Әулиеатада Данияр Әлімқұл деген ақын жігіт бар. Бірер жыл бұрын «Жүрек хаттары» деген алғашқы жинағы жарық көрді. Жазған өлеңдері көркемдік сипаты жағынан бірінен бірі аспаса, кем түспейді. Оның сыршыл өлеңдерін оқып отырып, суреткерлігіне разы боласың. Қатарластарына қарағанда өндіріп жазса да, аға жағалап өңмеңдегенін көрмейсің. Өзі сөйлемейді, ол үшін өлеңі сөйлейді...
Жас перінің жинағын парақтағанда ақынның жаны сұлулықты сүйетінін аңғару әсте қиын емес. Жүрегіне ілінген жұлдыз сезімін шумақтарында жаңа бір қалыппен өреді. Құрғақ ұран, жалаң баяндауға ұрынбайды. Ұйқас іздеп сықпырта жазу дегеннен жаны ада. Керісінше терең теңеу, тосын ой арқылы көркемдіктің биігіне шығуға барынша ұмтылады. Талмай ізденеді.
Өн бойында сезім оты лаулаған ақынның «Мұңмезгіл», «Мұңмезгіл – 2» өлеңдері адам жанын тебірентпей қоймайды. Бір бағытта жазылған екі өлеңнің айтары бір болғанымен, өрнегі өзгеше. Сонысымен де дараланып тұратыны сөзсіз.
«Еш Ақылдың ермей есті Сөзіне,
Еңкіш тартып обал менен Ашыныс.
Көктем іздеп барып едім көзіңе,
Күз басталып кеткен екен асығыс»,
деп алғашқы өлеңін түйіндеген ақын екінші жырын:
«Сұрақ белгі сияқтанып қоймап ең,
Із суытқан! Қайда? Жоқ қой. Ілкі леп.
Мен көктемге бармаймын деп ойлап ем,
Көктем сенің көзіңде жүр сіркіреп»,
деп аяқтайды. Оның осы шумақтардағы екі теңеуінен-ақ суреткерлікті аңғару қиын емес. Адам жанын баурап алады.
Көктем – кез келген ақынның танымында сұлулық салтанат құратын мезгіл. Ал күз – сары жапырақтай сарғайған сағыныш пен мұңға оранған мелодия. «Көктем іздеп барып едім көзіңе, күз басталып кеткен екен асығыс» деген екі тармақтан сол сұлулықты да, іңкәрлікті де, сағыныш пен мұңды да байқау қиын емес. Екіұдай сезім екі тармақ арқылы бір толқында үйлесім тапқан. Ақынның шеберлігі сүйсіндірмей қоймайды. Қиялы мен қисыны да жүрекке жылы тиеді.
Расында әдемі өлең оқысаң көңілдің көңілден су ішетіні секілді ғажап бір күй кешесің. Ақынның шеберлігі мен тапқырлығына тәнті боласың. Ал Даниярдың жинағында адам жанын рахатқа бөлейтін терең тебіреніске толы өлең аз емес.
«Бір тілегім бар еді қайта маздап,
Келем тағы... құстар да қайтады аздап.
Сенің күлкің шашылған көшелерді,
Менің мүлкім деп елге айта жаздап»,
дейді ол тағы бір өлеңінде тосын ой айтып.
Расында қайсыбір өлеңнен соны бір сурет, жаңа бір ой көрсек қуанамыз. Өйткені өлең деген сонысымен құнды ғой.
Әйгілі Леонардо да Винчидің «Живопись – это поэзия, которую видят, а поэзия – это живопись, которую слышат» деген сөзі жақсы жыр оқығанда ойымызға бірден оралатыны да ақиқат. Ал Даниярдың әлгіндегі өлеңіндегі «Сенің күлкің шашылған көшелерді, менің мүлкім деп елге айта жаздап», деген жолдар шынында да көзіңе әдемі бір суретті әкелетіні бар.
Ақын өлеңдерінің ішіндегі ең бір ерекшесі – «Гүлжүрек». Атауы құлаққа тосындау естілетін өлең де өзгеше сипатымен айрықша ойға батырады. Алғаш жазған жырының бірі болғандықтан бұл шығармасы оның өзіне де ыстық шығар.
«Қыз қолында гүл сынады,
Гүл сынады өкініштен.
Кеуде қалай тұрсын әрі,
Күбірлейді Өкіл іштен»,
деп басталатын өлеңнің бірінші шумағының өзінен-ақ Даниярдың өлеңге өзгеше бояу әкелуге ұмтылатынын байқаймыз. Осы жолдардағы «Өкіл» деген сөз жүрек екені айтпаса да түсінікті. Данияр жүректі «Өкіл» сөзі арқылы беруімен оқырманын елең еткізеді.
«Ұйқастыра білгеннің бәрі ақын емес», дейді Александр Пушкин. Шынында да, солай ғой. Есті оқырман кез келген өлеңнен ұйқастан бөлек адам жадында өшпестей сақталатын өзгешелік іздейді. Соны тапса қуанады.
Бес өлең жазып, өз терісіне өзі сыймай жүргендердің кейбіріне қарағанда Даниярдың жырларындағы жаңа бояу, әсерлі қисын қалай десек те құндырақ көрінеді. Өйткені ол өлең мен өмірдің қилы құбылысын өзінше көруге ден қояды.
«Тебіренісі терең, жырларын шашпай-төкпей тұңғыш кітабына жинап келген Даниярдың табиғи таланты тайға таңба басқандай. Поэтикалық өресі мен өмір-өзен құбылыстарын өзіндік өрнегімен өзгеше жасайды. Ақындық болмысының бояуы бойдан кіріп, ойды оятады. Әдебиетке осылай келу керек», депті қазақтың ардакүрең ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай жас шайырдың алғашқы жинағына жазған алғысөзінде. Бұдан асырып не айтасың?
Жамбыл облысы