
Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
- Медиадағы жаңалықтарға сұраныс азайып келеді. Әлеуметтік дағдарыс пен қоғамдық күйзеліс жағдайында кез келген адамның жаңалықтарға және жалпы медиа құралдарына деген сенімі төмендеуі ықтимал. Мұны қалыпты құбылыс ретінде бағалауға болады. Зерттеуге сәйкес, қиыншылық қысқан кезеңде адамдар күн тәртібіндегі жаңалықтар ағынынан хабардар болуға ұмтылмайды. Бұл құбылыс «жаңалықтан қажу» («news fatigue») деп аталып жүр. Өткен жылы медиакомпания басшыларының 72 пайызы осы трендті аңғарып, оны соңғы геосаяси ахуал төңірегіндегі және қоршаған орта мәселелерімен де байланыстырған.
Оқырмандардың жаңалық оқуға деген құлқының төмендеуін бағамдаған БАҚ басшылары жаңалық таратудың форматы мен бағытын өзгертуді жоспарлап отыр. Мысалы, медиакомпания басшыларының 48 пайызы позитивті жаңалықтарға басымдық беруді жөн көретінін айтқан. Зерттеуге сүйенсек, әдетте аудитория ерекше шабыт сыйлайтын және көңіл күйді көтеретін жаңалықтарды жақсы қабылдайды. Десе де «BBC» мен «The Guardian»-ның осы бағыттағы жаңалықтар айдары оқырман қауымының жүрегіне жол таба алмай келеді.
- Журналистика саласы TikTok-қа басымдық бере бастады. Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медианың «аға буыны» көпшілікті жалықтыра бастағанын мойындау қажет. БАҚ басшылары олардың орнына TikTok, Instagram мен YouTube-қа көбірек көңіл бөлгенді жөн деп санайды. Өйткені соңғы жылдары егде жастағы адамдардың да көпшілігі TikTok-та көп уақыт өткізе бастаған.
- Жасанды интеллектінің мүмкіндігі мен сын-қатері қатар артып отыр. БАҚ-тың өз жұмысында жасанды интеллектіні қолдануы қалыпты құбылысқа айналып келеді. Өткен жылы медиакомпаниялардың 28%-ы жасанды интеллектіні күнделікті деңгейде пайдаланатынын айтқан. «ChatGPT», «DALL-E2» мен «Midjourney» сынды модельдер медиа жұмысын жартылай автоматтандыруға көмектеседі. Мұндай қолданбалар БАҚ-тың өнімділігін арттырады әрі контенттің жаңа түрін жасауға жол ашады. Машиналық оқыту негізіндегі жасанды интеллект өнімдері кең тарағаны соншалық, осы сала мамандарының жұмыстан қысқартылуына себеп болуы мүмкін. ЖИ-дің қолжетімділігі мен сарқылмас мүмкіндіктері адами фактордың, медиа этиканың маңызын жоққа шығармауы керек.
- Медиабизнес бағыттарындағы өзгерістер. The Washington Post сияқты Батыстағы кейбір елеулі газет-журналдар қағаз күйінде басып шығарылмайтын болды. Медиакомпания басшыларының 80%-ы жаңалықтарға онлайн жазылым арқылы қол жеткізуге болатынын ескеріп отыр. Медиабизнес үшін онлайн жазылым нағыз табыс көзі бола алады. Газет-журналдарды онлайн жариялау арқылы жарнамадан көбірек табыс түсетіні анықталған.
Медиакомпаниялар аудиториямен байланысын үзбеу үшін подкаст (интернеттен жүктеп алуға болатын аудиобағдарлама) мен электрондық поштаны белсенді қолданып жүр. БАҚ құралдарының 72 пайызы оқырманды қызықтыру мақсатында подкаст жүргізуге ден қойған. Ал 69 пайызы оқырмандарға электрондық пошта арқылы тұрақты түрде ақпарат таратады.
Журналистиканың әлемдік технологияның қарқынына, бүгінгі әлеуметтік, саяси және экономикалық бет-бейнесіне бейімделуге тура келеді. Ал медиадағы жасанды интеллектінің ықпалымен бірге осы саладағы этикалық мәселелер де жетіле түсуі мүмкін.
Айдана АМАЛБЕКОВА,
Қазақстан қоғамдық даму
институтының сарапшысы