Университет • 21 Тамыз, 2023

Ақтөбедегі Ұлыбритания университеті

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ашылған ұлыбританиялық Heriot-Watt университетінің филиалына 300 түлек оқуға қабылданды. Олардың 40 пайыздан астамы мемлекет қолдауын қажет ететін әлеуметтік санатқа жататын отбасылардан шыққан.

Ақтөбедегі Ұлыбритания университеті

Мемлекеттік грант конкурсының нәти­жесі бойынша Ақтөбеде ашылатын Heriot-Watt университетінің филиалына 3 білім бағдарламасы бойынша 300 студент оқуға түсті. Олардың ішінде 160 түлек компьютер инженериясы мамандығына, 80 түлек электр энергетикасы, 60 ұл-қыз мұнай ин­женериясы және энергоменеджмент маман­дығы бойынша білім алатын болады. Филиалға түсуге өңірлерден барлы­ғы 500-ден астам түлек қызығушылық таныт­қан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Парламент Мәжілісі­нің пленарлық отырысында 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік универ­си­теттердің кемінде 5 филиалын ашу қажет­тігін, соның ішінде техникалық ба­­ғыт­тағы жоғары оқу орнының екі фи­лиа­лын еліміздің батыс өңірінде ашу туралы тапсырма бергені белгілі. Осы­ған орай Ғылым және жоғары білім ­ми­нистр­лігінің қолдауымен Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің базасында ұлыбританиялық Heriot-Watt университетінің филиалын ашу туралы бастама көтеріліп, тиісті келісім жасалды. Енді, міне, осы филиал биыл ал­ғашқы білім алушыларды қабылдауға дайын.

Шотландия астанасы Эдинбургте орна­ласқан Heriot-Watt зерттеу университеті инженерия және IT мамандығы бойынша әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. 200 жылдан астам тарихы бар білім ордасы әлемдегі алғашқы механика институты ретінде негізі қаланған. Университет Дубай мен Малайзияда оқу корпустарын ашып, халықаралық ынтымақтастық бағытына бет бұрды. 2023 жылы алғаш рет Орталық Азия өңірінде – Ақтөбеде жаңа филиал ашу туралы келі­сімге келді.

Аталған оқу орнында білім алуға грант жеңіп алған талапкерлердің арасында тек ақтөбеліктер ғана емес, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері де бар.

– Heriot-Watt университетінің филиалын Ақтөбеде ашу туралы бастамамызға тек өңір тұрғындары ғана емес, өзге аймақтар мен Астана, Алматы секілді ірі қалалардың мектеп түлектері де қызы­ғушылық танытты. Heriot-Watt универ­ситетінің филиалында оқуға грант жеңіп алғандардың 41,7 пайызы көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар секілді түрлі әлеуметтік категорияларды қамтиды. Ал 35 пайызы ауыл мектептерін тәмамдаған түлектер. Мемлекет қолдауына мұқтаж отбасылардан шыққан балалардың осы мүмкіндікке қол жеткізгені ерекше қуантады, – деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.

Студенттер алғашқы жылы деңгейіне қарай топқа бөлініп, өзге пәндермен қа­тар интенсивті түрде академиялық ағыл­шын тілін меңгереді. Жұбанов универ­си­тетінің басшылығы студенттерге қосым­ша психологиялық қолдау мен бағыт-бағ­дар беретін менторлар қызметі іске қосыла­тыны, сондай-ақ 300 студентке арнап жатақханадан орын берілетінін мәлімдеді.

Heriot-Watt университетінің өкілі мұн­дай әріптестік Қазақстан үшін ғана емес, шотландиялық оқу орны үшін де пайдалы болатынына сенімді. «Бұл қадам расында трансформацияға бастап, екі оқу орнына да өзгерістер әкелетініне сенім­дімін. Біз Дубайда, Малайзияда ашылған кам­пустарымыздан үйренгеніміз көп бол­ды. Онда жүргізілген жұмыс білім беру жүйе­мізге, ғылыми зерттеулерге, тіпті, Эдин­бургте орналасқан кампуске әсер етті. Бұл ынтымақтастық бізге ғана емес, Жұ­банов университетіне де пайдалы бо­лады деп сенемін. Студенттер өңірдің, тіпті Қазақстанның ұлттық экономика­сы­на оң ықпал ететін мансап жолына қажет­ті дайындықты бере алатын оқу бағдар­ламасына көңілі толады деп ойлаймын», дейді Heriot-Watt University халықара­лық ынтымақтастық бөлімінің директоры Джаред Филиппи.