Әдебиет • 02 Қазан, 2023

Айшуақ сөздің ақыны

430 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

1972 жылдың қоңыр күзі. Сабақтан шығып, жауып тұрған жаңбырмен жағаласып бір топ студент келе қалған автобусқа жапа-тармағай мініп алдық. Ол кезде мен Киров атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетінің үшінші курс студентімін. Менімен бірге автобусқа кірген студенттер оқуға биыл түскен балалар екені сөздерінен білініп, даурығып, су болған шаштарын сілкіп тастап, топтасып тұра қалып әңгіме боратты. Сол кезде біреуі «мен сендерге өлең оқиын, соны тапсаңдар, сыйлығым бар» деп тамағын кенеп өлең оқи жөнелді:
«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Байқасақ аспанда да алалық бар.
Біреуде жас та болса, даналық бар,
Біреуде қарт та болса шалалық бар».

Айшуақ сөздің ақыны

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елең ете қалып, екпіндеп тұрған қара балаға қарай қалдым. Ол «ал, табыңдар» деп масайрап тұрды. Әркім әр ақынды айтып жатыр, бірақ ешкім таба алар емес. Біршама тұрғаннан кейін оларға жақындап: «бұл өлеңнің авторын мен айтайын» деп едім, бәрі маған «сен қайдан білесің» дегендей аңтарыла қарады. «Бұл өлеңнің авторы Гурьев облысының Ембі ауданындағы Ақкиізтоғай деген ауылда тұратын Аманқос Ершуов деген ақын» дедім. Әлгілер таңырқап қалды, Өлеңді оқыған қара бала маған жақындап: «Оның мекенжайын мен де білмейтін едім, сен қай­дан білесің?» деп таңырқай қарады. Мен үлкен мақтаныш әрі қуанған леппен: «ол менің ұстазым, маған әдебиеттен сабақ берген Аманқос Ершуов» дегенімде олар әкесін көрген баладай болып, мені жа­пырлай қоршап алып, қызыға қарап: «сонда ол ақын Алматыда тұрмай ма? Ауыл­да жүрсе де аты Алматыға жеткен­ қан­дай бақытты ақын» деп шулап кетті. Сұрасам бұлар оқуға биыл түскен журналистика факультетінің балалары екен.­ Кейін бұлардың арасынан да бел­гілі қаламгерлер шықты. Олардың алғаш­қы­ туындыгерлік жолында ұстазым Аман­қос ағайдың да үлесі болғаны мен үшін әрі қызықты әрі қуанышты еді. Аман­қос­ ағамның осы өлеңі талай жылдар бойы оның қазақ жырының көшіндегі шам­шы­рағы болып, оны оқырман ауылына құр­мет­пен жетелеп отырды. Өзі де бір өлеңінде:

«Атым шығып бір шумақ қара бұлтпен,

Мен осылай қоштастым балалықпен.

Содан бері қанша жыл, қанша заман,

Табақтас та болмаппын даналықпен», деп жазды. Қарапайым адам еді, дана­лық­пен табақтас болмадым деп жазса да, талантты туындылары арқасында қазақ­тың атақты ақындарымен сыйлас, сыр­лас, дәмдес, жолдас, іні, аға болып ғұ­мыр кешті.

«Қара жер, сенде тудым, сенде өлемін,

Несіне арам тер боп сенделемін.

Мен осынау бұлттағы бұлқыныспен,

Буға айналып кеткенді жөн көремін», деп толғанған ақын енді өзінің туған жерінің топырағында мәңгілік дамылдап жатыр. Ауылда туды, ауылда өсті, ауылда өлең жазды, ауылда өмірден өтті, астанада тұрмаса да көкжиектен көрінді, көштен қалмады, қазақ жырының бір жүйрігі болып, ақындық антологиясына қолтаңбасын салды.

Бір қызық жағдай ойыма түседі. Менің әкем Оралбай Мұздақұлы ақын, жыршы, әнші, домбырашы болған адам. Ол өзін Жылыой аймағында ғұмыр кешкен, осы жерде жиі сапарда болған, Жем бойының ауасын жұтып, суын ішкен Арал мен Әжібай, Қашаған мен Сәттіғұл, Аралбай мен Бала Ораз, Оразғали мен Құмар ақындардың шәкірті санады, олардың өлең-жырларын халық арасында кеңінен насихаттап, қадір тұтты. Мен де әкемнің шәкірті ретінде соны құлаққа құйып өстім.

