Тұлға • 28 Шілде, 2023

«Естай деп атым шықты қалың елге...»

194 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өшпес-тозбас ескерткішін өнерімен сомдап кеткен Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойы Екібастұзда кең көлемде аталып өтті. Бірнеше күнге жалғасқан мерейтой қыстан қысылып шыққан екібастұздықтардың еңсесін көтеріп, рухын оятқандай болды. Төл өнеріміз төрге озып, ұлттық құндылықтар ұлықталған Естай тойы тарих қойнауына мәнді де мазмұнды, сәнді де салтанатты іс-шара ретінде енгені даусыз.

«Естай деп атым шықты қалың елге...»

Әлбетте, мұндай мерейтойдың деңгейі қанша жылқы сойыл­ға­нымен, неше киіз үй тігілгенімен өлшенбесі анық. Сондықтан Екі­бас­тұздағы Естай тойы аясында өткен маңызды екі дүниеге назар аударсақ дейміз. Біріншіден, Екібастұз қаласының әкімдігі алғаш рет республикалық дең­гейде Естай атындағы дәстүрлі әнші­лер байқауын ұйымдастырды. Мұндай байқауды бір жылдары Павлодар облысының мәдениет басқармасы да өткізген еді. Алайда жап-жақсы жоба бізге белгісіз себептермен жалғаспай қалған-ды. Енді осы бір олқылықтың орнын екібастұздықтар толтыруға тырысқандай.

щ

– Естайдың тойы – дәстүрлі әннің тойы. Сондықтан мұндай мерей­тойлар бірінші кезекте елі­міздегі дәстүрлі әншілердің басын­ біріктіретін бірегей алаңға айна­луы керек. Өнер саңлақтары бір-бірімен бәсекеге түсіп қана қой­май, өзара тәжірибе алмасады, пікірлеседі. Сөйтіп, бірінің біл­ме­генін бірі үйретіп, жаңа дең­гейге көтеріледі. Естай атын­дағы әншілер байқауы да қатысу­шыларға, көрермендерге қай жағынан алсақ та, пайдалы бол­ғаны даусыз. Екі күн бойы Екі­бас­тұздың аспанында дәстүрлі әні­міз әуелеп тұрды. Жергілікті халық­тың да ұлттық өнерге деген ерекше ықыласына тәнті болдық. Естай атындағы дәстүрлі әншілер байқауы дәстүрлі іс-шараға айналса екен деген тілек бар, – деді бай­қаудың бас қазысы, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазы.

Әншілер байқауында павло­дар­лық өнерпаз Дәуренбек Сләм­­ғали бас жүлдені иеленді. Бірінші орын алматылық Диас Мұрат­ханға бұйырды. Екінші орынды оралдық Мирлан Жам­былов пен қарағандылық Диана Алтайқызы өзара бөлісті. Екі­бас­тұздық Жайдар Шұнан, алма­тылық Нариман Әбді­рах­ма­­нов, балқаштық Нұрболат Ұзақ­бай үшінші орынды қанағат тұтты. Байқау лауреаттары мен қатысушылары ақшалай сыйлық­тар­мен марапатталды.

д

Назар аударғымыз келген екінші дүние – «Естай әлемі» деп аталған диалог алаңы. Дәл осы іс-шарада Естайдың шығар­ма­шылығына қатысты тұшымды ойлар айтылды. Мәселен, қазақ­тың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлы­бай Естайдың ақындық қыры зерттелмегенін еске салды. «Естайды әнші, композитор дейміз. Бірақ ол бірінші кезекте – ақын. Өзі де «Жағалап Қара Ертісті Естай ақын» демей ме. Өкінішке қарай, Естайдың ақын­дық қыры, оның әндерінің мәтін­дік құрылымы жан-жақты зерт­телген емес. Ғалымдар, өнер зерт­теу­шілері осыған мән берсе екен», деді Ғалым Жайлыбай.

Естайдың өнері мен өмірін насихаттауда түркі дүниесіне танымал тұлға Дүйсен Қасейіновтің алар орны ерекше. Бұл жолғы мерейтойға да мәртебелі мейман ретінде арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері әнші Естайдың тойына деп арнайы тартуын да ұсынды. Ол – осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылы Естайдың 125 жылдық мерейтойында түсірілген 2,5 сағаттық бейнежазба. Жеке архивінде сары майдай сақтаған алтынға пара-пар бейнежазбада Естайдың көзін көріп, дәмдес болған белгілі музыкатанушы­ Борис Ерзакович, ғалым-педагог Төлеутай Ақшо­ла­қов, қаламгер Рамазан Тоқтаров, өнер зерттеушісі Зейнұр Қоспақов сынды танымал тұлғалардың есте­лік­тері бар. Оларды Естайдың 125 жыл­дық тойына бастап әкелген Дүйсен Қасейінов екенін де еске сала кетейік.

