Театр • 13 Қараша, 2023

Театр Түрікменстанға аттанбақ

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры Ашғабад қаласында өтетін «Бақыт дәуіріндегі театр өнері» фестиваліне қатысады. Жетісулықтар – рухани додаға ел ішінде жолдама алған тұңғыш өнер ұжымы.

Театр Түрікменстанға аттанбақ

Қараша айының ортасында өтетін өнер бәйгесін Түрікменстанның Мәде­ниет министрлігі мен ТҮРКСОЙ Ха­лықаралық ұйымы бірлесіп ұйым­дастырып отыр. Ондағы мақсат ұлттық театр өнерін дамыту және театрлардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру екенін алға тартуда. Сондай-ақ түркі халықтарының басын бір шаңырақ астына қосып, мәдениет үндестігін насихаттау. Неге десеңіз, театр әртістері өзара шығармашылық байланыста болып, ел мен жердің мә­дени өміріне бойлауы маңызды. Осы­лайша, әлемдік сахнаға жол ашылмақ.

Аталған фестивальдың басты та­лап­тарының бірі қатысушы театрлардан ұсынылған қойылым классикалық немесе ұлттық шығармадан болуға тиіс. Өңірлік театр қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы Мұхтар Әуе­зовтің «Қорғансыздың күні» шығар­масының желісімен сахналанған қойы­лымды ұсынып, қазақ елінің намысын қор­ғайды. Спектакльдің қоюшы-ре­жиссері – Фархад Молдағали.

«Қорғансыздың күні» шығармасы Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдардың бірі. Спектакльде автор байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-те­реңінен қопарып әкеліп, қорғансыз жан­дардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түр­шігерлік азап пен ауыртпалықты аса шын­шыл­дықпен әсерлі баяндайды.

Халықаралық фестивальға Татар­стан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тә­жік­стан, Түрікменстан мемлекеттерінен театр ұжымдары қатысады. Айта кету керек, Бикен Римова атындағы Тал­ды­қорған драма театры – елімізден алғаш рет қатысатын облыс­тық театр.

 

Жетісу облысы