Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың қыркүйек айындағы Германияға сапары аясында Қазақстанның оңтүстігінде мал шаруашылығы саласының қызметкерлерін оқыту жөніндегі сүт орталығын құру туралы үшжақты шартқа қол қойылды.
Жобаны GFA Consulting Group GmbH (Германия), Қазақ агротехникалық университеті және «Байсерке Агро» ғылыми-өндірістік орталығы (Қазақстан) іске асыруды бастап кетті.
KFM бағдарламасының бірінші кезеңі барысында Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының 16 қанатқақты шаруашылығының төрт жүзден астам мамандары оқытылып, практикалық жұмыс нәтижесінде сиырлардың өнімділігін арттыруға, жемге талдау жүргізуге, фермадағы жұмыс хаттамасын жасауға және сақтауға бағытталған бірқатар шара игерілген.
Ал оңтүстік облыстарда сүт өндірісі саласындағы біліктілікті арттыру жұмыстары Алматы қаласының маңында орналасқан «Байсерке Агро» оқу ғылыми-өндірістік орталығының базасында жүргізіледі. Осыған орай, оқыту орталығының ашылу салтанаты өтті. Шараға қатысушылар орталықтың аймақтағы сүт өндірісін дамытуға айрықша ықпал ететіндігін атады.
Агрохолдинг оқуға қатысушыларды 30 орындық дайын жатақханасы бар инфрақұрылым, асхана, теориядан өту үшін оқу сыныптары, практикалық дағдыларды алу үшін сауудың заманауи түрлері бар сүт-тауар фермасымен қамтамасыз етеді.
Орталықтың жұмысы KFM бағдарламасының жетекшісі Уве Веддигенің жетекшілігімен жүзеге асырылады. Орталықтың әлеуетті контингенті – аграрлық университеттердің түлектері мен студенттері, сондай-ақ шаруа қожалықтарының мамандары. Оқыту – кадр тапшылығын қысқартуға, жаңа және жұмыс істеп тұрған сүт фермаларында персоналдың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ сүт өндірісінде жұмыс істеуге жастарды тартуға ықпал етпек.
Сүт өндірісі саласында практикалық дағдыларды игеру, шаруа қожалықтарының рентабельділігін арттырумен қатар, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізу үшін сүт сапасын жақсартуды мақсат еткен жобаның жүзеге асуы мемлекеттің сүт импортына тәуелділігін 39 пайыздан 11 пайызға дейін төмендетеді деген сенімде.
Оқу орталығында жекелеген сүт фермаларының (қанатқақты) техникалық және басқару персоналының, сондай-ақ жергілікті консультациялық қызмет көрсетушілер мен мамандандырылған мекемелердің біліктілігін арттыру жоспарлануда. Қанатқақты ферма қызметкерлері ұзақмерзімді перспективада сүт өндірісін ұлғайту мақсатында заманауи, тұрақты және жануарлардың әл-ауқатына, өндірістік жүйелерге бағытталған инвестицияларды жоспарлау және іске асыру бойынша кеңестер ала алады. Соған сәйкес мамандандырылған семинарлар, практикалық курстар, тағылымдамалар мен тренингтер ұйымдастырылатын болады.
Алматы облысы