2000-жылдардың басында мектеп кітапханаларынан «Қазақ совет балалар әдебиетінің антологиясы» деген сериямен шыққан қалың кітаптарды оқып өстік. Кітаптың жоғары жағында баданадай боп жазылған жазуды көріп, кеңес баласы болмасақ та, бізге арналған кітаптар осы екен дестік. Расында, Бердібек Соқпақбаев, Өтебай Тұрманжанов, Өтебай Қанахин, Мүбәрак Жаманбалинов, Сапарғали Бегалин, Қастек Баянбай сынды қаламгерлердің бізге арнап жазған шығармаларын тұшынып оқыдық. Сол сериямен шыққан кітаптардың бәрін оқу парызға саналды. Осы кітаптар басқа кітаптарға, осы авторлар басқа авторларға – кітап әлеміне жол ашты. Содан бері кітап атаулымен біргеміз, кітапхана екінші үйімізге айналды. Міне, содан кейін, тәуелсіздік алғалы «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» деген томдық жарыққа шықпай, оған былтыр ғана қол жеткіздік. Ол туралы сәл кейінірек.
Бала кезде кітап әлеміне бағыт сілтеген тағы бір дүние – балалар басылымы. «Ұлан» газеті, «Балдырған» және «Ақ желкен» журналдары қатарластарымды кітап әлеміне жетеледі. Бұл басылымдардың ерекшелігі – әдеби көркем шығармаларды молынан жариялайтын. Біздің де жазуымызға мүмкіндік беретін. Ал жазғанымыз газет-журнал бетінде жариялана қалса, «менің де жазғанымды Қазақстанның басқа бір түкпіріндегі балалар оқып отыр-ау» деген мақтаныш кернейтін. Мектептегі абыройдың артқаны екібастан. Бала кезден басталған осындай шығармашылық ізденістер күндердің күнінде сол редакцияға әкелді. Қазір «Ақ желкен» журналында қызметтемін. Бұған дейін «Ұлан» газетінде жұмыс істедім. Сонда айтпағың не дейсіз ғой?
Балалар басылымы әу бастағы миссиясынан айнып көрмепті. Мектеп оқушыларын сауатты болуға, көркем әдебиетке баулуға, шығармашылық қабілеті барын шыңдай түсуге әлі де күш салып келеді. Бірақ... таралым бұрынғыдай емес. Балалар басылымдарының таралымы тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы таралымға жетпей отыр. Яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет ретінде аяқтан тұрып кету оңай болмады, сол үшін газет-журналға жазылу қиын болды десек, қазіргі себебін қайдан іздерміз? Оның себебі – ел айтып жүргендей «қазіргі балалар кітап, газет-журнал оқымайды» деген сөз емес. Себебі – жеткізу қызметінде. «Қазпошта» мекемесі басылымдарды уақытында жеткізбей, қазақ баспасөзінің көшін іркіп қалып жүргені белгілі. Тағы бір себебі – балаларға арналған басылымның насихатына салынған тұсау. Біраз уақыттан бері мектептерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмай келеміз. «Газет-журналдарға мектеп ұжымын күштеп жаздырады» деген қаңқу біршама бөгет болды. Егер балаларға арналған газет-журналды мектеп пен мектеп кітапханалары арқылы насихаттамасақ, басқа жолы қайсы? Жолы жоқ емес-ау, бірақ баланы қосымша білімге баулудың, шығармашылығын арттырудың төте жолы сол еді ғой. Бала кезінде балалар басылымын оқымаған адам кейін ата басылымдарды оқи ма? «Балалар кітапханасы» жобасы, баланы кітапқа баулу дегендегі назар аударар мәселенің бірі осы. Себебі балалар басылымы апта сайын, ай сайын жаңаша шығып, балалармен үнемі байланыста болады. Тапсырма береді, байқаулар өткізеді дегендей, қалайда оқырманнан қол үзбеуге тырысады. Егер елдегі әр мектепке осы үш басылымға жазылуды ұйымдастырар болсақ, онда біз таралым мәселесін де шешер едік. Бұлардың әрқайсысының жылдық жазылу бағасы бір торттан аспайды, қазақша айтқанда.
«Балалар әдебиеті антологиясына» келейік. Тәуелсіздік алғалы отыз жылдан кейін көп күттіріп барып антология былтыр жарыққа шықты. Құрастырушысы – белгілі ақын, балалар қаламгері Байбота Қошым-Ноғай. Алайда Байбота ағаның талай жылдан бері құрастырып, екшеп қойған 10 томдық антологиясы Алматы қалалық әкімшілігінің демеуімен жарық көрді. Сәйкесінше таралымы да аз болып, еліміздің көп бөлігіне жетпей қалды. Кітаптың айналасында жүрген адам ретінде байқағаным – бұл антологияны сұраушылардың қарасы әлі де көп. Ал 10 томдық әлдеқашан таусылған. Президент айтқан «Балалар кітапханасы» жобасына бұл дап-дайын жұмыс болатын.
Президент тапсырған жоба аясында осындай әлдеқашан бір ізге түскен, уақыт тезінен өткен асыл мұра – қастерлі қазына қолдау табуға тиіс. Жаңа шығармалар жазылар, әлемдік классикалық шығармалар аударылар, алайда қолда бардың қадірін білейік.
Асылан ТІЛЕГЕН,
«Ақ желкен» журналының
жауапты хатшысы