Аймақтар • 13 Маусым, 2023

«KazStoneBox» өніміне сұраныс көп

177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық инвестициялық форумы Жамбыл облысында көптеген жаңа бастаманы жүзеге асыруға мүмкіндік туғызып отыр. Аталған форум аясында ашылған гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндіру зауыты өңір экономикасына тың серпін беретіні анық.

«KazStoneBox» өніміне сұраныс көп

Байзақ ауданына қарасты Қостөбе ауылында ашылған жаңа кәсіпорынның жобалық құны 1,7 миллиард теңгені құрай­ды. Деректерге сенсек, зауыт жылына 12 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы екен. «KazStoneBox» ЖШС-ның гофрленген картон өндіру зауыты соңғы нұсқадағы авто­мат­­тандырылған қондыр­ғы­лармен жабдықталғанын да айта кеткен ләзім. Қысқасы, іргесі жаңадан қаланған өндіріс ошағында қызметкерлердің ерінбей еңбектенуіне барлық мүмкіндік қарастырылған.

Жаңадан ашылған өндіріс орны­ның басшысы Берік Үміт­қалиевтің айтуынша, минералды шикізаттан жасал­ған қаптама шығаратын кәсіп­орын посткеңестік елдерде баламасы жоқ шикізат ретінде минералды кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны болып отыр.

«Қағаз бағасы жыл өт­кен­ сайын шарықтап бара жат­қа­нын көріп отырмыз. Қағаз өн­дірісіне білек түре кіріскен зауыттар әлем елдерінде де сирек кездеседі. Біздің серік­тес­тік өндіретін өнімнің 75 па­йызы тастан жасалатынын айта кеткен ләзім.

Іргедегі Қаратау қаласынан тасымалданатын тасты алдымен арнайы аппаратпен уақ қылып аламыз. Одан кейін полиэтилен, полипрофилен қоспасын араластырып, тиісті құрылғыларға салып қағаз дайындауға көшеміз. Кәсіпорын өндірген өнім суға, ылғалға төзімді болуымен айрықшаланатынын айта кеткен ләзім. Серіктестікте бүгінгі таңда қырықтан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Олардың тынбай еңбектенуі үшін басшылық тарапынан барлық жағдай жасалған. Қызметкерлер тегін түскі аспен қамтылған. Оларға арналған арнайы асхана да бар», дейді кәсіпорын басшысы Берік Үмітқалиев.

Серіктестік басшысының айтуынша, Қытайдан әкелін­ген­ жаңа құрылғыларды қалай пайдалану керектігін білік­ті мамандар жергілікті жұмыс­шы­ларға барынша үйретіп жатыр. Енді олар жұмысқа белсене кірісіп, зауыт ісін ілгерілетуге күш салмақ.

Кәсіпорын өндірген өнім Түркістан, Алматы облыстарына жөнелтіледі. Сондай-ақ көршілес Өзбекстан еліне экспортқа шығарылатын бо­лады. Қысқасы, жаңадан ашылған зауыт өніміне деген сұраныс қазірдің өзінде аз емес.

«Қандайда бір істі қолға алмас бұрын білікті маман­дардың кеңесіне құлақ түр­ген­нің еш артықтығы жоқ. Бір­шама уақыт бұрын қы­тай­лық әріптесім Ян На де­ген­ азаматтан жұмысты жүр­гізу­дің жолдарын сұрап, жаңа бас­таманың қыр-сырына тере­ңі­нен қанықтым.

Осы бір кәсіпті қолға алып отырған өзге елдердегі кәсіп­орындардың жұмысын да хал-қадерімше зерделедім. Нәтижесінде, 2021 жылы несие рәсімдеп, жаңа бір істі қолға алған жайым бар», дейді кәсіпкер өткен шаққа көз жү­гіртіп.

Серіктестік басшысы­ қолға алған істі әрі қарай өркендетуді мақсат тұ­тып­ отыр. Ол зауыт­тан өнді­ріл­ген өнімді Қазақ­стан мен Өзбекстан аума­ғынан тыс өзге де мемлекеттерге экспорттағысы келеді. Алдағы уақытта осы бағыт­тағы жұмысты ширата түспек.

Зауыт басшысы әуелде 10 мың тонна көлемінде өнім өндірсе, кейінгі жылдары көрсеткішті бірнеше есеге арттыруға бекініп отырғаны қуантады. Оның айтуынша, кәсіпорын қызметкерлерінің табанды еңбегінің арқасында зауыт өндіретін өнім алдағы бірнеше жылдың бедерінде 20-30 мың тоннаға дейін жеткізілмекші. Өйткені өнімге деген сұраныс жыл өткен са­йын артып келеді.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы