Қаржы • 14 Қыркүйек, 2023

Ұлттық банктің қызметі қалай өзгереді?

299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаржы саласында кезек күттірмей атқарылатын ауқымды шаруа көп. Соның көбі Ұлттық банк құзыретіне тікелей тәуелді. Қаржы­лық стратегия тұрғысынан маңызды саналатын мекеме Ұлттық банкті Ғалымжан Пірматов екі жылға жуық уақыт басқар­ды. Енді Президент оның орнына басшы етіп Тимур Сүлейменовті тағайындады.

Ұлттық банктің қызметі қалай өзгереді?

Басшылықтың ауысуымен ҰБ функциясы қалай өзгер­мек, қатаң ақша-несие сая­саты жалғаса ма, әлде базалық мөлшерлеме төмендей ме, инфляциямен күрес қалай, қай бағытта жүргізіледі деген сауал­­­дарға жауап іздейтініміз түсінікті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауда Ұлттық банктің жоғары базалық мөл­шер­лемесіне қатысты оң пікір біл­дірді. «Был­тыр банк­тер­дің таза пайдасы 1,5 трлн теңгеге жуықтады. Ал осы жыл­­дың бірінші жарты­сын­да 1 трлн теңгеден асып кет­ті. Банктер тиімді жұмыс істе­­ген­нің арқасында емес, негі­зінен Ұлттық банк инфляция­мен күресу үшін базалық мөл­шерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осын­­­дай мол пайдаға кенелді», деді Президент.

ва

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сонымен бірге Мемлекет басшысы экономикада тиімді рефор­ма жасау үшін ең бірінші ке­зек­те макроэкономикалық ор­нық­­тылық пен тұрақтылық қажет деді. Ал біздің елде қар­­­жы­лық тұрақтылыққа қа­тыс­ты құзырет Ұлттық банкке тиесілі.

Қаржы сарапшысы Расул Рыс­­мамбетовтің айтуын­ша, Ұлт­­тық банк басшысының ауысуы – жаңа экономика­лық ба­сым­дықтарды белгілегеннен кейін жасалып отырған логи­калық жүріс.

«Мемлекет бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін кем дегенде 1,5-2 трлн теңге бөлуі керек. Біреулер Пірматовты алып тастады деп айтып жатыр. Шын мәнінде Т.Сүлейменов тағайындалды. Т.Сү­лей­ме­нов бұған дейін Президент Әкім­ші­лігі жетекшісінің орынбасары ретінде жоспарлауға тікелей қатысып жүрді және енді мемлекеттік жоспарды жүзеге асы­ру үшін тағайындалып отыр. ҰБ ал­дындағы негізгі міндет – Президент тапсырмаларын орындау үшін ақша табу және банктердің бизнеске несие беруін бастап кету. Бұған дейін бірнеше бейресми кездесу болды, онда мемлекет банктердің бизнесті несиелендіруге не кедергі болатынын анықтауға тырысты. Банктер келтіріп отырған аргументтердің көбі ақылға сыя­ды. Қаржы институттары тәуекелі көп бизнесті несиелеуге құ­лық­ты емес. Өйткені банктердің артында біз – қарапайым салымшылар тұрмыз. Бірақ көптеген банк кейінгі уақытта тұтынушылық займға ерекше көңіл бөліп жатыр. Бұл ішкі жалпы өнімді көтеру жолында жақсы шығар, алайда қолды жүрекке қойып тұрып мойындау қажет: егер банк тұтынушылық несие беруден басқа ештеңе істей алмаса, онда бұл банк кедейлік есебінен күн көріп отыр деген сөз. Нарыққа ондай банк керек емес», дейді сарапшы.

RiskTakersKZ сарапшылары болса, Ұлттық банктің жаңа басшысының негізгі міндеті ұйымды «сфералық вакуум­нан» алып шығу және халықтың несие жүк­те­ме­сін азайту бойынша жұмысты кү­шейту деп санайды.

