Балалар • 04 Тамыз, 2023

«Мөлдір бұлақ» балалар игілігіне берілді

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өңірлердегі Президент резиденцияларын балабақша немесе сауықтыру лагерлеріне айналдыруды тап­сырған болатын. Сол тапсырмаға сәйкес Жамбыл облысындағы ғимарат «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды.

«Мөлдір бұлақ» балалар игілігіне берілді

Балалардың игілігіне беріліп отыр­ған орталықтың ашылу салтанатына өңір басшысы Нұржан Нұржігітов, Оқу-ағарту министр­лігі Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орын­басары Батырхан Жолдас қаты­сып, балаларды қуанышымен құт­тық­тады. Орталықтың ашылу рәсімінде сөз алған өңір басшысы нысанның жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейтінін айтып өтті.

«Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақ­сатында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама аясында республика бойынша балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін құру көзделгені мәлім. Мемлекет басшысы бірнеше өңірдегі резиденцияны балалардың игілігіне беруді тапсырған еді. Сол тапсырма өңірде орындалды. Нәтижесінде, «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Орталыққа келген балалар жаз мезгілінде 12 күн, басқа мезгілдерде 24 күн сауықтыру шараларымен қамтылады. Балалардың болашағы мен денсаулығы – мемлекет алға қойған бас­ты басымдықтардың бірі. Ел ертеңіне үмітпен қарап отыр­ған жас өскіндердің бір парасы осы орталықтың алғашқы қар­лы­ғаш­тарына айналғанымен бар­шаңызды құттықтаймын», деді Н.Нұржгітов сауықтыру орталығының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Мұнан кейін сөз алған Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Батырхан Жолдас, облыстық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев та ізгі лебіздерін жеткізді. Іс-шара барысында жинал­ғандар концерттік бағдарламаны тамашалады. 

Жалпы, өңір жасөспірімдерінің игілігіне берілген орталық 10 гектар алқапты алып жатыр. Мұнда балалардың демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға барлық жағдай қарастырылған. Нақтырақ айтар болсақ, заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтылған оқу каби­неттері, спорт алаңдары, үйір­ме бөлмелері бар. Сондай-ақ бал­дыр­ғандар бес мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.