекеновтің ұлы Соқыр Омардың қайраткерлік қыры. Кеңес өкіметі алғаш құрылған жылдары ол жергілікті азаматтармен бірігіп, большевиктерге қарсы соғысқан. Соқыр Омар көзінің кемдігіне қарамастан ат бауырына жата қалып, нысанаға дөп тигізетін мерген, батыр болыпты. Жанындағы 25 сарбаз шетінен сайдың тасындай іріктелген жігіттер екен. Талай мәрте қызылдарды жусатып салған. Омар Темірғалыұлының фотосуретін архивтерді ақтарып жүріп, тауып алдық. Осы уақытқа дейін оны көбі Қытай асып кеткен дейтін. Өкінішке қарай, оның қолға түсіп, большевиктер пәрменімен атылып кеткенін енді біліп жатырмыз.
Бұдан басқа Тереңкөл елін 70 жылдан астам басқарған Жанқара әулетінің соңғы болысы – Құсайын Жанқараұлы жайында да деректерді айтуға болады. Ол да кәмпескеленіп, қиыр шетке жер аударылған. Анықтағанымыздай, Ертіс-Баян өңірінде кәмпескелеу туралы алғашқы тізімге 33 бай іліккен. Мал-мүлкі тартып алынған дәулетті отбасылар негізінен Ақтөбе мен Қызылордаға, Ресейдің қазіргі Славгород өңіріне жер аударылған. Бұл адамдардың барлығы бай тізімінде болғанымен, ел-жұртқа жанашырлығымен жаққан, дарынды жастардың Ресей мен Бұқара жеріндегі оқу шығындарын көтерген атымтай жомарттар еді. Байлар ол тұста қазақ ауылдарының экономикасының қазығы, жұмыс берушісі ғана емес, жергілікті мектептерге мұғалім жалдайтын да солар болды. Қазақтың қаймақтары еді. Алашордашылардың көбі бай тұқымдары екені белгілі. Олар сол кезде ұлт зиялылары саналды. Баянауылдағы атақты Зында бай, жоғарыда айтқан Қабыш Бердалин, түйемен тұз тартқан Шәукен бай, мыңдаған жылқысын кеңеске бергенше арам қатырайын деп сорға түсіріп жіберген атақты Рысбек бай, Әлжан Қазанғапов, Құсайын Жанқараұлының туысы Жолат бай осы зобалаңда жер ауып жүріп көз жұмды. Кейін кәмпескенің тұзағы орташа дәулетті адамдар мен кедейлердің мойнына түсті. Ет, сүт салығынан бөлек, қыл арқан, шүберек салығы дегендер болды. Астық өсірілген өңірлерде «Астық дайындауды тиісті деңгейде ұйымдастырмаған» деген жаламен жүздеген іскер азаматтар атылып, атылмағаны ондаған жыл бойы түрмеде жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.
Өкінішке қарай, ұжымдастыру мен ашаршылық зардаптарына қатысты барлық мәліметті жариялай алмай отырмыз. Себебі ол кезде халық арасында бірін-бірі көрсетіп, ұстап беру жиі болған. Мәселен, бір ер азамат әйелін бала туып бере алмағаны үшін «қырманнан бидай ұрлады» деп жала жауып, айдатқызып жіберген. Әлгі әйел жер аударылып, Читаға дейін барып келген. Бұл тектес оқиғалар көп.
Енді ашаршылық құрбандары көмілген зираттар мәселесіне келейік. Облыста мұндай зираттарға аса көңіл бөлінбей отырғаны жанға батады. Ақтоғайдағы Өтес ауылы маңында екі бірдей зират, Ақкөл-Жайылмада, Ертіс ауданында, Баянауылда және өзге де жерлерде көп адам қойылған зираттар бар. Алайда олардың барлығына бірдей белгітас орнатылмаған. Жергілікті әкімдіктер осы бір кемшілікті назарға алады деп сенеміз. Екіншіден, ашаршылық жайында бүгінгі жас ұрпақ аз біледі. Жастар етектей мақалаларды оқымайтыны, деректі фильмдерді көрмейтіні шын. Ендеше, олардың талғамына сай 1-1,5 минуттық танымдық роликтер түсірілсе дейміз. Жастар ашаршылық ақиқаты мен Алаш ардақтыларын тануы керек. Үшіншіден, облыстағы кез келген музейге бас сұғып көріңіз, аштық тақырыбына, қуғын-сүргінге қатысты деректі ақпарат аз. Бұл – тарихымызды танудағы әлсіздігіміз. Павлодар қаласында Алаштың небір ұлылары отырған «Ақ түрме» және қазіргі Сытина баспаханасы орналасқан ғимаратта кеңестік түрме болған. Сол ғимараттарды сатып алып, зобалаң жылдардың куәсі ретінде тарихи ғимаратқа сай музей жасалса деген ұсынысымыз бар. 1997 жылы елімізде «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланғанда, біраз ақтаңдақтарымыз жарыққа шыққаны мәлім. Өткен ғасырдың 20-50-жылдары бойынша тарихымызды тереңнен тану үшін мемлекет тарапынан кешенді жобалар қажет деп санаймыз.
Бейбіт БӨЖЕН,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау өңірлік комиссиясының мүшесі
Павлодар облысы