Аймақтар • 05 Қараша, 2023

Агропарк 10,2 пайызға жаңартылды

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында тозығы жеткен техникаларды жыл сайын 8-10 пайызға жаңартып отыру қажеттігін тапсырды.

Агропарк 10,2 пайызға жаңартылды

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруа­шылық иелері өзара бірігуі қажет. осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін өңірлерде жұмыс ширай түсті.

Жамбыл облысында «Ауыл­ аманаты» жобасы аясын­да­ жа­ңа­­дан құрылған ауыл шаруа­шы­­­лығы кооперативтеріне су жаңа техникалар табысталды. Байзақ ауданындағы «BNK GROUP» ЖШС алқабында ұйым­дастырылған іс-шараға облыс басшысының орынбасары Қанат­бек Мәдібек қатысып, өңір­дегі 10 ауданнан келген 15 кооператив төрағасына 55 дана түрлі ауыл шаруашылығы техни­касын сал­танатты жағдайда табыс­тап, жұ­мыстарына табыс тіледі.

«Салада атқарылып жат­қан­ жұмыс аз емес. «Ауыл ама­наты» жобасы аясында биыл өңірімізге 24 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 33 ауыл шаруа­шылығы кооперативі құрылды. Кооперативтерге ауыл­­ шаруа­шылығы техникасын­ алуға жергілікті бюджеттен 1 мил­лиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 2,3 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ.

Бұл, әрине, құптарлық қадам екені түсінікті. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ауыл шаруашылығы техникалары паркін 10 пайызға жаңарту тапсырмасын орындауға мол мүмкіндік туып отыр. Шаруаларға табысталып жатқан жаңа тракторлар – соның бір көрінісі.

Алынған техникалардың жалпы құны 803 миллион теңгені құ­рап отыр. Оның белгілі бір бөлігі мем­лекет тарапынан субсидияланатынын да айта кеткен жөн. Біз атқарылған іспен шектелмей, тұрғындардың табысын арттыру үшін жоба аясында өндіріс орындарын құруымыз қажет. Қазіргі кезде сол бағытта жұмыстанып жатырмыз. Әрине, қолға алынған жобалардың көп күттірмей нәтиже беретіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде 2025 жылға дейін ауыл халқының табысы мен өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, агрокешенді дамытуға оң әсер ететіні даусыз.

Өңірімізде агроқұрылымдарға қызмет көрсететін сервис орта­лығы ашылып отыр. Алдағы уақытта жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істеп, саланың дамуына үлес қосады деген сенім зор. Өйткені өзара бірлесе жұмыс істегенде ғана атқарылған жұмыс нәтижелі болады», дейді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

Іс-шара барысында әр ауданнан келген кооператив төраға­лары «Ловол», «Зумилион», «Юто», «МТЗ Беларус» маркалы су жаңа тракторларға ие болды. Дерек­тер­ге сенсек, коопе­ра­тивтерге­ берілген тех­­­ни­ка­ның жалпы құны­ның 50 пайызы мемлекет тара­пынан субси­дия­­ланады екен. Бұл, әрине, олар үшін өте тиімді.

«Жалпы алғанда облыс бо­йынша агропаркті жаңартуға айрықша ден қойып отырмыз. Жоспарға сәйкес 15 пайызға жаңартып, 1 885 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көзделген. Бүгінгі таңда барлығы 1 283 техника сатып алынды. Агропарк 10,2 пайызға жаңарды», дейді Қ. Мәдібек.

 

Жамбыл облысы