Экономика • 25 Қазан, 2023

8 миллиардтан 85 миллиардқа дейін

176 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеңес одағының шаңырағы гүрс етіп қақ ортаға түскен бетте-ақ күллі эко­но­микамыздың жон арқасынан басып қалды. Дербес экономика құру, валюта шығару, өнім өндіру, тауар сатып алу, тауар сату, әлеуметтік ахуалды түзеу дейтін түйткілдер тізбектеліп, бірінің артынан бірі шыға берді. Қаптаған шаруаның қайсысынан бастарыңды білмей, қара­дай шаршайтын кез. Осы құрылымда экспорт­­тың орны ерек еді. Ел болған соң өз қазаныңда қайнай бермей, сыртқа өнім саудалап, табыс тапқаның жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы деуге болатын (өйткені егемендікті 1991 жылдың соңында жарияладық емес пе) 1992 жылы небәрі 1,4 млрд доллардың тауарын экспорттадық. Арада он жыл өткенде – 2001 жылы бұл көрсеткіш 8,6 млрд доллар болды.

8 миллиардтан 85 миллиардқа дейін

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

2012 жылы экспортымыздың түсір­ген пайдасы 86,4 млрд долларға жетіп, арада он жыл өтер-өтпесте 10 есе өсіп шыға келеді. Бұл, әрине, жаңа ғасыр­дың алғашқы онжылдығында тәп-тәуір қымбаттаған мұнайдың әлемдік баға­сы­мен тікелей байланысты. Өйткені мұнай – Қазақ­станның басты экспорттық көзірі. Жылдар бойы осы шикізатты өндіру ауқымын арттырып, оның тікелей және еншілес салаларына шетелдік инвес­­тор­лар­ды белсенді түрде тартып келеміз.

Алайда онжылдық тәмамдалар тұста әлем экономикасында кедір-бұдырлы кезең­дер басталды. 2008 жылғы жаһандық қар­жы дағдарысы 2014-2015 жылдары қай­та айналып соғып, оңалып үлгермеген эко­номиканы одан әрі тұралатып тастады. Күй­ретіп кетті деуге ауыз бармас, бірақ мұндай келеңсіздіктен қайтіп сабақ алуды үйретіп кеткені шындық еді. Сабақ ал­дық па, алмадық па, оны бүгінгі хал-ахуалымызға қарап түсіне жатарсыз. 2012 жылы 86,4 млрд долларға жеткен экс­порт түсімі 2016 жылы небәрі 36,8 млрд доллармен шектелді. Жарайды, шикі­заттық сектордың жайы түсінікті. Әлем­дік нарықта баға қымбаттаса болды, ортайған қазына қайта толады. Бірақ шикізаттық емес сектордың бой түзеп кетуі біршама қиынырақ жүреді. Бұл экс­порттық шарттарды қиындататын өң­деу­ші өнеркәсіп тауарларын өндірудің объек­тивті ерекшеліктеріне (күрделі жет­кізу тізбектері және оларды басқару қиын­дығы, транспорттық шығындарға деген сезімталдық, технология деңгейіне қатыс­ты туындайтын тәуелділік) байланысты.

Қазақстан шикізаттық емес сектор өндірісін дамыта түсуге мүдделілік танытып отырғанымен, бәрібір жалпы құрылымда мұнай, басқа да қазба байлықтар үлесі басым. Алдағы уақытта да олардың басқа өнімдерге орын босата қоюы екіталай. Бірақ шикізатқа байланған экспорттың орнықсыздық тудыратынын 2020 жылы қатты сезіндік. Пандемия жылы экспорт көлемі 47 млрд долларға тепе-тең болды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 84,8 млрд долларға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 40,7 пайыз­ға өсті. Ал импорт көлемі 50 млрд дол­ларға бағаланды. Сөйтіп, пандемияға дейінгі деңгейге жеттік. Қазір еліміз 119 елге өнім экспорттап отыр. Солардың ішін­де Италия (13,8 млрд доллар), Қытай (13,1 млрд доллар), Ресей (8,78 млрд доллар), Нидерланд (5,48 млрд доллар), Түр­кия (4,75 млрд доллар) елдерінің шоқ­тығы биік. Осы бестікке жалпы экс­пор­ты­мыз­дың­ шамамен 45 пайызы тиесілі.

Нақты нені сатамыз дегенде, мұнаймен қатар газ, түсті металл, ферроқорытпа ауызға ілігеді. Олардың ізін ала металл және металл бұйымдары бар. Өзге категорияларда ауыл шаруашылығы, химиялық өнеркәсіп өнімдері, машина және құрылғылар әлеуеті артып келе жатыр. Тоқыма бұйым, құрылыс материалдары, киім-кешек әлі жетекші позицияда емес. Бұл орайда шағын және орта бизнес мәселесін қозғамай кету мүмкін емес. Қазір бұл сектордың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 34-35 пайыз деңгейінде ғана. Бұл, әрине, төмен нәтиже. Келешекте шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың бас­ты драйверіне айналуға тиіс. Ол үшін кәсіпкерлерге қаржылық және қаржылық емес қолдаулар кешенін ұйымдастыру аса маңызды. Таяуда Президенттің өзі экономикаға несие беру мәселесін сөз етіп, екінші деңгейлі банктердің еншісінде жатқан триллиондаған қара­жатты осы мақсатқа бұру туралы ұсыныс білдірген.

Жоғарыда аталған бес мемлекеттен бөлек, Қазақстан былтыр Оңтүстік Корея (4,54 млрд доллар), Өзбекстан (3,69 млрд доллар), Франция (3,07 млрд доллар), Румыния (2,51 млрд доллар), Испания (2,32 млрд доллар) елдеріне тауар экспорттаған.