Аманқос аға жетпіс жасқа толғанда «Қазақ әдебиеті» газетіне берген бір сұхбатында өлеңге келуіне ықпал еткен ұстаздары мен ағалары туралы айтқанда менің әкемнің атын да құрметпен айта келіп, «оның ұлы Өтеген ақын менің шәкіртім» деп түйіндейді. Ақындық та туыстық секілді тұтасып жатады екен. Әкем оған ұстаздық ықпал жасаса, Аманқос аға маған ұстаз болды, мен қазіргі талантты ақын, драматург, ғалым, публицист, Аманқос ағаның қызы Маржан Ершуды соңымнан ерген қарындасым деп қадірлеймін. Оның ақындық албырттығы мен ақиқатшыл мінезін жақсы көремін. Ол әкеден алған тәлімін қазақ жұртына жақсы көрсетіп келеді. Сана сабақтастығы осы болар деп ойлаймын.

Жақында Маржан қарындасым Аманқос ағаның туғанына 80 жыл толуына орай бұрын жазған мақаламды жіберіп, «осыны уақыт талабына сай қайта қарап, жаңғыртып бересіз бе?» деп қолқа салып, Аманқос ағамның әкем туралы: «белгілі ақын, қоғам қайраткері Өтеген інімнің әкесі Оралбай да орамды сөздің иесі еді» деп әкемнің анама арнаған бір шумақ өлеңін келтіріпті:

«Оюланған жиегі,

Ақ көйлегін киеді.

Шәкес құйған күрең шай,

Домбырамның тиегі», деген жыры жанымды жылы нұрға бөлеп, көңілімді көкке көтеріп жіберді. Анамның әз есімі Шәкес еді. Бұл өлең негізі ұзақ, нәзік лирика болатын, өкінішке қарай, мен кезінде ұстап қала алмадым. Бірақ Аманқос ағамның осыны мысалға келтіргені менің жан дүниемді жарқыратып, анама деген шексіз сағынышымды одан әрі тереңдете көтеріп, теңіздей толқытып, көзіме жас үйірді. Тірісінде ата-ананың қадірін біле бермейміз, жоғалтқасын таппай жетімсірейміз. Осынау орны толмас сағынышымды қайта жаңғыртқан Аманқос ағаның әкемнің анама арнаған бір шумақ өлеңін мысалға келтіруі өмір сабақтастығы ғой. Ақынның сексен жылдық тойының қарсаңында мен тапқан бір асыл осы болса, бір асыл ақжарма ақын Аманқос Ершуовтың өлең-өмірінің жалғасып жатқаны. Ол енді маржан жыр болып Маржан қарындасымды жаңа жылдарға жетелеп келе жатыр. Жолы жөргем болсын.

Ақындық тағдыр қызық қой өзі... Ұстазым туралы ойлағанда, есіме көп жайлар көлденең түсіп, сол жағдаяттар алыс-алыс күндерге, сонау ақ шағылды арманның қиян қыстауына, ұзан жайлауына алып жөнеледі...

Есіме Жем жағасында жалаңаяқ жүгірген балаң күндер қайыра оралып, анадай абзал, әкедей ақжал Ақкиізтоғайым алдымнан құшағын ашып, бауырына басып, жүгіре шыққандай болады. Қатарластарым, қанаттастарым қаптап алдымнан ұмтылғандай қуанамын. Әкемнің көзін көрген, анаммен сырлас болған қариялар ұмсынып, алыс жолдан иығын шаң басып оралған ұлдарының бетінен сүйгендей күй кешемін.

Жаманқұмақтың жалғыз мосыағашы тұсына келгенде «сенімен бірге барамыз» дегендей болып асыға жөңкіліп, абыржи қозғалып, қамшылар жағымнан қапталдаса шұбырған «ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар» бұйрабас ұстазымның шашындай ұйысқан бұйрығынды даланы өзімен бірге ертіп, Ақкиізтоғайға қарай асыға тартады. Ойыма өлең жолдары келеді:

«Ақ бұлттар, ала бұлттар,

қара бұлттар,

Қарасаң аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса даналық бар,

Біреуде қарт та болса шалалық бар».