– Отыз жыл бұрынғы бейнежазбада жазушы, мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Рамазан Тоқтаров «Естайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілсін» деген тілек айт­қан екен. Сол тілек осыдан бес жыл бұрын орындалды. Естай­дың­ 150 жылдық мерейтойы түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы­ атанып кеткен ТҮРКСОЙ ұйы­мы­ның мұрындық болуы­мен Түркия төрінде аталып өтті. Оған елімізден үлкен делегация барып қатысты. Бірнеше күн бойы Түркия төрінде Естай­дың­ әндері шырқалды. Рухты көтер­ген сол жиынның басы-қасын­да жүргенімді мақтан тұта­мын. Әлбетте, тойға тарту­ ретін­де әкелген 2,5 сағаттық бейне­­жаз­бадағы біраз адам қазір орта­­­мыз­да жоқ. Сондықтан оны қай­та жаңғыртып, жергілікті теле­­арнадан көпшілік назарына­ ұсыну керек деп есептеймін. Болмаса айтылған дүниелерді тегіс қамтып, бейнежазбаның газеттік үлгісін де жасап қоюға бола­ды. Бұл бүгінгі һәм келешек ұрпақ үшін құнды дүние болар еді. Сонымен қатар осыдан отыз жыл бұрын Павлодар облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметов Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлт­тық­ консерваториясының үздік сту­дентіне Естай атындағы арнайы стипендияны тағайындаған бола­тын. Осынау игі дәстүрді де қайта жаңғыртатын уақыт келген секіл­ді, – деді Дүйсен Қасейінов.

Айтпақшы, 1993 жылы Естай­дың 125 жылдық мерейтойын ұйым­­дастырған сол кездегі Ақто­ғай­ ауданының әкімі, бүгінде Ертіс – Баян өңірінің абыз ақса­қа­лы­на айналған Әбілхақ Түгелбаев биыл­ғы 155 жылдыққа арнайы келді. Ол өткенді қайта жаң­ғыр­тып, бейнежазбаны бұқараның наза­рына ұсынған Д.Қасейіновке риза­шылығын білдірді.

Естай әндерін әлемнің 40-тан астам елінде шырқаған атақты опера әншісі Шахимардан Әбілов жиналған жұртшылық алдында «Құсни-Қорланға» басқанда елең етпеген адам қалмады. Ол ақын әндерінің ерекшелігіне тоқтала отырып: «Естайдың әнде­рін шырқаған сайын шетелдік ком­по­­зиторлар, тыңдармандар үнемі таңғалады. «Мынадай клас­си­ка­лық өнерді тудырған сазгермен таныстыршы», деп өтініш айтады. Естайдың арамызда жоқ екенін, оның тіпті музыкалық білімі де болмағанын естігенде, тіпті таң­ғалады», дейді ол.

Сондай-ақ диалог алаңында Естай туған топырақтың түлегі, белгілі күйші Қайрат Айтбаев және өнертану ғылымының докторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Саида Елеманова баян­дама жасап, тұшымды әңгіме өрбітті.

– Естай бабамыздың 155 жыл­дық мерейтойы кең көлем­де аталып өткеніне қуаныштымыз. Қысыл-таяң кезеңге қарамастан, елеулі датаны ескерусіз қалдырмаған қала билігі екібастұздықтар мен қала қонақтарын зор қуанышқа бөледі. Халқымен қапталдаса жасап келе жатқан жарқын талант – Естайдың биылғы мерейтойы мазмұнды іс-шаралармен есте қалды, – деді Естайдың немерелес туысы Ханшайым Кәрібайқызы.

Мерекелік мәдени іс-шара ая­­сын­да арнайы тұрғызылған этно­ауылда көшпелі өркениет әлемінің көрмесі ұйымдастырылғанын айта кетейік. Онда қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі, ұлттық спорт ойындары өткізілді. Бұған қоса Суретшілер одағы мүшелерінің пленэрінде қылқалам шеберлері Естайдың портретін бейнеледі. Этноауыл алаңында Ақтоғай, Ертіс, Желе­зин­ аудандарынан арнайы келген өнерпаздар мен Екібастұз қала­сы­ның шығар­ма­шылық ұжымдары өнер­лерін паш етті.