Биыл мектеп түлектері негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Осылайша 162 мың талапкер ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырды.
«Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артқан (2022 жылы – 67%). ҰБТ орташа балы өткен жылғы көрсеткіштен 7 балға артып, 73 балды құрады (2022 жылы – 66 балл). Бес адам ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, 137 балл жинады. 2868 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді», деп түсіндірді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Тестілеу бес пән бойынша өткізілді, олардың үшеуі - міндетті және екеуі - бейінді. Тест тапсырмаларының саны 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 20, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 15 және екі бейіндік пән бойынша – 35 тапсырма. Тестілеу ұзақтығы – 4 сағат (240 минут).
Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут уақыт сақталды. Биыл осындай 478 бала ҰБТ тапсырды.
Биыл апелляцияға 50 мыңнан астам өтініш берілді, олардың ішінде 805 өтініш қанағаттандырылды. Мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.
ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Жалпы, негізгі ҰБТ-2023 штатты режимде өтті.