«Біздің ойымызша, жаңа төраға ба­за­лық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауда кейінгі жарты жылда ҰБ жасағандай айрықша ұқыптылық танытпайды. Жаңа төрағаның тағы бір қызық міндеті – KASE мен AIX-тің бірігуі. АХҚО-ны дамытуға жұмсалған барлық қаражатты есепке алатын болсақ, бұл миссияның қалай жүзеге асатынын ба­қылау да қызық. Сондай-ақ Ұлттық банк ішінде де тағайындаулар күтеміз. Бұл бұрынғы төрағамен бірге келген орынбасарлар мен директорларға қатысты», дейді олар.

Телеграмдағы Tengenomika кана­лы­ның жазуынша, Тимур Мұратұлы ең алдымен қаржы жүйесінің жүйелік тәуе­келдерінің мониторингі және қар­жы­лық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қарастыру сияқты бас банктің функциялары жөнін­дегі аспектілерге баса назар аударуға тиіс.

«Мүмкін макропруденциялық саясатты ақша-несие саясатының қосымша құралы ретінде пайдалану керек шығар. Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық тұрақтылық жөніндегі Кеңес мүшесі екенін түсіну керек. Ұлттық банкпен салыстырғанда, агент­тік – қаржылық тұрақтылық локо­мо­тиві емес. Яғни агенттік макродең­гейде емес, микропруденциялық деңгейде жекелеген қаржы институттарын бақы­лау мен қадағалауға жауап береді. Ұлт­тық банктің ақша-несие саясаты мен баға тұрақтылығы мандатынан бөлек, қар­жы­лық тұрақтылықты, соның ішінде макро­­эко­номикалық орнықтылықты қам­тамасыз етуде көшбасшы және локомотив болуы керек екенін ұмытуға бол­майды», дейді Tengenomika сарапшылары.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Ғ.Пірматов тағайындалғалы бері жоғары базалық мөлшерлемені сынап келеді. Оның ойынша, базалық мөлшерлемені 2022 жылдың соңынан бастап болса да төмендету керек еді. Ол Т.Сүлейменов тұсында ҰБ сондай батыл қадамға барады деп күтеді.

«Президент кредиттік импульсті жаң­­ғыртып, корпоративтік несиелеуді қай­та іске қосып, жылына 6-7 пайызға өсіруді міндет етіп қойды. Бұл расымен мүмкін нәрсе ме? Тапсырманы Үкімет пен Ұлттық банктің қайтіп жүзеге асырары қызық болып тұр. Олар бір-бірін айыптауды доғарып, үстелге жайғасып, бірыңғай саясат әзірлеуге тиіс. Оқулықтар мен Ұлттық банктің мандаты талап ете­тіндей жоғары мөлшерлемені ұстай оты­рып, реттеуші Үкіметті одан да үлкен фискалдық им­пульстарға итермелейді. Мем­лекеттік қарызға жұмсалған шығын­дар­дың бір бөлігінің өзі неге тұрады. Мөлшерлемені біртіндеп түсіру керек. Өкінішке қарай, Ұлттық банк былтыр жыл соңында мөл­шер­лемені азайтатын жақсы мүм­кін­дікті жіберіп алды. Ол кезде тең­ге ны­ғая бастаған және инфляцияның үш айдан соң төмендей бастайтыны белгілі еді. Нақты экономикаға әсер ететін оң­тай­лы уақыт болды, содан кейін бір­тіндеп тө­мен­дете бастаса дұрыс болатын. Қазір енді кешігіп қал­дық. Егер Президент тапсырмасын орындағысы келсе, онда ҰБ басшылығы мөлшер­ле­ме­ге қатысты неғұрлым пәрменді тәсіл қолдануға тиіс», дейді А.Чеботарев.

Т.Сүлейменовтің ҰБ функцияларын қалай жаңғыртатыны – уақыт еншісінде. Ол базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты қысқа пікір білдірген. «Инфля­ция – біздің экономикамыздағы ең қауіпті үдеріс. Оны бірінші кезекте шешу керек. Егер жағдай жасалса, онда мөлшерлемені төмендетуге бола­ды», деп екіұшты жауап қатты бірер күн бұрын.