Қазақстан • 09 Қазан, 2023

Израильдегі отандастарымыздың жағдайы қалай?

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Смадияров брифинг барысында айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Израильдегі отандастарымыздың жағдайы қалай?

7 қазанда Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты министрлікте жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кіріскен.

Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін шұғыл байланыс желісі ашылды.

Екі күн ішінде отандастарымыздың 500-ден астам қоңыраулары мен сұрауларына жауап берілген. Бүгінгі таңда Қазақстанның Израильдегі елшіліктің консулдық есебіне 77 азамат тіркелген (Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда). Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 5 студент оқиды, сондай-ақ 30-ға жуық отандастарымыз жергілікті түрлі медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өтіп (барлығы 112 адам) жатыр.

Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен өзара жедел іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде арнайы чат құрды. Қазіргі уақытта оған Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық Қазақстан азаматы қосылған. Аталған чатта отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы хабарлап, дипломаттармен тікелей байланыс орнатты, ал дипломаттар өз кезегінде азаматтарымызға әртүрлі мәселелер бойынша кеңес беріп, тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Израильдегі барлық Қазақстан азаматтары сабырлық сақтап, дипломаттарға қажетті ақпаратты ұсынуға барынша жәрдемдесіп жатыр және жергілікті билік органдарының барлық талаптары мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап отыр.

Айта кетсек, Израильде қаза болған, зардап шеккен және кепілге алынған Қазақстан азаматтары туралы ақпарат келіп түспеген.

Кейбір авиарейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушылардың Израильге рейстерді орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан Елшілігі «Эйр Астана» әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды одан әрі қауіпсіз жерге шығаруды ұйымдастыру бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азаматымыз ниет білдірген. Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы Халықаралық әуежай өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр.

Осы ретте, бір-екі күн ішінде Үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін арнайы репатриациялық рейсті ұйымдастыру мәселесі де күн тәртібіне алынды.

Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінің болжамы бойынша Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар