Абай • 23 Тамыз, 2023

Абай мұрасы және ағылшын тілі

751 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қазақ тілін үйренуге намыс керек, ағылшын тілін үйренуге әдіс керек» дейтін кейіпкеріміз – Ернат Қашқынов оқушыларға ағылшын тілін Абай арқылы үйретіп жүр. Алғашында еріксіз таңғалғанымыз рас. Абай күні қарсаңында шеберлік сағатына қатысып, ұстаз әдісіне қызыққанымыз сонша – орайын тауып, сұхбат құрып үлгердік.

Абай мұрасы және ағылшын тілі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Ағылшынша тіл сындыру», «Толық адам және төрт даму» сынды жобалар­дың авторы – бала кезінен қазақ тілі мен әдебиетін сүйіп оқыған, ауылдың қара домалақ баласы.

– Астанада ағылшын тілінен сабақ беріп жүргенімде, алтыншы сыныпта оқи­тын оқушымның ата-анасы «Сіз қазақ тілін жақсы білесіз. Әдебиеттен, Абай тағылымынан хабарыңыз бар. Балама ағылшын тілімен қатар қазақ тілі мен әдебиетін үйретіңізші» деген ұсыныс айтты. Ата-ананың өтінішін жерге тас­тай алмай, ұзақ ойланып жүріп, соңында Абай арқылы ағылшын тілін оқыту идея­сы ойға келді. Оқушылар арасында танымал Абай өлеңдері мен қарасөздерін талдап алып, оны ағылшынша үйретудің әдістеме­сін жасап шығардым, – дейді ұстаз.

Оның айтуынша, жастардан Роберт Лесли, Стивен Хокинг, Роберт Кийосаки сынды басқа да тұлғалар жайында сұра­саң, оларды бәрі білетін болып шыға­ды. Ал Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп­ті айтсаң, жастардың аса бір қызығу­шылығы болмайды. Ауылда өсіп, қария тәрбиесін көрген Ернат Еуропадан шық­қан атақтылардың сөзі мен Абай ілімін салыстырып жүретін болса керек. Абай мұны баяғыда-ақ айтып кеткен деген секілді пайым жас ұстаздың ойына орала береді. Мұндай ой тіпті бала кезінде де мазалаған екен.

– Кейіннен ағылшын тілі маманы атандым, білім беру орталығын аштым. «Ағылшынша тіл сындыру» деген кітап шығардым. Негізгі әдістемем – қазақ тілі арқылы ағылшын тілін оқыту. Біз орыс тілі арқылы үйрендік. Ағылшын тілінде «ә», «ң», «ө» дыбысы бар сөздерді біз орыс тілінің заңдылықтары арқылы оқыдық. Мысалы, шаш кептіргішті «fen» деп жазамыз, оны «фән» деп оқи­мыз. Өкінішке қарай, осы күнге дейін, тіпті қазір де мектепте «фен» деп оқы­тылады. Ағылшындарға барып, «фен» деп айтып тұрсаңыз, оны ешкім түсін­бейді. Сол секілді «тренинг» деген сөзді ағылшынша «трениң» деп дыбыстап айтамыз. Оны біз орыс тілінің әдістемесі­мен үйренгендіктен, төл дыбыстарымызды мүлдем пайдаланбаймыз. Былай­ша айтқанда, біз бөтен тілді екі ортаға көпір қылып алғандаймыз. Соның салдары­нан ағылшын тілін үйрену үлкен қиындық­қа айналып отыр. Қазақтілді балаларға ағылшыншаны орыс тілі арқылы қабыл­дау тіпті қиын, – деп кейіпкеріміз тілді меңгерудегі қиындықтың да барын бір­неше мысалмен түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ білікті маман нейробиология, нейролингвистика саласын да зерттеп, өз әдістемесінің негізін қалаған. Яғни оқушы қабылдауын түсіну үшін тіл мен мидың байланысына мән берген.

– 6-7 жастағы баланың миында қай тілдегі нейрондар болса, сол нейрон­дар арқылы ақпаратты қабылдай бас­тай­­ды. Сондықтан да оқушыларға ағыл­шыншаны қазақ тілі секілді деп үйре­темін. Балалар да сонда «ағылшын тілін игеру жеңіл екен ғой, өз тілімізге ұқсайды екен» деп, айтқаныңды бірден қағып алады, – дейді кейіпкеріміз.

Маманның шығармашылық ізденісіне разы боласың. Сабақ барысында оның түсіндірген ағылшынша бірқатар сөзін жаттап алдық. Әрі Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін тереңірек талдап, ағылшынша аудармасын да түсіндік. Ернаттың басты мақсаты – оқушының психологиялық тосқауылын жойып, тілге деген сүйіспеншілігін ояту. Оның ойынша, нағыз ұстаз – жалықтырып жаттатпай, ұрсып оқытпай, жазалап бағаламай, баланың жүрегіне жол таба алатын адам.

– Кейін мен бұл әдістемемді күрделен­діре бастадым. Себебі Абайды айрық­ша жақсы көремін, Абайдан мотива­ция аламын. Илон Маск секілді жетістікке жеткен шетелдік мотиваторларды зерттеп қарасам, табысқа жетудің формуласын төрт дүние арқылы береді екен. Олар: рухани даму, интеллектуалды да­му, физикалық даму және материалдық даму. Абайдың «Толық адам» ілімін талдасаңыз, не деп айтылады? Абай оны былайша жіктеген: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат және сенімді дәулет. Дәулет болу керек, бірақ ол се­німді болу керек, иттікпен таппау керек дейді. Иттікпен тапқан ақшаны иттік­пен жұмсайсың. Міне, осындай төрт құбы­ласы түгел адамды толық адам деп санаймын, – дейді ізденімпаз маман.

Ернат Мелсұлы шығармашылық ізде­нісінің нәтижесінде, Абай әлемін рухани дамудың да көзі екенін түсінген. Ол Абай арқылы ағылшын тілін оқытумен қатар тәрбие де бере алатынына көз жет­кізеді.

– Абайды әлемге насихаттау үшін халықаралық тіл – ағылшын тілін үйре­нуіміз керек. Сол үшін де «Абай арқылы ағылшынша үйрен» атты әдістеме жасау­ды жөн көрдім. Әдістеменің ерекшелігі, біріншіден, бала Абай ілімін түсінеді. Шетелдік трендтермен байланыстырып үйренсе, Абай ілімі әлдеқайда қызығы­рақ болады. Сондай-ақ Абай өлеңдерін оқу арқылы оқушылардың сөздік қоры көбейеді. Халықаралық байқаулардан топ жарған оқушылар барған жерінде де өз мәдениетін дәріптеп, Абай туралы айта алады. Олар құдды бір «Абай әлемінің елшілері» сыңайлы. Ал Абай шығармаларын ағылшын тілінде айтып тарату үшін ақынның туындыла­рын жақсы білу керек. Сондықтан да бұл әдістеме дарынды балаларға арнал­ған, – деп кейіпкеріміз әдістемесінің ерекшелігіне де тоқталды.

Айта кетелік, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ернат Мелсұлы А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Ғылым тап – Find science» атты оқушыларға арналған курс өткізді. Курс аясында оқушылар «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін ағылшынша үйреніп шықты. Бұл тәжірибе жалғасын табады деп сенеміз.

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті