Қаржы • 14 Қыркүйек, 2023

Ел сенген қордың ертеңі

204 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел экономикасының жебеуші періштесіне айналған Ұлттық қордың активі 60,8 млрд долларға (27,96 трлн теңге) жетіпті. 2023 жылдың 8 айында қорға 3,2 трлн теңге түскен. 2022 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда түсім 29 пайызға азайды. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өсім көрсеткен. Бір қызығы, биыл 8 айда қорға 3,2 трлн теңге түскенімен, осы 8 ай ішінде қордан 2,9 трлн теңге кері алыныпты. Екі тоқсанның қорытындысы бойынша жинақталған инвестициялық табыс 839 млрд теңгені (былтыр осындай кезеңде теріс көрсеткіш – минус 635 млрд теңге болған) құрайды.

Ел сенген қордың ертеңі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық қорға қатысты түйткілді Мем­лекет басшысы биылғы Жолдауында да айтты. «Ұлттық қордың қаражаты күтпеген сын-қатерлерге тап болған жағ­дайда қаржы тұрақтылығын қамта­ма­сыз етуге едәуір кепілдік береді. Де­ген­мен қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын ай­қын­дайтын стратегиялық жобаларды қар­жы­ландыру үшін пайдалануға болады. Тіпті қазірден бастап соған жұмсау керек. Ұлттық қор әлден-ақ бірқатар ірі жобаны қаржыландырып жатыр. Алайда сол жобаларды іріктеу ісінде жүйелілік жетіспейді. Сондықтан Ұлттық қордың әрбір теңгесі айтарлықтай пайда әкелуі үшін барлық ұсынысқа жан-жақты са­рап­та­­ма жасалуын қамтамасыз ету қажет», деді Президент.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев­тың айтуынша, биыл қор активі өсімінің тәуір динамикасы байқалады.

«Былтыр мұнайдың орташа бағасы жыл бойы 90 доллардан жоғары болды. Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша 80 доллар деңгейінде тұр. Төмендеудің себебі сондықтан (түсімнің төмендеуі – ред.). Әрине, мұндай жағдайда был­тырғыдай түсімнің болмайтыны түсінікті. Дегенмен биыл өсім динамикасы жүріп жатыр», деді министр.

Оның сөзінше, жыл басында Ұлттық қор активі 55 млрд-тан аз болған, ал қазір 60 млрд-қа жетіп отыр. Үкімет алдында бұл көр­сеткішті 2030 жылға таман 100 млрд долларға жеткізу міндеті бар.

Өз кезегінде Ұлттық банк қор қара­жа­тын АҚШ-тың ұзақмерзімді қазына­шы­лық облигацияларына және тәуекелді ак­тивтерге инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл көбірек табыс табуға мүм­кін­дік бермек. ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, қордың жаңа инвестициялары дамыған елдерде шығарылған инвестициялық емес деңгейдегі корпо­ра­тивтік қарыз­дар­ды, сондай-ақ тікелей және жыл­жымайтын мүлікке инвестиция­ларды қамтиды. Мақ­сат – хеджқорларға инвес­тицияны қоса­тын «балама құрал­дарға» 2,5 млрд доллар бөлу. Қор кіріс­тілігін арттыруды күшейту ая­сында алғаш рет әртүрлі дамушы на­рық­тағы компания облигацияларына да ақша салынбақ. Осы әрекеттің бәрі 2030 жыл­ға таман қор қоржынындағы актив құнын 100 млрд долларға жеткізу үшін жасалады. 7 жылда жинақты 60-тан 100 млрд долларға жеткізу мүмкін бе?

Бұл орайда мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов Ұлттық банкке былай деп кеңес береді.

