Президент • 05 Қазан, 2023

Президент: Озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек. Бұл туралы Президент педагогтер съезіндегі баяндамасында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек

Мемлекет басшысы жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылуы керектігін, ұлттың жаңа сапасы деген – осы екеніне тоқталып, тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармаған жөн екенін, балаларымыздың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру аса маңызды екенін атап өтті.

«Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секілді ұғымдарға атүсті қарамаған. Яғни, төл мәдениетіміз де жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықты дәріптеу үшін балаларды жастайынан еңбекке баулу қажет», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», деді.

Президент білім беру саласының алдында ауқымды міндет тұрғанын, бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру екенін, әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керектігін, осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек ету қажет екенін де айтты.

«Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген. Сіздер осы қастерлі миссияны әрдайым абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Мемлекет ұстаздардың мәртебесі, беделі жоғары болуына әрдайым баса мән береді», деді Мемлекет басшысы.