Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тегінде алпыс екі тамырына ән қонған әулеттер болады. Олар қай кезде де сапалы музыкамен жұрттың жүрегін жаулауға тырысатыны белгілі. Әуелде басқаша бір атаумен құрылған, кейін «Жебе» деп аталған топтың ішінде бастапқыда өнерімен өрге ұмтылған Ерік және Данияр Жақсылықов деген жігіттердің әкесі де музыкант еді.
Бір сөзбен айтқанда ән мен күйдің ырғағына тербетіліп өскен жас буынның қатарына Ізбасар Көпбергенов деген әнші жігіт және басқалары қосылып (кейін топтағы әншілер жиі ауысып жатты), бірнеше тамаша шығарманы тыңдарманға ұсынған кезде «АБК»-дан басталып, «МузАрт», «Жігіттер», «Орда» секілді эстрадалық топтармен жалғасқан қазақ эстрадасы жаңа бір бойзбендпен толықты деп топшылағанбыз...
Сол «Жебе» тобының бойтұмарына айналған «Іздесең мені» әні сазымен де, сөзімен де көңілге қонған. Баяндау стиліндегі мәтінмен көмкерілген әннің өңделуі де жүрекке жылы тиетін. Көлікте отырып та, үйде жүріп те осы бір лирикалық әннің әуеніне төңкерілгендер аз емес екені даусыз. Көңілдегі әлдебір құпия сезімдерді қозғап жіберетіндей әсері де баршылық. Қалай десек те әдемі шығарма әлі күнге дейін өлген жоқ. Өйткені азшылықтың болса да жүрегінен орын алғаны ақиқат.
«Іздесең мені күзде сен,
Қасыңда сенің жүрмесем.
Талдардан түсіп өзіңмен,
Жапырақ болып жүздесем»,
деп басталатын ән шумақтары эстрадалық жанр үшін сәтті шыққан теңеулерімен де кісі жанын баурап алатын.
Он бес жылға жетеқабыл уақыт бұрын жазылған әдемі әннің ырғағы жанға жақын болғанымен, ол кезде тегін жарнаманың төресіне айналған әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған жоқ еді. Соның да әсері бар шығар, әйтеуір әлгі ютуб дегенді ашып, әнге түсірілген бейнебаян астына көз салсаң, «Жебенің» төлқұжатына айналған шығарма тыңдарман жүрегіне белгілі бір деңгейде жете қоймағанын айқын түсінесің. Уақыт-ай десеңізші. Ерте келген көктем секілді бұл ән де уақытынан ерте жарық көріпті.
«Мен жоқта жаным гүлдеме,
Сезімнің отын үрлеме.
Аспанда тұрмын ай болып,
Іздесең мені күнде де,
Іздесең мені түнде де.
Қара бұлт көктен өткенде,
Ақ нөсер болып сепкенде.
Әр тамшы жауын ол менмін,
Іздесең мені көктемде.
Жаныңда жазда жүрмесем,
Бесігін ойдың тербесем.
Қорықпа сәулем ол менмін,
Самал жел болып үрлесем»,
деп түйінделетін әннің қайырмасы да тыңдарманды бейжай қалдырмайтыны анық.
Әдетте лирикалық поэзия адам табиғатындағы ішкі әлемнің көзге көрінбейтін құбылыстарын пейзаж бейнесінде құлпырта түсетін құдіретке де ие. Әнде тіршілік пен табиғат байланысын адами сезімге тән үйлесіммен сабақтастыра түсетін элемент кездескенімен, авторды соншалықты шебер дей алмайтының да анық. Алайда музыканың жанды тебірентер қуаты мен топтағы түрлі дауыстағы орындаушылардың шеберлігі сезім пернесін дөп басады. Бойыңды жаулап, ойыңды сан тарапқа жүгіртеді. Рахат күй кешесің. Әйтеуір бір қимастыққа толы махаббат сезімінің шырпысын тұтатып-ақ тұрады.
«Жебе» тобы қазақ эстрадасының босағасын алқынып-жұлқынып аттаған жоқ. Баяу келді ме, жаяу келді ме, ол жағы өздеріне ғана мәлім. Бір анығы – эстрада төрінен ойып тұрып орын алуға бекінген болатын. Есті тыңдарманға сапалы дүние ұсынуға тырысты. Алайда ол миссиясын орындай алмағандай көрінеді.
Шыны керек, эстрада жанрына қадам басқан шығармашылық ұжымдардың басым көпшілігі, «жарқырап көрінген «МузАрт» пен «Жігіттердің» ізін басамыз» деген амбицияның жетегінде жүретіні белгілі. Алайда армандары орындалмаған күйі көзден ғайып болып жатады. Шыдам жетпей ме, ізденіс тапшы ма? Әлде бізге беймәлім басқа да бір себеп бар ма? Ол жағын кім білсін.
Зымырандай зулаған уақыт өлшеміне салсақ, «Іздесең мені» әні жарыққа шыққалы да талай жылдың жүзі болыпты. Одан кейін «Жебе» тобы да жарқырап көріне алмады. Эстрадалық ән әлбетте, азшылыққа арналған классика емес. Сәтті шыққан шығармалардың жұлдызы жарқырап шыға келеді. Бәлкім «Жебе» ізденістің жаңа бір ізіне түскенде бүгін де тамаша туындыларымен ел назарынан түспес пе еді, кім білсін!
Бір анығы, «Іздесең мені» әні әлі күнге дейін тыңдарман көңілінен өшкен жоқ. Мүмкін талантты жігіттерден құралған топ сол бір лирикалық әнімен-ақ өнерсүйер қауымның жүрегінде қалған болар.