Мәселе • 25 Қыркүйек, 2023

Тозған техника қашан жаңарады?

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Асыраушы салада өзекті мәселе аз емес. Биылғы құрғақшылық салдарынан өңірдің алты ауданында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Шіліңгір шілдеде ағын судан тарыққан шаруалардың мыңдаған гектар алқабы күйіп кетті. Әрине, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңірге сапары кезінде шаруалар шығыны толық өтелетінін айтып сендірді.

Тозған техника қашан жаңарады?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірер жыл бұрын өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларының тозы­ғы жеткені жиі-жиі айтылатын. Үш жыл бұрынғы дерекке көз жүгіртсек, Жам­был облы­сындағы барлық ауыл шаруа­шы­лы­ғы техникаларының 80 пайызының пайдалану мерзімі өтіп кеткен екен. Бұл – әрине, үш жыл бұрынғы дерек. Одан бері салада бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесі көңіл көншітерлік пе?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына айрықша назар аударып отырғанын білеміз. Президент таяуда ғана Қазақ­стан халқына арнаған «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жол­дауында ауыл шаруашылығы сала­сындағы тозығы жеткен техникаларды жыл сайын 8-10 пайызға жаңартып отыру қажеттігін атап өтті.

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс», деген Мемлекет басшысының сөзі жер­гі­лік­ті атқарушы билік өкілдерін бір сіл­кіп алғандай болды.

Расында да, шағын шаруа қожалық­тар­дың жай-күйі кімді де болсын алаң­дат­пай қоймайды. Ілгеріде пайдаланылу мерзімі қырық жылдан асып кеткен МТЗ маркалы тракторларды дәл осы шағын шаруа қожалықтарынан талай рет көрген де болатынбыз. Бұл мәселе уақыттың талабына сәйкес жедел шешілгені жөн.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы тех­ника­­­­ларының саны қанша? Олардың қанша пайызының тозығы жеткен? Техниканы жаңарту бойынша қандай жұмыстар қол­ға алынып отыр? Өткір мәселені шешу жолында жергілікті атқарушы билік қандай қадамдарға бармақ? Осы сұрақтар санада атойлап тұрғаны ақиқат.

«Бүгінгі таңда өңірде 12 659 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелсе, оның 4 570 данасы трактор, 985 данасы комбайн және 7014 данасы басқа техникалар екенін айта кеткен жөн.

Қазіргі кезде 4 570 дана трактордың 1 000-нан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткені белгілі болып отыр. Яғни 25 пайызының тозығы жеткен. Ал пайдалану мерзімі он жылға дейінгі аралықтағы техникалардың саны 1 534 дананы құрап отыр. Бұл көрсеткіш 33,5 пайызын құрайды», дейді облыс әкім­дігі ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Нұрби Жігітеков мәселенің мәнісіне үңіліп.

Басқарма басшысы келтірген дерекке сенсек, өңірге 1 885 дана ауыл шар­уа­шылығы техникасын алу арқылы көр­­сеткішті 15 пайызға ілгерілету жос­парланған. Тамыз айына дейінгі мер­зім­де жалпы саны 907 дана ауыл шаруа­шылығы техникасы алынып, техни­калық паркті жаңалау көрсеткіші 7,2 пайызға жеткізіпті.

«Аудандар бойынша атап өтсек, Байзақта – 98 дана, Жамбылда – 107, Жуалыда – 138, Қордайда – 121, Меркіде – 110, Мойынқұмда – 44, Тұрар Рысқұловта – 92, Сарысуда – 36, Таласта – 41, Шу ауданында 120 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынды.

Жалпы, ауыл шаруашылығы тех­ника­ларын жаңарту үшін мемлекет тара­пынан тиісті деңгейде қолдау көр­се­ті­леді. Яғни инвестициялық субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған шаруалардың шығындары субсидияланады. Өтеу көр­сеткіші 25 пайызды құрайды. Ал елі­міз­дің аумағында өндірілетін отандық техника 5 пайызға артық субсидияланады, ол 30 пайызды құрайды. Атқарылған жұмыстардың арқасында қазіргі уақытта техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 222 өтінімге 592,9 млн теңге субсидия төленді», дейді басқарма басшысы жағдайды түсіндіріп.

Шыны керек, ауыл шаруашылығы техникаларын алу жұмыстары нақты жолға қойылғанымен, бұл мәселе бір дегенде толыққанды шешімін таппайтыны анық. Көрсеткіш белгілі бір деңгейде жыл өткен сайын жақсара түскенімен, біраз жыл бұрын алынған техникалардың да пайдалану мерзімі алдағы уақытта он жылдан асып кетуі бек мүмкін.

«Бүгінгі таңда біз еліміздегі ең ірі лизингтік оператор болып отырмыз. Фермерлерге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін қолдан келген көмекті аямаймыз. Біз үшін 2023 жыл жемісті басталды деуге толық негіз бар. Осы жылдың жеті айында 189 бірлік техникаға келісімшарт жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық.

Жалпы, Жамбыл облысы бойынша қаңтар-шілде айларындағы игеру сомасы 3 млрд теңгеге жетті. Өсім өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд теңгені құрап отыр.

Қазіргі кезде қаржыландыру көлемі Тұрар Рысқұлов ауданында – 36, Меркі ауданында – 18, Жуалы және Қордай аудандарында – 10, Шу ауданында 9 пайызға жеткен. Алайда өзге аудандарда қаржыландыру үлесі төмен болып тұр. Әйткенмен, Жамбыл және Байзақ аудандарында техника саны бойынша оң көрсеткіш қалыптасқанын айта кеткен жөн.

Фермерлер қолданыстағы көптеген бағдарламаларымызбен етене таныс. Нақтырақ айтар болсақ, компанияның тұрақты бағдарламалары «Экспресс-лизинг» (құжаттардың ең аз пакетімен 5 жұмыс күні ішінде өтінімдерді қарау), «Мастер лизингтің» (құжаттар пакетін қайта ұсынбай берілген өтінім негізінде бір жыл ішінде техниканы лизингке алу мүмкіндігі) шаруалар үшін тиімді екені сөзсіз. Сондай-ақ адал қарыз алушылар үшін «Сенімді фермер» адалдық бағдарламасы қарастырылған», дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалының директоры Жанар Исмаилова.

Басқарма басшысының сөзінен өңірде шаруалар пайдаланатын тракторлардың біразының тозығы жеткенін аңғаруға болады. Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны көңіл қуантады. Әйткенмен, тозығы жеткен техниканың саны аз емес. Ал біраз жыл бұрын алынған бірқатар техникалардың әлденеше жылдан кейін пайдалану мерзімі он жылдан асып жығылатыны даусыз. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары бірер жылдың бедерінде аяқтала қоймайтын сияқты.

 

Жамбыл облысы