Әрдайым мұнай бағасы өскен жылы Қазақстан экономикасы да өсім көрсетіп отырады. 1992 жылы еліміз 4,4 млн тонна мұнай сатты. 1993 жылы көрсеткіш 883 мың тоннаға азайып кетті. 1995-2000 жылдар аралығы қайта еңсе тіктеген уақыт – сатылым көлемі 11 млн тоннадан 27,7 млн тоннаға дейін ұлғайды. Мұнайды көп сатқан берекелі жыл деп 2013 жылды айта аламыз – 70,7 млн тонна мұнай экспортқа шығарылды. Одан кейінгі жылдары көрсеткіш күрт төмендеді. 2022 жылы 64,3 млн тонна мұнай сыртқа сатылған. Жалпы, тәуелсіздік жариялаған уақыттан бері отандық мұнай-газ өнеркәсібі саласы 3,5 есе өсіп, ауқымы арта түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 25 млн тонна төңірегінде өндіріс жасасақ, Қазақстанның қазіргі әлеуеті 90 млн тонна (бәлкім, одан да артығырақ) өндіруге жетеді.

Биыл отандық экспорт көлемі әзірге 38 млрд долларға жетіп тұр (қаңтар-маусым қорытындысы). Қазірдің өзінде былтырдың ұқсас кезеңінен 10,3 пайызға артта қалу байқалады. Басты себеп – шет мемлекеттерге шикі мұнай сатылымының 17,4 пайызға қысқаруы. Әдетте топ-10 тауар тізімінен түспейтін катодты мыс және феррохром бұл жолы үздіктер қатарынан тыс қалған. Жұмсақ бидай сұрпы, табиғи газ және өңделмеген күміс көлемі де бұрынғы экспорттық қарқынын жоғалтқан. Оның есесіне осыған дейін қосалқы позиция болып келген мыс рудалары мен концентраттарын жөнелту 48,6 пайызға өсіп, 1,5 млрд доллар табыс әкелді. Өндіріс көлемі өскен өнімдер қатарында уран да бар. Айтпақшы, жарты жылда шикізаттық емес тауарлар экс­портының 7,6 пайызға өсіп, 5,9 млрд дол­лар­ға жеткенін де айта кетейік.

«Экспорт өсімі тауарлық позиция санын кеңейту есебінен болды. Бірінші тоқ­санда экспортқа шығарылатын номен­клатура 767 тауарлық позицияға өсті. Экс­порт географиясы да кеңейіп жатыр. Биыл 106 елге шикізаттық емес экспорт жасалды, 2022 жылмен салыстырғанда 6 ел қосылды», дейді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Қазақстан тауарлардың шикізаттық емес түрлерін негізінен Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жа­пония, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан елдеріне сатып отыр.

Біраздан бері экспорттаушыларды қолдауға байланысты нақты тетіктер пай­да болды. Қаржылық және қаржылы емес қолдау шаралары QazTrade және KazakhExport компаниялары арқылы іске асады. Министрлік мәліметі бойын­ша, соңғы үш жылда 650 белсенді экспорттаушы сыртқы нарыққа шықты, олар­дың 80 пайызы – ШОБ өкілдері. Экс­порттаушыларды халықаралық маркет­плейстерге шығару, сауда миссияларына­ қосу және экспорттық шығындарды өтеу белсенді жүргізіліп жатыр. Еліміз өткен жылы экспорттаушылардың 8,8 млрд теңге шығынын өтеп берген. Осы­ның­ нәтижесінде 260 млн долларға 38 экспорттық келісімшарт құрылды. Жыл басынан бері Вьетнам (Ханой), Әзе­р­байжан (Баку), Иран (Тегеран), Қытай (Сиянь) және Өзбекстан (Ташкент) ел­де­рінде 5 сауда-экономикалық миссия ұйым­дас­тырылды. Шаралар жеміссіз емес: 300 млн доллардан артық сомаға экспорттық мә­­мі­ле жасалып, 300-ден аса келіссөз жүр­гізілді.

Үлкен ауқымдағы экспорттық әлеует мәселесіне қайта оралар болсақ, онда географиялық орналасу тиімділігін тілге тиек етеміз және бұл ретте Қытай тақырыбын айналып өтпейміз. Мемлекет басшысы жақында жасаған ресми сапары аясында Қазақстан мен Қытай арасында 16,54 млрд долларға келісім жасалды. Соның басым бөлігі «ҚазМұнайГаз» келісімдеріне тиесілі, оның ішінде Sinopec компаниясымен келісілген полиэтилен шығаратын зауыт құрылысын баса айтуға болады. Құны 7,7 млрд доллар болатын зауыт Теңіз кен орнына таяу маңдағы Қаратабан арнайы экономикалық аймағында салынбақ. Жылдық өндіріс көлемі – 1 млн 250 мың тонна полиэтилен. Бұл болашақта экспорттық әлеуетімізді арттыра түсуге үлкен әсерін тигізеді дейді сарапшылар.

2000 жылдардың бас кезіндегі 8 млрд доллардан 2022 жылғы 85 млрд доллар экспорттық табысқа дейін 20 жылдан аса уақыт жүріп жеттік. Экспорттық өнім себеті мен маршруттарын әртараптандыру орта деңгейде жүргізілді және негізінен шикізаттық экспортқа арқа сүйейтін позициямыздан айни қойған жоқпыз. Еліміз соңғы бірер жылдағы геосаяси түйткілдерден тиісті сабақ алып, қорытынды шығаруға тиіс. Алдағы онжылдықтың қаншалықты экспорттық бағыттарды кеңейтуге күш салатын және өндірістік экономикаға айналу міндетіне адал қарайтын кезең боларын бақылаймыз.