«Ұлттық банкке көмек нұсқау, ай­та­йық, Теңізшевройл (ТШО) мұнай үшін экспорттық кедендік төлемдерді (ЭКТ) қайта бағыттауды доғару керек. ТШО роялти орнына ЭКТ төлеп отыр, бұл төлем Ұлттық қорды айналып өтіп, республикалық бюджетке ауда­рылады. Компания келер жылдан бастап мұнай өндірісін жылына 39 млн тоннаға дейін арттырмақ. ЭКТ мөлшерлемесі (80 доллар) кезінде мұнайдың қазіргі бағасы жағ­да­йын­да ТШО-дан Ұлттық қорға түсетін тікелей түсім 20 млрд долларды құрайды. Өз-өзімізді, анығын айтқанда, өз балаларымызды алдауды қою керек. Ұлттық қорда ақша көп болған сайын, балалардың да жинағы соншалықты көбейеді», дейді сарапшы.

Сарапшы Айбар Олжайдың ай­­туынша, Ұлттық қор активін 100 млрд долларға жеткізудің оңтайлы тетіктері бар. Тек соны рет-ретімен қолдана алу абзал.

«Қазір Ұлттық қорда 59,1 млрд дол­лар­дың активтері бар. Қалған 40 млрд долларды қайдан аламыз? Осы күзде Қазақстан Қашаған дауында соңына дейін барып, инвесторлардан қосымша 13 млрд долларды сілкіп алмақ. Осы жоспар орындалса және ақшаны Ұлттық қорға бағыттасақ, онда активтерді 73 млрд долларға жеткізуге болады. Өз кезегінде Ұлттық банк қордың инвестициялық сая­сатына өзгерістер ен­гізді. Бұл бо­йынша консервативті пас­­сивті инвестициялаудан кетіп, кішкене табысы көбірек жолдарға бет бұрамыз. Бірақ тәуекелдің де сәл артатынын ескеру керек. Бұл енді шеберлікке байланысты. Ұлттық қордың инвестициялық табысы артатыны анық және оның жартысын балалар алады», дейді А.Олжай.

Оның сөзінше, қорды толтырудың басты жолы – одан ақшаны аз алып, көбі­рек салу. Бекітілген бюджеттік қағи­даға сай 2024 жылы қордан алынатын кепілдендірілген трансферт 2,2 трлн теңге болуға тиіс.

«Онда 3,6 трлн қайдан шықты? Үкімет трансферт түрін кепілдендірілген және мақсатты деп екіге бөліп қойған. Мақ­сат­тысына еш шектеу жоқ және ол түрлі манипуляцияға жол ашады. 2022 жылы қорға түскен қаржы алынған ақша­дан небәрі 600 млрд теңгеге артық болды. Биыл одан сәл көбірек болуы керек. Біз қыркүйектен жаңа экономикалық саясат күтіп отырмыз. Бірақ ертеңгі бюдже­ті­мізді болжап қойдық. Онда жақсы жа­ғы­на өзгеруге қаншалықты маневр ала­ңы бар деген сұрақ туындайды. Қор қаржысы тек нақты қайтарымы бар, біз­дің экономикалық өсімді жыл сайын 10 па­йыз­дан жоғары қылатын әлеуетті жоба­лар­ға бағытталуы керек. Ондай әлеуетті жобаны әзірге тек жылыжайлар, логис­тика, порттар мен теміржолды кеңейту, та­уар тасудан көріп тұрмын», дейді сарапшы.

Экономист Мақсат Халықтың айтуын­ша, елге қайтарылатын шетелдік активтер де басқа қорға емес, Ұлттық қорға ауда­ры­луға тиіс. Бұл ретте оның пікірімен Меруерт Махмұтованың да ойы бір жерден шығады.

«Бұған дейін де шетелден қайтарылған активтер Ұлттық қорға аударылған еді (Қазақ­­гейт зерттеуі естеріңізде шығар). Бұл жолы да жаңа қор құрып әуреге түсу­дің қажеті шамалы. Жыл сайын Ұлт­тық қордан республикалық бюджетке 9 млрд долларға жуық қаржы аударылып, бюджет шығындары, соның ішінде әлеуметтік шығындарға жұмсалады. Екін­ші­ден, Ұлттық қор активтерін басқару үшін сырттан басқарушылар тартылады. Заң жобасында жаңа қорды (шетелден қайта­рылатын активтер аударылатын қор – ред.) басқару үшін сондай жоспар қарастырылып отыр. Сол себепті бас­қа­руға кететін шығындарды шо­ғыр­лан­­­дыру қажет деп санаймын», дейді М.Махмұтова.