Көңілдің құм-сағатына қайыра үңі­ле­мін. Бұл өлеңмен кездесуіме дейін әлі арада бірнеше жыл жатыр еді...

Ол жылдары біздің үй малда, қойнауы құт Қарақұмның шығыс-терістік жағында отырар еді. Жердің аты да осы өңірге тән – Қоңырқұдық. Шағыры шалғынды ормандай болған, «Қарақұм дегенше қарағым десейші» деген қанатты сөзге кейіпкер болған Қарақұм қойнауында, Қоңырқұдық пен Аққұдық жайлауында, Майкөмген мен Еткөмгеннің байла­уында өткен балаң күндер әкем Оралбай мен Аманқостың әкесі Назар ақсақалға да етене ортақ жерлер еді. Демек, бізге де ыстық, бізге де ортақ жерлер ғой ол.

Әкем орта сауатты, латын қарпімен де, орыс әрпімен де оқып, жаза алатын жан болатын. Жібермей қарайтын баспасөзі – аудандық «Ембі» газеті. Айына бір-екі рет келетін автодүкен жеткізетін шаң басқан бір буда газетті ақтарып-төңкеріп, ішінен «Ембіні» та­уып алатын да, мақтадан сырылып тігілген жұқалтаң кеудешесінің оң жағында ауызы ашыңқы қалтасынан құлақшасы қызғылт-қоңыр көзәйнегін алып, үнемі ондық шамның жарығын, көтеріп қойып, ұзақты кеш «кәзит» қарайтын. Әкем әсіресе өлең-жырды қағыс жібермейді. Аудан ақындарын жатқа біледі. «Жанаштың жаңа жырлары шығыпты, ауыздығын шайнап келе жатқан жорға ғой» деп отыратын. «Осы, әлгі Жетімек Назардың баласы жақсы ақын болып келе жатыр, әкесі көп сөйлемейтін, тұйықтау кісі ғой, шамасы сөз нағашы жағынан келді ме екен» деп, өз пікіріне өзі тоқмейілдік танытып жататын. «Ақын болғасын Аманқостай болу керек қой» деп әкем ағыл-тегіл болады да жатады.

Бір күні мен де «Ембіні» қарай қалдым. Соңғы бетінде «Қоңырқұдық» деген өлең басылыпты. Авторы – Аманқос Ершуов.

«Ата-бабам көкейге қонымды ғып,

Деп қойыпты атыңды Қоңырқұдық.

Жымыңдаған түнгі оттар шақырады,

Мен түгіл, жолаушының жолын бұрып», еп төгіліп барады. Ол кезде өлеңді талдауға күшіміз жете бермейді, өзіміз отырған соң ба, әлде жер аты таныс болған соң ба, осы өлең маған керемет әсер етті. Әп-сәтте жатталды да қалды. Бұл өлеңді арада осыншама уақыт өтсе де әлі күнге жатқа оқимын. Ауылым туралы ойланғанда бұл өлең ешқашан есімнен шыққан емес. Қасым жырының қайсарлығын, Мұқағали ақынның тау суындай төкпелігін, соғыс кезеңі ақындарының арман-мұңын өне бойынан өткізген, жұртына жыр ғып жеткізген Алаштың айтулы ақыны Аманқос Ершуов әдебиетке осы «Қоңырқұдықтан» келген сияқты болады да тұрады.

Ақкиізтоғай ауылындағы Амангелді орта мектебінің 6-сыныбында талпынып өлең жаза бастадым. Алғашқы өлеңімді сол кездегі «жанып тұрған тақырып» – Октябрьге арнағаным есімде. Ешкімге көрсетпедім, ешқайда бермедім онымды. Өлеңдік көркемдігі жоқ, ұйқасы аяғын әр жерден бір басқан нәрсе сияқты болғаны да әлі есімде. Енді ақындарды өзімше зерттей бастадым. Бұған дейін мектеп оқулықтары беттерінен көріп, оқитын ақындарымыздың бәрі тұлдыр жетім, әке-шешеден ерте айырылған жандар болатын. Мен тіпті ақын болу үшін әуелі жетім болу керек шығар деп ойлайтынмын. Және кітаптағылардың бәрі де шеттерінен бірер жылда қатар туып, бір жылда дүниеден өткен. Сонымен тірі ақынды көру деген қиын екен деген ой да қылаң берген. Әке-шешем тірі, мен, сірә, ақын бола алмаспын деп күдіктене бердім.

