Қоғам • 06 Маусым, 2023

Баланың мінезін дұрыс қалыптастыру үшін не істеу керек?

1684 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бала еркін тәрбиелеген абзал, бірақ «тым еркелетпеу қажет» дейтіндер де бар. Бала тәртіпке бағынуы керек, бірақ құр бұйыра беруге де болмайды. Десе де, бала тәрбиесінде баланс сақтау қажет екенін естен шығармаған жөн.

Баланың мінезін дұрыс қалыптастыру үшін не істеу керек?

Фото: Kazgazeta.kz

Мағжан Жұмабаев мінезді тәрбиелеуде екі жақты тең ұстауды былай түсіндіреді: 

Балада берік һәм дұрыс мінез пайда болу үшін тәрбиеші мына негізгі екі шартты орындау керек:

1) Баланың шамасы жететін кез-келген істе толық еркіндік беру. Басқаның күшіне, көмегіне сеніп кетпей, өз қолынан келмейтін шаруада ғана тәрбиеші көмек көрсетіп жіберуге міндетті.

2) Баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтын темір тәртіпке (дисциплина) бағындыру керек. Баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батырлыққа үйретсе, темір тәртіпке бағындыру оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді. Осы екі жағы тең адамның мінезі күшті болмақ. Баланы тіпті еркіне жібермеу оны жасқаншақ, жасық, қорқақ қылады. Ал тізгінсіз қоя беру, ләм-мим демей бар еркелігін орындай беру баланы бейбастақ, ессіз тентек қылып шығарады.

Осы екі жақтың біреуіне аударып жібермей, баланы ортада ұстай білу үшін тәрбиеші мынаны істеу керек:

1) Балаға бір нәрсені істе дегенде ақырмай-бақырмай, салмақпен һәм былай да жарайды деген сықылды табансыздық көрсетпеу керек. Тәрбиешінің табансыздығын сезсе, бала оны сыйлаудан, тілін алудан қалады. Тәрбиеші өз ісінде тиянақты, табанды болу керек. Бала адам айтар емес, еліктемпаз болады. Тәрбиеші тиянақты болса, бала оның тиянақтылығына еліктейді. Тәрбиеші тиянақсыз болса, бала оның тиянақсыздығына еліктейді.

2) Балаға бір нәрсені істе дегеңде де, істеме дегенде де сол бұйрықтың себебін ұққандай қылып балаға ұқтырып отыру керек. Себебін ұқса біраздан соң бала өз бетімен-ақ дұрыс іске ұмтылып, теріс істен тыйылатын болады. Ерінбей, жалықпай балаға әрбір істің себебін ұқтыра беру керек. Мәні-жайын ұқтырмай, құр бұйрық беруші адам – тәрбиеші емес. Данышпан Абай: «ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға. Тәрбиеші баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын» деген екен.