Білім • 06 Қыркүйек, 2023

Өзгертілген бұйрық. Алты күндік оқуға көшірген кім?

3971 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білім күні жарияланған «Жаңа оқу жылының жаңа сипаты» атты материалымызда оқу жылы ұзақтығының бұрынғы қалпына келуіне байланысты 5 күндік оқу аптасы сақталатынын жазғанбыз. Өйткені жауапты министрлік ресми түрде солай хабарлаған еді. Ал еліміздің кейбір өңірінде ата-аналар 6 күндік оқу аптасына көшкеніне шағымданып жатыр. Сонда бұл қалай болғаны?

Өзгертілген бұйрық. Алты күндік оқуға көшірген кім?

Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының ата-аналары қалалық білім басқармасы ми­нистрліктің бұйрығын бұзып отырғанына шағымданды. Instag­ram желісіндегі «Вечерняя Кара­ган­да» парақшасында жарияланған видеода Шахтинск қаласының бірнеше мектебіне (№1, 5, 6, 7 мектептер) балалары баратын ата-аналар қарсылығын білдірген.

«Еліміздегі оқушылардың бәрі аптасына 5 күн оқығанда, біз неге 6 күн оқимыз? Шахтинск қала­сының білім бөлімі Оқу-ағарту ми­нистрлігінің №153 бұйрығын бұзып отыр. Бөлім басшысы Николай Онсович өзіне қалай ыңғайлы болса, солай жасап жатыр. Кеше біз оны кездесуге шақырдық, бірақ келмеді. Жақында қалалық білім бөлімінің чатында оның хаты жарияланды. Онда Николай Онсович өзінің осы шешімі арқылы балаларымыздың денсаулығы мен бос уақытына қам­қорлық танытып отырғанын айтқан. Шын мәнінде білім бө­лімінің басшысы керісінше сабақ уақытын 40 минуттан 45 минутқа көбейтіп жіберді. Соның кесірінен екінші ауысым уақыты шегеріліп, түстен кейін оқитын оқушылар мектептен кеш қайтатын болды. Бос уақыты дейді, қайта балаларды отбасында өткізетін артық бір күндік демалысынан айы­рып, сенбі күніне де сабақ қойды. Енді балаларымыз жексен­бі күні ғана демалады», деді ша­ғым­данған ата-аналардың бірі.

Жаңа оқу жылы басталарда Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев оқу жылының ұзақтығы бұрынғы қалпына келуіне байланысты түбегейлі өзгерістер болмайтынын айтқан-ды.

«Жұмыс аптасының ұзақты­ғы бес күн болып қалады. Мек­тептер министрдің 2020 жыл­ғы 21 сәуірдегі №153 бұйры­ғын­ басшылыққа алуға тиіс. Бар­лық білім беру ұйы­мы бұ­рын­­ғыдай штаттық тәр­тіпте жұ­мыс істейді. Білім беру ұйым­дарының әкімшілігі са­бақ кес­те­сін, күнтізбелік жос­пар­ларын және сағаттарды бөлуде әдет­тегідей өздері жауапты. Қазір­гі уақытта оқу жылының ұзақ­ты­ғы туралы бұйрық келісуге жолданды. Алда бекітіледі. Осы бұйрықта 34 апталық оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 25 мамырда аяқталатыны нақты көрсетілген», деген еді Қ.Жұмашев.

Жұмыс аптасының ұзақтығы бес күн болып қалады деп анық айтылды. Соған қарамастан мектептер 6 күндік оқу аптасына көшіп жатыр. Сонда министрліктің сөзіне өңірлер, мектептер мән бермей отыр ма? Министрлікке себебін сұрап байланысқа шығып едік, білім басқармаларына сілтеді. Әрі 1 қыркүйектегі материалымызда берілген Қ.Жұмашевтың сөзін қайта жіберіп, ведомствоның ресми жауабы осы екенін жеткізді.

Ал Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында ата-аналардың шағымына «Ата-аналардан келіп түскен өтініштерді назарға ала отырып, қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің басшыларына бес күндік режімге көшу үшін кесте құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар оқу жос­­парында көзделген гимназия және лицей сыныптары үшін қо­сымша сағаттарды сенбі күндері өт­кізуді ұсынамыз», деп жауап берген.

Шахтинск қалалық білім бөлі­мі­­нің басшысына хабарласып едік, өкі­нішке қарай, телефонын көтер­меді. Осындайда «Еріксіз өзгертіле беретін бұйрық неге шы­­ғарылады? Бұйрығы жүрмей­ті­ні бар, министрлік несіне құ­рылады?» дейсің...