Абыз баба – Пір Бекеттің кіндігі кесілген Ақмешіттің ақжайнақ құмында кіндіктері кесілген ақындар: Соғыстың сұрапылынан оралмаған, жаны нұр­лан­ған шақта «Жазық Дала» деп қолын қоя­тын Далабай Жазықбаев, ерке Жем­нің­ сабырлы ағысындай биязы, бір өзі бір әдебиет институтының жүгін көтергендей Қабиболла Сыдиықов, өлеңдерінің екпіні Желтаудан соққан желдей ескен ақжарма азамат Меңдекеш Сатыбалдиев, ат құлағында ойнап, талай аламан бәйгеде шабандоз бала атанған Айтуар Өтегенов, оның мақаласынсыз «Ембі» газеті шықпайтын тұсалмас тілші Қонаш Қалдыоразов, сырға берік сыралғы достар, кластас қанаттастар Аманғали Сеңгірбаев, Аман Жанкеев, Мақсот Қуатбаев, өлеңнен ғылым сүзген Амантай Оспанов, әрі ғалым, әрі сыншы, әрі ақын, Аманқос ағамның қызы Маржан Ершу, ағысты ақын Бүркіт Базарбаев, олардан кейін шыққан жамыраған жүйріктей жігерлі топ, тағы басқа, асығыс шолғанда ауызға түспей жатқан іні-қарындастарым аяулы мекен – атакүлдік Ақкиізтоғай ауылының түлектері. Осы тізімнің ішінде мен де бармын деп көңілім тоғаяды. Бәрінің басында Бекет Ата тұр деп қабылдаймыз. Ал осы тізімнің төр тұсында көзге түсетін Аманқос Ершуовтың орны бір бөлек. Туған жерге туын тігіп, табан аудармай, төзімді күн кешіп келе жатқан, ақындар ұстаханасының көрігін дүрілдетіп, жырын оқыған жандардың жүрегін дірілдетіп Аманқос ағамыз Ақкиізтоғайында отырып-ақ алашқа сөз ұзатты.

Пайғамбар хадисінде ең сауапты істердің бірі – адамға білім беру, оқыту деген. Сол сауапты қалағанынша алып жатқан ақын-ұстаз, Аллаға шүкір, жетімек болса да, жетім емес екен. Ұзақ жыл ұжымшар басқармасы болған әкесі Назар Ершуов нағашымды сан рет көріп, аузымды толтырып «ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, атын ұстағаным бар.

Сол кезде бұрын тарих шаңына көміліп кете жаздаған ұлттық дәстүр – ақындар айтысы қайтадан жандана бастаған. Бірақ қазіргі айтыстардай азуын­ айға білеп, қағазға қарамай жөңкіле жөнелетін салт әлі қалыптаса қоймаған-ды. Ақындар жазып келіп, соны оқып беріп айтысады. Соған қатысқан Аманқос ағамыз мұнда да қамшы салдырмай, өлеңнің барлық зандылығы мен техникасын толық сақтап, төрт аяғы түгел теңжорға жырларымен елдің аузынан түспейтін болды. Оның тауып айтқан тіркестерін жұрт жатқа айтып, күлер жерде күліп, қостар жерде қостап жататын.

Студент болып жүрген кезімде, екінші курста аудандық «Ембі» газетіне «Туған жер» деген толғауым шыққанда елден, Аманқос ұстазымнан хат келді. Жырымды жақсы қабылдап: «біршама өскеніңді көрдім, іздене бер, тілектеспін» деген сөзі маған берілген кепілдеме сияқты болып, жігерімді жанып кетіп еді.

Бүгінде ақындық айдыны теңіз тектес, шашы желді күнгі теңіздің желінен дудырап, аспанға тартқан ақша бұлттардай болып, басын бір сілкіп тастап, өлең оқып тұратын талантты жанның таныс бейнесі көз алдыма келеді. Туғанына сексен жылы тойланып жататын іс-шараның ізгі кейіпкері Ауылда туып, ауылда ғұмыр кешкен Аманқос Ершуовтың өміршең өлеңдері енді оның мәңгілік өмірі болып жалғасып жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Ол қуаныш – халықтың қазынасы. Қазынамыз көп болсын, қымбатты бауырлар!

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, Жылыой ауданының

құрметті азаматы