Сондай-ақ экономист Ұлттық қор қыз­ме­тіне аудиторлық есеп жүргізілуі керек деп есептейді.

«Бізге жаңа активтерді өтеу туралы заң жобасы бойынша жаңа қордың ау­дитін жүргізуге уәде берді. Қайтарылған ак­тив­терді қолданыстағы Ұлттық қорға енгізу аудитке жұмсалатын шығындарды оңтайландырады. Мысалы, 2022 жылы Ұлттық қорды тексеру және басқару құны 22 млрд теңге болды. Ұлттық қор құ­рылған 22 жыл ішінде Ұлттық қордың бірде-бір аудиторлық есебі ресми жария етілген емес. Бізге фискалдық консолидация қажет. Менің ойымша, ХВҚ-ның келесі миссиясы Үкіметке дәл осыны ескертеді», дейді экономист.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта Ұлт­тық қордың кірістілігі тек мұнайдан түскен табысқа тәуелді. 2022 жылдың қоры­­тын­дысында мұнай өндіру секторы елдің шоғырландырылған бюджетіне 9 трлн теңге салық түсірген. Бұл – бюджет пен Ұлттық қор еншісіне бұйырған бүкіл түсімнің (21,2 трлн теңге) 42,5 пайызы.

«Егер МӨЗ, мұнай-газ құбырлары, мұнай сервистік компанияларының салық төлемдерін есепке алар болсақ, онда бүкіл түсімнің 50 пайызын мұнай-газ саласы қамтамасыз еткен болып шығады. Ел бюджетін мұнай түсімдерінсіз елестету мүмкін емес. Біз тек бірер жыл ішінде Ұлттық қордағы жинағанымызды тауы­сып тастар едік. Әрі қарай ойлаудың өзі қорқынышты. Жалпы, тәуелсіздік алғалы елімізде 1 трлн 931 млн тонна мұнай өндірілген. 2001 жылдан бері мұнайшылар Ұлттық қорға 200 млрд доллардан аса қаржы түсірді», дейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.

«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов Ұлттық қор қара­жатын пайдалануда басқалай бағыт ұстануға шақырады.

«Егер бюджеттік шығындардың бар­лық құрылымын қарайтын болсақ, онда шығындардың басым бөлігі білім, меди­цина жүйесіне жұмсалатынын бай­қай­мыз. Бұл – қалыпты нәрсе. Алайда осы шығындар үшін қорландыру қайдан алынып отыр деген сауал туады. Ақша қайдан келіп жатыр? Қазіргі уақытта бұл ақша – салық түсімдері. Белгілі бір деңгейде шағын және орта бизнестен. Менің ұстанымым бойынша Ұлттық қор қаражатын инвестицияға бағыттау керек. Бірақ бағалы қағаздарға ғана емес. Ұлттық қордан балаларға, жастарға инвестиция жасалғаны жөн: балабақша, мектеп, мұғалім, жоғары оқу орындары дегендей. Ең күшті инвестиция осы дер едім. Сәйкесінше, бюджетті де қазіргіден басқадай құрылымдауға болады», дейді ол.

2024-2026 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджет туралы заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024 жылғы түсім 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отырғанын мәлімдеді. 2025 жылы – 20,1 трлн теңге, 2026 жылы – 21,2 трлн теңге. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге трансферт қарастырылмақ. Министрдің айтуынша, атал­ған қаражат әлеуметтік маңызды және инфрақұрылымдық жобаларға жұм­­­са­лады. Олар негізінен – автомобиль жол­да­рының модернизациясы, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желі­лер­ді жөндеу, сонымен қатар «Жайлы мектеп» және «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын модернизациялау» жобасы аясында атқарылатын бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы.

2024 жылғы бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 2,6 пайызы деңгейінде болжанады. Ол 2026 жылға қарай 2,3 пайызға дейін төмендемек.