Үкімет • 09 Қазан, 2023

Шығыс өңірін дамыту кеңесі

179 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Риддер қаласындағы ЖЭО-ны жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

Шығыс өңірін дамыту кеңесі

Жылыту маусымы дұрыс өтуге тиіс

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің айтуынша, бүгінде стансадағы 6 қазандықтың 2-уі іске қосылған. Жақында тағы біреуі іске қосылып, тұрғындар жылумен толық қамтамасыз етіледі деп күтіліп отыр. Сонымен қатар қалған агрегаттар мен қосалқы жаб­дықтарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр өткен жылыту мау­сымында Риддер ЖЭО апатты жағдайда жұмыс істеп, жиі тоқтап қалғанын, салдарынан тұрғындар қыстың көзі қырауда жылусыз қалғанын атап өтті.

«Бұған бұрынғы қожайындардың стансаны жаңғырту мен жөндеу жұмыстарына қаражат салмағаны себеп болды. Осының барлығы ЖЭО-ның әбден тозуына әкеп соқты. Республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге бөлуге мәжбүр болдық. Облыс әкімдігі өз тарапынан 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлді. Осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Алдағы жылыту маусымының дұрыс өтуі үшін олардың уақтылы аяқталуы маңызды. Мұны күні-түні қадағалап отыруымыз керек», деді Әлихан Смайылов.

 

Ірі май зауытындағы ілкімді іс

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Орталық Азиядағы ең ірі «Altyn Shygys» майлы дақылдарды өңдей­тін автоматтандырылған кешенінің және рес­публикадағы түсті металлургия флаг­ман­дарының бірі Өскемен титан-магний ком­бинатының (ӨТМК) жұмысымен танысты.

«Altyn Shygys» май өндіру кешені Глубоковский ауданы, Предгорное ауылында орналасқан. Кәсіпорын тәулігіне 1 400

тоннаға жуық күнбағыс тұқымын, 550 тонна рапс және 500 тонна соя өңдейді. Мультипликативті экономикалық тиімділігі жоғары зауыт облысты азық-түлікпен қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді. Кейінгі бір жылда мұнда 20 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Кәсіпорын жалпы қуаттылығы тәулігіне 500 тонна болатын тазарту цехын салу арқылы бастапқы өндірістен жоғары деңгейіндегі өңделген өнім шығаруды жоспарлап отыр. Нысан 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Altyn Shygys» 2024 жылы елімізде алғаш рет сұйық лецитин өндірісін іске қосуды, ал 2025 жылы құрғақ ұнтақ лецитин өндірі­сін жолға қоюды көздеп отыр, бұл май өң­деу­дің табыстылығын айтарлықтай арттырады.

Премьер-министр облыста майлы да­қылдар алқабы жыл сайын ұлғайып, биылдың өзінде 211 мың гектарға жеткенін атап өтті.

«Зауыттың қуаттылығы шығарылатын өнім түрлерін кеңейтіп, экспортты арт­тыруға мүмкіндік береді. Біз компания­ның шикізатты одан әрі тереңірек өңдеу жөнін­дегі жоспарларын қолдаймыз. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетуге дайын»,  деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов Өскемен титан-магний комбинатының қызметімен де танысты. Ол – шикізатты өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық технология­лық кезеңдерді қамтитын әлемдегі ең ірі интеграцияланған кәсіпорындардың бірі. Мұнда титан губкасы, титан құймалары мен қорытпалары, бастапқы магний және т.б. шикізаттар өндіріледі.

Алпауыт кәсіпорын әлемдік нарықтың 14%-ын, аэроғарыш саласының 21%-ын алып жатыр. Кәсіпорын өнімдері негізінен өнеркәсібі дамыған елдерге, соның ішінде Ұлыбритания, Үндістан, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяға экспортталады.

Премьер-министр комбинатта жо­ғары деңгейдегі өңделген өнім шыға­­ратын жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкін­дігін қарастырып, халықаралық ынтымақ­тастықты нығайту жұмыстарын жалғастыру керектігін баса айтты.

 

Жаңа орталықтар салынады

Одан соң Премьер-министр Әлихан Смайылов Өскемендегі «Алтай» көтерме-тарату орталығының және Гематология орта­лығының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Шығыс Қазақстан облысына инвес­тиция тарту іс-шаралар жос­пары шең­берінде көтерме-тарату орта­лығын іске қосу жөніндегі ірі инвестициялық жоба жүзе­ге асырылып жатыр. Бұл азық-түлік өнім­дерінің бағасын тұрақтандыруға айтар­лық­тай үлес қосып, ауыл шаруа­шылығы сала­сындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді.

Қазіргі уақытта мұнда жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын, 45 мың тоннаға дейін өнім қабылдай алатын 2 көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Екінші кезең аясында 2024 жылы КТО құрылысы аяқталуға тиіс, онда тауар түсіру үй-жайлары, ет, балық, жеміс-жидек, көкөніс, сүт және нан өнімдерін сатуға арналған алаңдар орналасады. Сонымен қатар шағын наубайхана, дәмхана және жәрмеңке өткізуге арналған алаң ашу жоспарланып отыр.

