Президент тасырмасына әулиеаталықтар мықтап ден қойды. Жыл басында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен «Қазфосфат» ЖШС және Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті үшжақты келісімге қол қойды. Нәтижесінде, өңірлік университте ТМД елдері арасында алғаш рет химия өнеркәсібі саласындағы желілік кампустың тұсаукесері өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев желілік кампус арқылы білікті кадр даярлаудың мүмкіндігі артатынына сенімді.
– Желілік кампус жұмысының басталуы – жоғары білікті кадрларды даярлау ісінде тиімді диалогті дамытып, білім ордасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды кезең. Заманауи, креативті тәсілдерді қажет ететін химия өнеркәсібі бүгінде қарқынды дамып келе жатқан сала. Екі университет пен «Қазфосфат» компаниясының бірлескен жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Бүгінде облыс басшысы аталған жобаны жүзеге асыруға айрықша назар аударып отыр. Келесі оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 55 білім гранты бөлінеді, оның 25-і колледж студенттері үшін «Химиялық инженерия және үдерістер» мамандығына беріледі», – деді Е.Үйсімбаев.
Өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, желілік кампус арқылы кадр даярлау ісіндегі өзекті мәселелер уақтылы шешімін таппақ.
– Үш тараптың бірлесе атқарған жұмысы жаңа идеяларды іске асыруға мүмкіндік тудырып, химия ғылымының дамуына серпін беретініне еш күмәнім жоқ. Химия өнеркәсібі үшін ғылым мен өндірісті сапалы әрі жаңа деңгейге көтеретін ақылды, креативті және өршіл мамандар қажет екені рас. Желілік кампус аясында студенттер алғашқы екі жылда жергілікті университетте оқыса, одан кейін Менделеев университетінде білім алып, кәсіби шеберлігін арттырады. Ал төртінші курста «Қазфосфат» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін студенттер екі университеттің дипломына және «Қазфосфат» серіктестігіне жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, – деді М.Байжұманов.
«Қазфосфат» компаниясы персоналмен жұмыс департаментінің директоры Әбдінәдір Айтматовтың айтуынша, кәсіпорын қызметкерлерінің саны алдағы жылдары едәуір артады. Ал үшжақты келісім арқылы білім алған студенттер серіктестікке жұмысқа қабылданады. Олардың жалақысы да қомақты болмақ.
Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің физика-химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Олег Райтманның сөзіне сенсек, желілік білім бағдарламасы бойынша оқуды таңдаған студенттердің мүмкіндігі мол. Олар оқуды аяқтағаннан кейін жұмыс орнына дайын кадр боп барады.
Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары «Қазфосфат» компаниясында кадр қажеттілігі туындайды. Ал желілік кампус арқылы білім алған студенттер сол кадр тапшылығын толығымен өтейді. Қысқасы, қалай алып қарсақ та, ТМД-да алғаш рет қолға алынған желілік кампустың өңір халқы үшін пайдасы зор екені даусыз.
ТАРАЗ