Бастама аясында 7 аудандық аурухана 18 мобильді ультрадыбыстық жүйеге ие болды. Сонымен қатар Алматы және Жетісу облыстарының 30 дәрігері инновациялық жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп, жаттықты. Аталған жобаның мақсаты – шалғай аймақтардағы пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Бастаманы жүзеге асыру үшін мобильді қосымшаның негізінде жұмыс істейтін және планшетке, смартфонға қосылған датчиктер жиынтығы – портативті ультрадыбысты жүйе таңдалды. Инновациялық шешім стационарлық ультрадыбыстық жабдықты пайдалану мүмкін болмаған клиникалық жағдайларда пациенттердің жағдайын жедел ультрадыбысты бағалау үшін арнайы әзірленген. Қазақстандағы «Philips Healthcare» Денсаулық сақтау жобаларының жетекшісі Жанетдин Шутанов, ең алдымен, бұл емдеу мекемелерінен тыс жерде, яғни оқиға орнындағы қиын жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсетуге қолайлы құрал екенін түсіндіріп өтті.
«Жоба аясында медициналық көмектің сапасын арттыруға дәрігерлердің өздері үлес қосатыны сөзсіз. Бүгін мұнда анестезиолог-реаниматологтер, кардиологтер, терапевттер, неврологтер, акушерлер, гинекологтер және хирургтер жиналды. Жедел жәрдем дәрігерлері үшін портативті ультрадыбысты құрылғылар әр секунды маңызды болған кезде науқастың жағдайын қай жерде орналасқанына қарамастан 3-5 минут аралығында бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кезекші кардиологтердің күнделікті тәжірибесіне протативті ультрадыбысты енгізу диагностикалық және емдеу үдерісін уақытты үнемдеу арқылы оңтайландыруға мүмкіндік береді. Біздің есептеуіміз бойынша шұғыл жағдайларда кардиологтердің шешім қабылдау уақыты орта есеппен 75 минутқа қысқарады. Бұл шұғыл көмек үшін өте маңызды», деді Ж.Шутанов.
Іс-шара барысында Нидерландтың Орталық Азиядағы елшісі Нико Схермерс онлайн арқылы нидерландтық коммерциялық емес компания мен Қазақстан арасындағы құнды ынтымақтастықтың орнағанына қуанышты екенін жеткізді.
Бүгінде халық саны 1,5 млн-ға жуықтайтын Алматы облысы тұрғындарының 95 пайызы – ауыл тұрғындары. Оларға 398 медициналық нысанда қызмет көрсетіледі. Мұның 340-ы – мемлекеттік, 58-і – жекеменшік нысан. Осылардың барлығында 10 мыңнан аса мейірбике, 3 мыңнан аса дәрігер жұмыс істейді.
«Денсаулық сақтау жүйесі ковидтен кейінгі кезеңнен соң медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін өз тәжірибесіне жаңа стандарттар мен технологияларды енгізіп жатыр. Протативті жабдық шұғыл жағдайларда пациенттерді емдеуді жаңа деңгейге шығаратынына, медициналық мекемелердің мүмкіндігін кеңейтетініне және өңірдің аудандық елді мекендерінің 300 мыңға жуық тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсететініне сенімдімін. Бүгін Талғар ауданына және шалғайдағы Райымбек пен Кеген аудандарына 9 жүйе берілді. Науқастарға тегін қызмет көрсетіледі. Тиімділігі артып жатса, көбейтуге тапсырыс береміз», деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева.
«Протативті ультрадыбысты жүйелердің көмегімен Алматы және Жетісу облыстарының дәрігерлері әрбір диагнозға сенімді болу үшін визуализация жүргізе алады. Ал уақтылы диагноз қою – тиімді емдеудің кепілі», деді «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова.
Құрылғанына 21 жыл болған бұл қор белсенді әрі үздіксіз қызмет барысында республикалық маңызы бар 10-нан аса бірегей бағдарламаны әзірлеп, іске қосқанын айту артық етпес.
Алматы облысы