Премьер-министр аталған жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.

«Ең әуелі, бұл ішкі нарықты қажетті өнімдермен, оның ішінде көкөністермен және басқа да азық-түлікпен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Ең бастысы, өнім тапшылығы жиі туындайтын маусымаралық кезеңде өнім сақтау арқылы көкөністер мен жемістерді базарлар мен дүкендерге жеткізу мүмкіндігі болады», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, КТО көрші елдер арасындағы транзитті қамтамасыз ете алады, бұл оның көлік-логистикалық әлеуетін толық ашады.

Келесі кезекте Әлихан Смайылов әлем­дік стандарттарға сәйкес салынып жат­қан гематологиялық орталықтың құры­лыс барысымен танысты. Мұнда химио­терапияның күндізгі стационары, балалар ауруханасы, соматика, ересектер гематологиясы, кардиология және кардиохирургия, сүйек кемігін трансплантациялау және басқа да бөлімшелер қарастырылған. Орталық базасында азаматтар диагнос­тикадан бастап оңалтуға дейінгі қызмет түрлерін ала алады. Ғимарат 2024 жылдың соңында ашылады деп жоспарланған.

Премьер-министр бұл орталықтың облыс үшін ғана емес, жалпы республика үшін де маңызы зор екенін, оның қатерлі ісіктер, қан айналымы жүйесі аурулары және басқа да сырқаттары бар науқастарға кешенді медициналық көмек көрсететінін атап өтті.

 

Жобаларды жүзеге асыруды жеделдету қажет

Премьер-министр Әлихан Смайылов Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облы­сының одан әрі әлеуметтік-эконо­микалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев қазір­гі ахуал мен өңірді дамыту бойынша атқа­рылып жатқан жұмыстар туралы айт­ты. Орталық мемлекеттік органдар өкіл­дері өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, ауыл ша­руа­шылығы және денсаулық сақтау салаЛарындағы шаралар туралы баяндады.

Мәселен, өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің 70%-ке жуығын тау-кен металлургия саласы құрайды. Мемлекет басшысы атап өткендей, тау-кен секторын басқару жүйесін тез арада жаңғырту қажет. Бұл орайда, Премьер-министр сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты міндеттердің біріне айналуға тиіс екендігін атап өтті.

«Облыстың Ұлан, Шемонаиха аудандарында және Өскемен қаласының шетінде мемлекеттің балансында тұрған литийдің 6 кен орны бар. Барланбаған кен орындары бұдан да көп. Литийдің негізгі тұтынушыларының бірі Қытай және басқа да Азия нарықтары өңірге жақын орналасқан. Әкімдік осы мүмкіндіктерді пайдалану үшін кен орындарын барлау және өндіру жобаларына инвесторларды тартуы керек»,  деді Әлихан Смайылов.

Ол өңірде жаңартылатын энергия көз­дерінің бірі болып табылатын гидроэнергетика саласының жақсы дамығанын атап өтті. Осы ретте биыл 1 шілдеден бастап гидроэлектростансалардан электр энергия­сын сатып алу үшін шекті аукциондық бағалар айтарлықтай ұлғайтылды.

Премьер-министр атап өткендей, Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін қомақты қаржы бөледі. Тек Шығыс Қазақстан об­лы­­сы­ның шаруаларына биылғы бюд­жет­тен 43 млрд теңге бөлінді, оның 26 млрд теңгесі субсидиялар. Атап айт­қан­да, кәсіп­керлермен бірге Көкөніс қойма­ларын салу және жаңғырту жөніндегі кешен­ді жоспарды іске асыру жұмыстарын күшейту қажет.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірдегі гидротехникалық құрылыстар мәселесіне де тоқталды. ШҚО-да республикадағы су қоймаларының 40%-ы орналасқан және 85 мың гектар суармалы жер бар. Алайда ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ететін Өден, Қандысу және Орта-Теректі су қоймаларының техникалық жай-күйі алаңдатады.

Жиын барысында Премьер-министр облыстың қолайлы географиялық орналасуы көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Мәселен, қазірдің өзінде ұзындығы 768 шақырым «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және ұзындығы 415 шақырым «Майқапшағай – Қалбатау» автожолдарын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Туризмді дамыту мәселесіне тоқтала келе, Әлихан Смайылов әлемдік деңгейдегі көрікті жер – Катонқарағай ұлттық табиғи паркі туралы айтты.

Көлік қатынасын қолжетімді етуде де проблемалар бар. Атап айтқанда, «Өскемен – Рахман қайнары» автожолын жаңғыртуды аяқтау қажет. Сонымен қатар туристер ағынын арттыру үшін ұзындығы 1 013 шақырым «Өскемен – Алматы» күре жолын жөндеуді аяқтау керек.

Қорытындылай келе, Премьер-министр ұзаққа созылған бірқатар жобаны жүзеге асыруды жеделдету қажеттігін атап өтті. Олардың қатарында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығын іске қосу және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы да бар.