Былтыр ғана іске қосылған зауытты кемі он жылдың үстінде жыр қылып келіппіз. Сонау 2008 жылы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында біріккен кәсіпорындар туралы келісім жасалып, алғашқы қадам ретінде Қызылордада шыны зауытын салу жоспарланады. Сәл кешігіп барып іргетасы қаланған болашақ өндіріс орнының жарнамасы жақсы-ақ еді. Құрылысы кідірістеп жүріп, салынып біткеннен кейін де ұзақ уақыт қыбырсыз қалған нысанға кейінгі жылдары жан бітіп, былтыр іске қосылды. Өндіріс орны өткен жылы 32 мың, биыл 75 мың тоннаға жуық өнім шығарған. 40 мың тонна өнімі экспортқа кеткен.
«Orda Glass LTD» серіктестігінің бұл жобасын жүзеге асыру үшін 42 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылды. Өндіріс орнының өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі шамамен 8 пайыз, ал құрылыс индустриясындағы үлесі 42,2 пайыз шамасында.
Қазір зауыттағы 400-ге жуық жұмысшының 70 пайызы жергілікті азаматтар. Жаңадан ашылғанда Қытайдан 147 маман келіпті. Содан бері логистика, кесу, орау бөлімінің жұмысын жергілікті азаматтар меңгеріп, көрші мемлекеттен келгендердің 35-і кері қайтарылыпты. Мұндағы отандық мамандардың орташа айлығы 404 мың теңге, ал бұл салада тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары шетелдіктердің табысы одан да жоғары.
– Болашақта жергілікті азаматтарды Қытайда оқытып, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасаймыз. Міндетті түрде кәсіпке бейім, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматтарды басшылық қызметке жоғарылатамыз, – дейді «Orda Glass LTD» ЖШС бас директоры Хань Лицзюнь.
Шыны зауыты басқа да ілеспе өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік туғызып отыр. Осы бағытта қытай, неміс және түрік компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бастама ойдағыдай жүзеге асса, алда осы аумақта құны 100 млрд теңге болатын 8 шағын зауыт жұмыс істей бастайды. Жыл соңына дейін қосымша тағы 80 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жалпы, қытайлық холдинг осындай 9 зауыт салған. Оның жетеуі сол мемлекетте, біреуі Нигерияда, соңғысы бізде. Жаңа өндіріс орнындағы бір пештің өзі Өзбекстандағы осындай 3 зауыттың өнімін беріп отыр. Биылғы 4 айда 6 млрд теңгенің өнімін шығарып, осыған дейін әйнекті Өзбекстан мен Қырғызстаннан алып келген елімізді толық қамтамасыз еткен кәсіпорында энергия үнемдегіш шыны шығару үшін холдинг тағы 15 млн доллар көлемінде инвестиция бөліп отыр.
Мамандар зауыт іске қосылғалы бері елімізде шыны бағасы 30-35 пайызға арзандағанын айтады. Былтыр зауыт өнімі негізінен Шымкент, Алматы, Астана қалаларына сатылып, Өзбекстанға экспортталған.
Қажетті шикізаттың дені Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарынан жеткізіліп отыр. Тек кальцийленген сода мен натрий сульфаты шеттен әкелінеді.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында іске қосылған зауыт жұмысымен бізді өндірістік бөлім басшысының көмекшісі Ғалымжан Қуатов таныстырды. Мұнда бәрі автоматтандырылған, қондырғылардың дені Еуропадан жеткізіліпті. Мамандар жұмыс барысын компьютер арқылы бақылап отыр. Ұзыннан ұзақ созылған желі бойымен жүре берсеңіз, жып-жылтыр әйнектің сырғып бара жатқанын көресіз.
Бұрынғы тәжірибеде әйнекті қалыпқа құйып шығарған екен. Өткен ғасырдың елуінші жылдары оның сапасын жоғарылату үшін ағылшындар ерітілген қалайы бетімен сырғытуды ойлап тауып, патенттеген. Мамандар бізге осы үдерісті көрсетті. Одан кейін табақша шынылар сапасын анықтайтын құрылғыдан өтеді. Ол әйнек бетіндегі болмашы ақауды да анықтап, сұрыптап береді. Шыны кесілгеннен кейін тағы бір тазаланып, дайын өнімдер қоймасына жетеді.
– Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған бұл зауыт өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Мәселен, биыл бұл зауытқа 42 млрд теңге инвестиция тартылып, бірнеше мемлекетпен өндіріс аумағына шағын өндіріс орындарын құру бағытында келісім жүргізілді, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.
Қызылорда