Білім • 14 Қыркүйек, 2023

Алғашқы ашық сабақ

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Астанада 26 650 бала мектеп табалдырығын алғаш аттап, 1-сыныпқа барды. Қалалық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, оның 15 929-ы (60 пайызы) – қазақ сыныбының оқушысы. Елордадағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінде биылғы оқу жылын бастаған 230 ұл-қыз да алғаш рет партаға отырып, сынып жетекшілерімен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алғашқы ашық сабақ

Бір айта кетерлігі, дәл осы оқу ордасы оқу бағдарламасы басталмас бұрын 1-сыныпқа енді қабылданған балалардың басын қосып, ашық сабақ өткізді. Астана қаласы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ата заңым – елдігімнің белгісі» тақырыбында өткен сабақ Қазақстан Республикасының Президент орталығында ұйымдастырылды.

Сабақ кезінде оқу ордасының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер «Тәуелсіздік ел ұранын» хормен орындап, «Өрнектер» биін билеп, «Алғашқы қоңырау», «Аяулы мектебім», «Оқуда озат боламын» әндерін шырқады. Балалар еліміздің рәміздері туралы сұрақтарға іркілмей жауап беріп, Ата Заң туралы өлеңдерін жатқа оқып, басты заң құжатында жазылған құқықтарын білетіндерін көрсетті. Ақиық ақын Мұқағалидың «Үш бақытым», «Отан» өлеңдерін нақышына келтіріп оқыған ұл-қыздар еліміздің Әнұранын да тебірене орындады. Ашық сабаққа қатысқан білім саласының қызметкерлері, қала мектептерінің педагогтері мен ата-аналар білім әлеміне енді ғана беттеген бүлдіршіндердің мектепке дайындығы жоғары екенін айтып, ризашылықтарын білдірді. Президент орталығының басшысы Ботагөз Қайыпова мектеп директоры мен мұғалімдерге жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, алғыс хаттар тапсырды. Сондай-ақ оқуға бейімді, өнерлі бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтап, сыйлықтар ұсынып, оқуда озат болуларын тіледі.

Бастауыш сынып мұғалімі Қаламқас Ахметқалиева мектептен тыс ұйымдастырылатын мұндай сабақтар балалардың үлкен ортаға тез бейімделіп, ойларын іркілмей ашық жеткізулеріне септігін тигізетінін айтады. «Біздің басты мақсатымыз – оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыру, еліміздің білімді, тәрбиелі азаматын елжандыққа тәрбиелеу. Ел тұтқасын ұстар әр жасты Ата Заңымызға құрметпен қарауға, функционалды сауаттылыққа үйрету», дейді Қ.Ахметқалиева.

л

Сабақ барысында балалар Астана қаласының ең әдемі жерлері мен тыныс-тіршілігі туралы презентациямен танысты. Сондай-ақ сабақ кезінде 11-сынып оқушылары бүлдіршіндерге Әліппе оқулығын салтанатты түрде табыстады. 1-сынып оқушылары жиналған жұрттың алдында бұл оқулықты, кірлетпей, жыртпай, ұқыпты ұстауға және аға-әпкелері секілді үлгілі, озат оқушы болуға уәде берді.

Ашық сабақ соңында алғашқы қоңырау да соғылды. Қоңырауды күмбірлете соғу құрметіне қалалық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері, лицейдің биылғы түлегі Әлихан Марат мен мектеп табалдырығын алғаш аттаған Ақкербез Жалғас ие болды.