Балалар • 10 Тамыз, 2023

150 орындық лагерь бір маусымда 300 балаға қызмет көрсеткен

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова балаларға арналған жазғы лагерьлерді жоспардан тыс тексеру барысы мен алғашқы нәтижелер жайлы ақпарат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

150 орындық лагерь бір маусымда 300 балаға қызмет көрсеткен

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, әрбір лагерь өз қызметін бастамас бұрын санитарлық эпидемиялық қорытынды алуы тиіс. Биыл Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне 200-ге жуық өтініш келіп түсті. 170 өтінішке қорытынды берілді, 30-ы санитарлық ережелерге сәйкес келмеген.

«Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны беру кезінде рұқсат беру бақылауы жүргізіледі. Осы кезеңде біз объектілердің стандарттар мен талаптарға сәйкестігін тексереміз: жиһаздың, сумен жабдықтаудың, кәріздің болуы. Бірақ бұл кезде объект жұмыс істемейтіндіктен, оның қызметін, тамақтың, медициналық көмектің сапасын тексеру мүмкін емес», деді Айжан Есмағамбетова.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде жазғы лагерьлердің қызметі туралы жағымсыз ақпарат көбейді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, Бас прокуратура барлық жазғы балалар лагерьлерге тексеру жұмыстарын жүргізе бастады.

«Біздің аумақтық департаменттер бұл тексерістерге қатысып жатыр. 150 балаға арналған лагерь бір маусымда 300 балаға қызмет көрсеткен жағдайлар да анықталды. Балалардың тамақтануына байланысты құқық бұзушылықтар да тіркелді. Өнім сапасының қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ. Азық-түлік сақтау орындары талапқа сай келмейді. Ал медицина қызметкерлері медициналық тексеруден өтпеген», деп түсіндірді спикер.

Вице-министр балалар лагерлерінің 80%-ы бизнестің шағын түріне жататынын атап өтті. 2020 жылдан бастап Қазақстанда шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізілді, осыған байланысты екі жылдан астам уақыт бойы балалар лагерьлерін жоспарлы түрде тексеру жүргізілмеген. 

 

Карима ЖҰМАҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті